«Барыс» бүгін құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткізді.
Бұл - «Барыстың» өз айдынындағы алғашқы ойыны. Бұдан бұрын «Барыс» үш ойын өткізді. Алдымен Латвияда «Динамо» (Рига) клубын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін Беларусьте «Динамо» (Минск) командасынан овертаймда 4:5 есебімен жеңілді. Ал Ресейде ЦСКА (Мәскеу) клубына 1:3 есебімен есе жіберді.
Бүгінгі ойында елордалық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Оны 4-минутта Виктор Сведберг өзінің еншісіне жазды. Ал 21-минутта қытайлық хоккейші Герман Шапорев таразы басын теңестіріп кетті. Ал 24-минутта «Барыс» хоккейшісі Якоб Лилья командасын алға шығарды. Ал 45-минутта Никита Михайлис есепті үстемелей түсті. Қорытынды есепті 53-минутта қытайлық хоккейші Денис Осипов белгіледі. Осылайша «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.
Енді елордалық клуб 12 қыркүйекте өз айдынында Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасын қабылдайды. Одан кейін елордада 14 қыркүйекте Ресейдің ЦСКА (Мәскеу), 18 қыркүйекте Латвияның «Динамо» (Рига) клубтарымен ойнайды.