Партияішілік праймериз «Ашық алаңда» талқыланды
Партияішілік праймериз «Ашық алаңда» талқыланды
221
оқылды
– Партияның қайта жаң­ғыру жөнінде кешенді бағ­дар­­ламасының қабылдан­ға­­ны­­на бір жыл болды. Пар­­тия­ішілік прай­меризді Ел­ба­сы­ның тапсырмасы ая­сын­да атқарылып жатқан жұмыс­тар­дың түйіні деп айтсақ та болады. Бү­гін­де праймериздің мақсат-міндеттері жөнінде барлық ақпарат құралдарынан жан-жақты айтылып жатыр. Тіркеу жұмыстары басталардан 1-2 күн бұрын Елбасы үндеу жа­сады. Күні кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те телеарнаға берген сұхбатында да праймериз жөнінде бірқатар ақпаратты айтты. Басқа да пар­тия қатарында жүрген азаматтар да праймериздің мақсат-мін­деттерін халыққа кеңінен түсін­діруде. Ал праймериз өткізудегі негізгі мақсат – алдымызда ке­ле жатқан Мәжіліс және мәс­­­лихат депутаттарының сай­лауына партия тізіміне енетін тұл­ғалардың бәсекеге қабілетті, халыққа сөзін өткізе алатын, атқарушы билікпен жұмыс істеп, оларға ұсыныстарын енгізуге қауқарлы, ұсыныстардың іске асуын қадағалайтын, сол арқылы өзінің миссиясын орындайтын лайықты тұлғалардың құрамын қалыптастыру, – деді Арман Қырықбаев. Партия хатшысы сонымен қатар праймериздің негізгі та­лап­тарына да қысқаша тоқталып өтті. – Праймеризге қатысу үшін кез келген азамат партия­ның мүшесі болуы керек. Тір­кел­мей қалған 200-ге жуық аза­маттардың 35 пайызынан астамы партияның құрамына түрлі себеппен өте алмай қал­ғандар. Партиялық тізімде әйел азаматтардың үлес салмағы 30 пайыздан, ал жастардың үлесі 20 пайыздан төмен болмауы керек деген талап бар. Бұл рет­те біздің талабымыз еселеп орын­далды. Бүгінгі таңда тіркелген азаматтардың 37 пайызы әйел­дер, 35-ке жасы толмаған жастардың үлесі 30 пайызды құрады, – деп атап өтті ол. Өз кезегінде саясаттанушы Бауыржан Серікбаев кей өңір­лерде белсенді жастарды халық өздері ұсынып жатқанын айтты. – Қазіргі кезде біз аймақ­тарды аралап жүрміз. Сол кез­де байқағаным, халықтың тарапынан, әсіресе жастардың праймеризге қатыссам деген құлшынысы өте зор. Бұл бізді қуантты. Праймериз жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Сон­дықтан жастар осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалану керек деп есептеймін. Жалпы, Парла­ментке Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік жағдайын түсінетін, халықтың жағдайын білетін, өмірлік тәжірибесі, харизмасы, таланты бар кез келген азамат өзін ұсынуға құқылы. Ал оның қаншалықты білімді, тәжірибелі екенін, қаншалықты халықты өзіне тарта алатынын саяси бәсеке анықтайды. Мен прай­ме­ризге қатыспадым, бірақ сая­саттанушы ретінде елімізде бірінші рет өтіп жатқан науқан­ның ашық әрі әділ өтуіне ба­қылаушы ретінде өз үлесімді қосуға ниеттеніп отырмын, – деді Б.Серікбаев. Эфир барысында сайлау күні дауыс ұрланған болса, науқанның талабын бұзған адамдарды жауапқа тарта аламыз ба деген сауал қойылды. Оған партия хатшысы жауап берді. – Нақты шара қолданылады. Бірінші кезекте дауыстың ұрланғаны дәлелденуі керек. Егер нақты факті болса не­месе соған мүдделі азамат ша­ғымданатын болса, міндетті түрде партия тарапынан партия­ның бақылаушы органы іске кіріседі. Сол заңбұзушылықты, партияның ішкі құжатының бұзылуына жол берген жауапты қызметтегі адам партия тара­пынан жауапқа тартылады. Қажет болған жағдайда партия қатарынан шығарылады, – деді Арман Қырықбаев. Аталған науқан кезінде ба­қылаушы ретінде бірнеше өңірді аралаған Мәжіліс депу­таты Берік Оспанов та халықтың праймеризге деген көзқарасы түзу екенін айтты. – Праймеризге кез келген аза­маттың қатысуға мүм­кін­дігі бар. Ешкімге шектеу қойыл­майды. Праймериздің ең үл­кен пайдасы, қазіргі таңда әр ауданда нақты даму бағдар­л­а­малары құрылады деп ойлай­мын. Себебі праймериз ар­қылы іріктелген депутаттар өз­дері­нің ұсыныстарын даму бағдар­ла­маларына енгізеді. Ол тұрақты түрде бақылауда болады, – дейді Мәжіліс депутаты. Эфирдің қонағы PhD доктор, блогер Бибігүл Нұрашева да елі­мізде тұңғыш рет өткелі отыр­ған праймеризге қатысты өзінің бір­қатар ұсыныс-пікірін білдірді. – Праймериз арқылы қо­ғамда өзінің рөлін тапқан, ха­лықтың жағдайын түсінетін, сонымен қатар проактивті пози­циясы бар азаматтар басшы­лыққа келсе орынды болар еді. Себебі қазіргі кезде халықпен жұмыс істей алатын депутаттар аз. Сондықтан басшылыққа заң­ды түсіне алатын, заң шығарушы функцияларын атқара алатын азаматтар келуі керек деп есеп­теймін, – деді ол. «Ашық алаңда» қойылған «ауылдағы қарапайым адамға праймериз қаншалықты жол ашады?» деген сұраққа партия хатшысы Арман Қырықбаев толықтай жауап берді. – Елдің алдында суырылып сөйлеп жүрген азаматтардың басым көпшілігі ауылдан шық­қан. Сондықтан ауылдан қандай білікті азаматтар шығады деп күмәнданып қараудың еш жөні жоқ. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ол жерден елімізге белгілі небір талантты азаматтарымыз шыққан. Бұл бұрын да болған, бүгін де болады, келешекте де жал­ғасын таба береді. Біз еш­­кімді бөле жармаймыз. Кез кел­ген азаматтың праймеризге қа­­тысуға толық қақысы бар. Еш­қан­дай шектеу де қойылмайды, – деді партия хатшысы. Тікелей эфирде саясат­танушы Бауыржан Серікбаев бәсеке шын мықтыны анық­тайтынын тілге тиек етсе, де­путат Берік Оспанов әр қа­тысушы праймериз ке­зінде өз бағдарламасымен таныс­ты­ратынын, сол кезде оның ептілігі, білім деңгейі көрінетінін жеткізді. Ал өз кезегінде партия хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге қатысушылардың өздеріне де, өзге қатысушыларға да дауыс бере алатынын айтты. – Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі кезде бір мандатқа 18 адам таласуда. Яғни, елі­міздегі ең жоғарғы бәсеке елор­дада болып жатыр. Тізімдегі 100 адамның бәріне де дауыс беруге болады. Болмаса ішінен таңдап бір-екеуіне дауыс бере де ала­сыз. Соңында барлығының нәтижелері бір жерге тоғыс­ты­рылған кезде көп дауыс жина­ған азаматтардың рейтингі шығады. Көп дауыс жинаған қатысушылар автоматты түрде Мәжіліске үміткер болады. Одан кейінгі орында болған адамдар облыстық мәслихаттағы орынға үміткер саналады, – деді партия хатшысы. Ол сонымен қатар бақы­­лаушыны кез келген прай­меризге қатысушы алып келе ала­тынын, бірақ оның міндетті түрде партия мүшесі болуы керек екенін, сенімді өкіліне де дәл сондай талап қойылатынын қоса жеткізді. – Үгіт-насихат кезінде қа­зіргі таңда адамзат баласының қолы жететін кез келген ақ­парат құралын қолдануға қа­қысы бар. Үміткерлермен кездесу барысында әлеуметтік желінің барлық түрін кеңінен пайдалануға болады. Біз прай­меризге қатысушыларға маңызды 3 құжатты ортаға салып отырмыз. Біріншісі, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде 140-қа жуық бастама көтерілген, соларға сүйену. Одан кейін «Nur Otan» партиясының әрбір аудан, өңір, қалаға арнап дайындаған 216 даму бағдарламасын бас­шылыққа алу. Үшіншісі, жер-жерде жастар саясатын дамыту­дың жол картасын дайындап шығардық. Соны да пайдалану. Міне, осы үш құжат бойынша әң­гіме өрбітіп, халықтың алдын­да сенімді сөйлеп, өздерін жақ­сы қырынан көрсеткен қа­тысушылар іріктеуден өтеді деген үміттемін, – деп түйіндеді өз сөзін Арман Қырықбаев. Естеріңізге сала кетейік, прай­меризге қатысуға 11 мыңға жуық адам үміткер ретінде тір­келген. Олардың орташа жасы – 43 жас. Праймеризге қатысуға тір­келген кандидаттардың 34%-ы – әйелдер. Канди­дат­тардың үштен бірі – 35 жасқа дейінгі жастар. Кандидаттардың 72%-ы – өзін-өзі ұсынушылар. «Nur Otan» праймеризінің екінші кезеңі басталады. 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді.  

Әбілмансұр ЖАСАН