Біздің елімізді ғана емес, жалпы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған нашақорлық дерті жер бетін жайлап келеді. Есірткі саудасымен қалталарын қалыңдатып отырған қылмыстық топтар жыл сайын 500-700 миллиард доллар пайда түсіреді.
Есірткі саудасы жекелеген адамдардың пайдасына жүргізілгендіктен, маңызы жағынан әлемдік мұнай саудасынан еш кем емес деуге негіз бар. Тарихты ақтарсақ, есірткі саудасы ашық түрде әрі алпауыт мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде жүргізілген, қазіргі таңда бұл астыртын жүргізілетін саудаға айналған. Мәселен, Ұлыбритания ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі ектіріп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырды. Отар елдерді қанаған Англияның бұл әрекеті Қытайдағы атақты «Апиын соғыстарын» туғызған болатын.
Дегенмен бүгінгі күні бұл «көлеңкеге» өткен есірткі саудасында Ауғанстан алғашқы орында тұр. Сарапшылардың айтуынша, ауған елінде өндірілген героин үлесі 92 процентті құрайды. Олар героин өндірісінде қолданылатын шикізат апиын өндірісін ұлғайтуды да жалғастыруда. 2001 жылы Америка Құрама Штаттары Ауғанстандағы «Талибан» террористік ұйымын жоямыз деп басып кірген болатын. Және әлемді сол уақытта Ауғанстанда есірткіге қарсы компания жүргіземіз деп сендірді. Айтып-айтпай не керек, бұл Америка Құрама Штаттарының негізгі ішкі саяси миссиясы болса керек. Өйткені дәл сол кезде бірнеше уақыт азайған наркотрафик, бір-екі жыл өткенде қайта қарқын ала бастады. 2017 жылы ресми және бейресми деректерде Америка Құрама Штаттарының ауған апиынына қарсы күресінен кейінгі 16 жыл ішінде есірткі өндірісі мен айналым деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда, 40 есеге өсіп кеткені айтыла бастады.
Бұл туралы: «Есірткі саудасы терроризм, экстремизм және діни радикализмнің кең қанат жаюына мүмкіндік беріп отыр. Өйткені Ауғанстан жерінде есірткіні өндіріп, экспорттаушылар көбіне террористік және экстремистік ұйымдардың өкілдері болуда. Сондай-ақ әлемдік ірі есірткі саудалаушылары есірткінің төлемі ретінде кей кездері Орталық Азияға қару-жарақ жөнелтіп отырады. Сондықтан бұл топтар Ауғанстан жерінде тұрақсыздықтың болуына тікелей мүдделік танытып отыр дей аламыз», – дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшылары.
Айтар болсақ, Ауғанстаннан әлемнің түкпір-түкпіріне таралғанға дейін есірткі заттары көптеген елдердің шекарасын басып өтеді. Есірткі тасымалының 70 пайызы – автокөлік, 20 пайызы – теміржол, 10 пайызы әуежолдары арқылы жүзеге асырылуда. Транзит елдерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті арнаулы қызметкерлердің көбісі есірткі саудасына көз жұмып қарауда. Өйткені шебер ұйымдастырылған есірткі сауда жүйесі мемлекеттік қызметкерлердің көбісімен сыбайласып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отырғаны белгілі.
Негізінде, Ауғанстан есірткісі әлем елдеріне негізгі үш бағыт бойынша тасымалданады. Оның бірі – солтүстік бағыт. Бұл – Орталық Азия елдері арқылы Ресейге, Ресей арқылы Еуропаға тасымалданатын дәліз. Екіншісі – батыс бағыт. Бұл Иран мен Түркия территориясы арқылы Еуропаға жеткізілетін жол. Бұл бағыттың Кавказға бұрылып, Ресей аумағына өтетін тармағы да бар. Оңтүстік бағыт. Бұл – Пәкістан аумағы арқылы әлемдік мұхитқа шығарылатын жол.
Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерек бойынша, Ауғанстанда еселеп өндіріліп жатқан есірткі салдарынан, Орта Азия, Ресей, Шығыс Еуропада қара базарлар саны көбейіп кеткен. Бұл аталған елдердегі аймақтарда нашақорлар саны да өсе түскен.
БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, дүниежүзінде 200 миллионнан артық нашақор бар екен. Мамандардың пікірінше, әлемдік есірткі нарығы мафияның қолына шамамен 500-700 миллиард доллар пайда түсіреді. Ал нашақорлықтың салдарынан, әлем бойынша жыл сайын 250 мың адам өледі.
Осы жағдайға алаңдап отырған Біріккен Ұлттар Ұйымы ауған есірткісінің Балкан жолы деп аталатын бағытпен, яғни Иран, Түркия арқылы Еуропаға ағылуы да қарқындай түсті, ал ескі «Жібек жолымен», яғни Орта Азия, Ресей арқылы Еуропаға шығатын есірткі жолымен ағылып жатқан есірткі тасымалы болса, соңғы жылдар ішінде көбейіп кетті. Нашақорлар саны соңғы жылдары Орта Азия, Ресей, Албания, Беларуссия, Молдова, Польша, Румыния және Балтық елдерінде белең алды деп мәлімдеме жасады.
Ауғанстандағы есірткі алқабының көлемі соңғы жылдары 200 мың гектардан 328 мың гектарға дейін артқан.
Есірткіні заңсыз экспорттайтын тек Ауғанстан ғана емес, оның балама түрлері елімізге Ресей мен Қытайдан да келіп жатыр. Соның кесірінен, Қазақстанда есірткіге тәуелді 23 мың адам тіркелген. Ал қоғамдық ұйымдар есірткіге еліккендердің саны 120 мыңнан асады деген дерек келтіріп отыр.
Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша, «солтүстік маршрут» деп аталатын Қазақстанның аумағы мен әуежолы бағыты арқылы өтетін ауған героині транзитінің жыл сайынғы көлемі шамамен 50 тоннаны құрайды екен. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері 2016-2018 жылдары заңсыз жолмен Ресей мен Еуропаға және осы Қазақстанда өткізуге тырысқан ауған героинының 400 келісін тәркілеген. Есірткі бизнесіндегі ұйымдасқан 11 қылмыстық топтың қызметі жойылды. Бұл – бір ғана Ішкі істер министрлігінің мәліметі. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті болса, 2018 жылы 14 есірткі сатудың жолын кесіп, бес бірдей халықаралық есірткі тасымалының арнасын ауыздықтаған. Міне, осы кезеңде ауған героинының 76 келісін тәркілеген болатын...
Сонымен бірге бізде Ауғанстан мен Колумбиядағыдай кең көлемдегі көкнәр алқабы болмаса да, елімізді шулатып отырған Шу даласы бар. Елімізде жыл сайын маусым айынан қазан айына дейін ауқымды «Көкнәр» операциясы өтеді. Мақсаты – есірткі қылмыскерлерінің іс-әрекетін тоқтату. Міне, күзгі «орақ» науқанында Қазақстанда тікұшақ көмегімен 23 есірткі алқабы анықталған. Жалпы, Жамбыл облысында да тек қана сегіз айда 2 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Сонымен бірге 18 есірткі затын өткізу, 3-тен аса ірі көлемде есірткіні сақтау фактілері болса, одан бөлек есірткі өсімдіктерінің 38 алқабы жойылған. Полиция қызметкерлері тәркілеген есірткінің жалпы салмағы 6 тоннаға жуық, оның ішінде 5,5 кг астамы – героин. Мысалы, жақында Түркістан облысы полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Сайрам ауданының тұрғынын ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер марихуанаға ұқсас өсімдік тектес есірткі затын тапқан. Одан ары ұсталған күдіктінің үйінен тағы бірнеше полиэтилен пакет пен есірткі орамасы тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, алынған есірткі заты – жалпы салмағы 5 келіден асатын марихуана болып шықты.
Сонымен бірге қылмыстық топтар есірткінің синтетикалық түрлерін саудалауды табыс көзіне айналдырып отыр. Ал әртүрлі химиялық құрамды пайдалану арқылы жасалған жасанды есірткілердің зияны табиғи есірткіге қарағанда, әлдеқайда ауыр екені белгілі. Сондықтан олар түрлі айла-тәсілдерге барады. Олар интернетті де жақсы пайдалануда. Мәселен, Алматы облысының Талғар қаласының пошта бөлімшесінде салмағы 110 грамм болатын 7 экстази салынған пакеті бар 27 жастағы алматылық әйел ұсталды. Сәлемдеме әйелге сонау Нидерланды Корольдігі атынан жіберілген. Сондай-ақ тамыздың соңында Павлодар қаласында тінту кезінде сатушылардың бірінен 667 грамм «жылдамдық» психотропты заты табылған. Есірткі сатушылар тұтынушымен жүздеспей-ақ, сауда жасай бастады. Интернет сайттардың көмегімен олар есірткі сатып, оны келісілген жерге қояды. Тұтынушы мен сатушы бір-бірін көрмейді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларға қарсы тұру үшін интернет кеңістігін үнемі қадағалап отырады. Осы уақытқа дейін олар барлығы есірткі сататын 4 800 сайтты бұғаттап, интернет дүкендердің мекенжайы бар 1 200 граффитиді анықтады.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда есірткі тұтынушылардың басым бөлігі – 15-35 жас аралығындағы жастар. Нашақорлардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 28 жыл. Және де есірткіге тәуелділердің 25 пайызы 13 жасқа дейін қауіпті препараттарға ауыз салған. Сонымен бірге әлемде қылмыстың 90 пайызға жуығы осы нашақорлық негізінде орын алуда. Есті алған есірткіні заңсыз тарату бизнесі әлемді дүрліктіруде. Олай болса, бұл қылмысқа аяусыз соққы беретін уақыт жеткен сияқты.