Ұйғыр ауданында Халық қаһарманы Мурдин Таиповтың 100 жылдығы өтті. Елдің бірлігі, татулығы арқасында тағылымы мол, мазмұны терең, рухани азық берген айтулы шара болды. Батырлығымен бірге батырлығын, қарапайымдылығымен жерлестерін тәнті еткен тұлғаны жас ұрпаққа таныттық. Дастарқан басында ағайынның басы қосылып, өнегелі сөз бен пайымды пікір айтылып, тағы да татулықтың туы тігілді.
Сөз кезегі тигенде қасиетті Қарадаламыздың торқалы топырағынан тараған тарландар жайлы ой қозғадық. Аңғарсақ, сөзіміздің әлқиссасы «Қарадаламен» басталғаны кейбір ағаларымыздың жанына жақпапты. Бізден кейін сөз алған Бахар ауылының тұрғыны, талай жыл бойы жоғары лауазымдарда қызмет атқарған Сайдалим Амутов ағамыз тұра сала сөзімізге ескерту жасады, «Қарадала» деп атауымыздың қателік екенін айтып өтті. Ағамыздың сөзінше, Қарадала атауы бұл өлкеге ешқандай қатысы жоқ екен, тіпті негізі де жоқ. Қу медиен, түгі жоқ ен даланы «Қарадала» дейді екен-мыс. Қара сөзінің мағынасы да, мәні де жоқ екен. Қалайша? Қасиетті де құнарлы қазақ тілінде «қара» сөзінің мазмұны терең. Тіпті атa-бaбaлapымыз дүниені төpт бұpыш деп түcініп, әp бұpышқa өзіндік cимволдық pеңк-түc те беpген. Aтaп aйтқaндa, шығыc – көк түc, оңтүcтік – қызыл түc, cолтүcтік – қapa түc, бaтыc – aқ түc деген күн aйнaлымынa негізделген этномәдени дүниетaным да бар бізде. Қaзaқ тілінде қара түcтің мaғынaлық түpлеpіне бaйлaныcты көптеген мaқaл-мәтелдеp, фpaзеологизмдеp, жұмбaқтap да мол ұшыpacaды. Дәл осы сөздің бірнеше жерде айтылып, «Қарадалаға» қарсылық танытылғанын естіп, біліп жүрген соң, қолымызға қалам алдық.
Қазақ қacтеpлі, қacиетті, ел қaдіpлейтін не әкенің, не aтaның, не бaбaның үйін «Қара шаңырақ» дейді. Халықты да «қара орманға» теңеп жатады. Көзімнің aғы мен қapacындaй деп жанымызға жақын, ең aбзaл, қaдіpлі, қымбaтты жанды атаймыз. Қазақ ұғымында «қара қазан» – ең қастерлі ыдыс, ырыстың белгісі. Сөз әлемінің ең құдіреттісі саналған «қара өлең» қайдан шықты сонда? Тепсе темір үзетін, күшті, жаужүрек азаматтарымызға «қара күш иесі» деген теңеу де беріп жатамыз. Демек, түсіне білген жанға «қара» – қарға тамырлы қазақтың қастерлі сөздерінің бірі.
Бала кезден кезiп, шарлап ой көгiн
Арманымның жуған талай көйлегiн.
Бұғытыдан басталатын әрi ассаң,
Бұл даланы «Қарадала» дейдi елiм.
...Қарадала –
күй қанатты талмайтын,
Жiбек жолы ғасырлармен самғайтын.
Сақ, хундар мен үйсiндердiң
көзi бұл,
Шығыс пенен батысты
үнсiз жалғайтын.
Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Нұрлан Оразалин ағамыз Қарадаланы дәл осылай жырға қосады. Тарихтың қатпарын аршып, тамырын басып, өткенімізді қара өлеңге арқау еткен ағамыздың жыр жолдарынан бұл топырақта бабаларымыздың ізі, көнекөздеріміздің сөзі қалғанын байқаймыз. Баһадүрлеріміз салған сүрлеу де осы Қарадалада сайрап жатыр. бұл мекенді 2 мың жылдан астам уақыттан бері қарай қазақтың үйсін тайпалары мекен еткенін, Қарадала – тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан, Ұлы Жібек жолы арқылы Ши-ән, Жемсары (Иыңсар), Алмалық, Алматы, Талқиз, Баласағұн, Сайрам, Ясы, Отырар, Шаш, тағы басқа қалалар арасында жүрген қытай, түрік, араб, парсы халықтарының сауда керуендері осы Қарадаланы басып өткенін білеміз. Ендеше, тарих таңбалаған Қарадалаға «Қарадала» атауын таңып, сөзімізге арқау еткеніміздің несі айып? Мұны екінші себеп деп қоялық.
Үшіншіден, әдебиеттану ғылымында теңеу (эпитет), әсірелеу (гипербола) деген болады. Яғни, затты, нәрсені, құбылысты немесе заттың, нәрсенің, құбылыстың белгісін, қасиетін, сапасын көрсететін көркемдік ұғым және әртүрлі құбылыстарды немесе белгілі бір нәрсені шамадан тыс асыра суреттеу тәсілі. Демек, біз өлкеміздің белгісін, қасиетін осы «Қарадала» ұғымы арқылы береміз. «Жер жәннаты Жетісу», «Жерұйық Жетісу», «Әулиелі өңір» деп жерді сипаттап, әсірелейміз, әспеттейміз. Ал ауданымызды «Қасиетті Қарадала» дегеннен қандай терістік байқаймыз? Біздіңше, ешқандай әбестік жоқ.
Күні кеше ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауын ұсынды. Сан саланы қамтыған Жолдауда қоғамдық келісімді нығайту мәселесі сөз болды. Президент: «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет» дегенді екшеп айтты. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында: «1 наурызды немесе басқа күнді Қазақстандағы барлық этностардың бір-біріне және өздерін қабылдап, туғанындай мейірім көрсеткен қазақ халқына алғыс айту күні ретінде атап өткен әділетті болар еді» деген еді. Яғни қазақтың пейілі мен мейірінің арқасында осынау ұлан-ғайыр далада сан этнос өсті, өркендеді. Сондай құтты өлкенің бірі – осы Қарадала. Бүгінде қазақтың даласын мекен еткен әр ұлт пен ұлыс алғыс айтуда. Ендеше, қасиетті Қарадаланың да қадірін бағалап, кіндік қанымыз тамып, қалың ізіміз қалып, ұрпағымыз өсіп отырған ұлық өлкенің тарихын тани білейік.
Қазіргі кезде осы өлкені мекендеп жатқан ұйғыр ағайындардың қиналып, қысастық көріп келген ата-бабаларын құшақ жая қарсы алып, шұрайлы жерімен бөліскен қазақтың атауы «Қарадалаға» қақпайлау болмай, жер иесінің достығына, қонақжайлылығына құрметпен қарағаны жөн.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Алматы облысы