Ол болашағынан үлкен үміт күтеді...
Ол болашағынан үлкен үміт күтеді...
483
оқылды
Шымкент қаласының тұрғыны Мадина Тайжанова – көпбалалы ана. 1 ұл, 3 қызы бар. Алайда тағдырдың жазуымен оның 3-еуі бала күнінен мүгедек екен. Осылай деген Мадина көмейіне тығылған жасты білдіргісі келмей, бойын тез жинап алды. «Өмірде жақсы адамдар көп екен. Мемлекеттен де, айналамдағы адамдардан да көп жақсылық көрдім. Алла оларға разы болсын!» дейді бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге грант алып, бизнесін бастаған келіншек.

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының Шымкент қаласындағы филиалында биз­­нестің негіздерін оқып, сер­ти­фикатқа қол жеткізген Мади­­наның жұбайы Талғат Сералыұлы кондитерлік өнімдер пісіріп, сату бойынша бизнес жоба ұсынып, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Оған кондитерлік өнімдерге қажетті құрылғылар, форма және жуырда ғана ашқан дүкеніне мұздатқыш, газ плита мен қысқа толқынды пеш, электр шәйнегін сатып алыпты.

Отағасы әскери бөлімшеде әскери қызметкер, өзі қалалық әкімдіктің жер комитетінде сәулетші болып жұмыс істеген жас отбасының басына түс­кен ауыртпашылық, яғни перзент­терінің күтімді қажет етуінің салдарынан, екеуі де тұрақты жалақысы бар жұмыстан қол үзіп қалған. «Бір күн де үйде бос отырған емеспін. Өмірге бала әкеле салысымен бесік тер­бетіп жүріп, тандырға нан жауып саттым. Жолдасым самса, пирожки, пигоди пісіріп береді. Мен оны айналамыздағы мекемелерге апарып беретінмін. Жақын күндерге дейін осы кә­сіпті нәсіп еттік. Тіпті, үл­кен кө­шенің қиылысында кө­же са­тып, ақша тауып балалардың еміне, киі­міне жұмсап, пәтерақы­мыз­ды төлеп жүрдік» дейді көпба­лалы ана бізбен әңгімесінде. Қазір үйіне жақын маңдағы аялдаманың жанына кішігірім дүкен салып алыпты. Шым­кент қалалық әкімдігінің, Абай аудандық әкімдігінің басшы­лығына, тиісті сала басшылары мен мамандарына шексіз риза­лығын білдірді: «Әкімшілік қызметкерлері менің кәсіп аша­мын деген ниетіме риза болды. Дүкен салуға деген әре­кетімді қолдап, барлығы да қол ұшын созды» дейді ол. Бір қарыс жері алтынға пара-пар, сонымен бірге қаланың қақ ортасындағы аялдаманың жанынан бір тиынсыз жер алу дегеніміз – үлкен жетістік. Жерді тегін алып қана қоймай, жомарт жандардың арқасында осы дүкенді тұрғызып алады. Ал іргетасы мемлекеттен адам басына 21 мың теңгеден бөлінген әлеуметтік көмек ақ­шаның арқасында қаланған. Ал аядай ғана дүкенге қажетті заттар жоғарыда атап өткен қайтарымсыз грантпен алынды. Осылайша, бұл отбасыға келген биылғы жақсы жаңалықтар жылдар бойғы адал еңбектің қайтарымы болса керек.

«Шүкір, дүкенді ашқан 6 күннің ішінде табыс жаман емес. Түнгі сағат 23.00-ге дейін жұ­мыс істеймін. Жақын маңда «Қажымұқан» атындағы орталық стадион, басқа да түрлі спорт мектептері мен мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы және автокөлік жуу орталығы бар. Менің негізгі клиенттерім – оқушылар. Басқа дүкендерден «арзан екен» деп балалар келіп тұрады. Соған мәзбін. Жолдасым түрлі кондитерлік өнімдер пісіріп, жеткізіп тұрады. Одан бөлек, рұқсат етілген акциздік тауарлар сатамын» дейді Мадина. Балаларының үлкені мектепке барса, екеуін мұғалімдер үйге келіп оқытады екен. Осыдан 5 жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Қазір 2 499-ы кезекте тұр. Бұйыр­са, 1-2 жылда баспаналы болып қалармыз деген үмітте.

Біз де болашағынан үлкен үміт күтіп отырған отбасыға сәт­тілік тілеп қайттық.

 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы