Қызылорда қаласында ойыншық тапаншамен дүкен тонаған азамат қолға түсті.
Бұл оқиға 9 қыркүйекте сағат 19.00 шамасында тіркелді. Сол уақытта Қызылорда қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 42 жастағы тұрғынынан хабарлама түсті. Облыс орталығындағы дүкеннің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін ол өзін белгісіз жас жігіттің тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, дүкеннен арақ-шарап пен сусын алып кеткенін хабарлаған.
Сәлден кейін соған ұқсас тағы бір хабарлама келіп түсті. Онда белгісіз азаматтың кассадағы барлық ақшаны беруін талап етеді. Дегенмен сатушы әйел оған қарсы әрекет етеді. Кассаны кілтпен жауып, дүкенде бейнебақылау бар екенін айтады. Дүкенде күйеуі жүргенін жеткізеді. Сол уақытта күдікті дереу қашып кетеді.
Жәбірленушілерден тонаушының бет әлпетінің сипаттамасын алған тәртіп сақшылары барлық полиция экипажына бағыт-бағдар берді. Полицейлер тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ол бұрын сотталған азамат болып шықты.
«Одан айғақты заттар тәркіленді. Олардың ішінде ойыншық тапанша да бар. Тексеру барысында күдікті азаматтың екі тонау дерегіне қатысы бар екені анықталды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Онда жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану қатерін төндіріп жасаған тонау жағдайы көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.