Қатысушылар пікірсайыс аясында жаһандану кезеңінде «Жас қазақстандықтың бойынан табылуы тиіс қасиеттер», «Жастар арасындағы тәлім-тәрбиенің төмендеу себептері», «Ұлттық киімдерді трендке айналдыру жолдары» және «Ру-топтарға бөліну дұрыс емес» сынды тақырыптарды талқылады.
Пікірталас турнирінің басты мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық потенциалын жүзеге асыруға бағытталған сындарлы пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, ел жастарының белсенділігін арттыру.
Іс-шараға Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жеңімпаздарға сертификат пен кубокты табыстады. Ал Jas Otan Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Намаз жастарды әлемде, елімізде болып жатқан өзгерістерден құр қалмау үшін біліммен қарулануға, қоғамның өзекті проблемаларына қатысты өз пікірін еркін білдіруге шақырды.
– Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлеу, бейнелі де бедерлі сөйлеу – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қабілет. Білімді ақылмен ұштастыра білетін жастар бүгінгі заманда керек-ақ. Өңірімізде де орынды жерде ойын жеткізе білетін, тыңдаушыны иландырып, көркемсөзді келістіре айта алатын жастар жоқ емес. Осындай жастарды анықтап, облысымыздағы пікірталас қозғалысына дем беруде, ораторлық өнерін дамытып, шешендік шеберлігін шыңдауда Jas Otan Жастар қанатының қосқан үлесі зор. Бүгінгі өткізіліп отырған шара да сондай игі істердің бірі. Пікірсайысқа қатысушы барша жастарға алғысымды білдіремін, – деді жастар төрайымы.
«Тайбурыл» тобының мүшесі Әлішер Мұратбаев сайысқа қатысқан әр топ бұлтартпас дәлелдері мен тапқыр шешендік қырларымен таңғалдырғанын жасырмады. Өз кезегінде мұндай пікірсайыстардың өтуі жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайтынын ерекше атап өтті.
Сайыс қорытындысына сай, жеңімпаздарға кубок пен сертификат табысталды. Пікірсайысты жеңген топ жыл сайын өтетін Nur Otan партиясының республикалық ауыспалы кубогы сайысына жолдама алды.