Қазақстан ЕАЭО кеңістігінде: Бизнестің мүмкіндігі кеңейді
Қазақстан ЕАЭО кеңістігінде: Бизнестің мүмкіндігі кеңейді
399
оқылды

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) қазіргі күні халықаралық қатынастардың маңызды факторына айналып отыр. Одақ әлемнің экономикалық қатынастар жүйесінде елеулі салмаққа ие болып келеді.

ЕАЭО – үлкен нарық. Одақ құрамындағы бес мемлекет Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Армениядағы халық саны 180 миллионнан асады. Жалпы ішкі өнімі шамамен 2 триллион долларға тең. Территориялық аумағы 20 млн шаршы шақырымды алып жатқан одақ елдерінің экспорттық әлеуеті де жоғары. ЕАЭО мұнай мен газ конденсатын өндіруде көшбасшы, электр энергиясы өндірісінің жалпы көлемі жөнінен әлемде 3-орынға, көмір өндіруден 4-орынға ие. Сондай-ақ, шойын өндірісінен алғашқы 3-тікке кірсе, болат өндіруден 5-орында. Одақтың осындай мүмкіндігін ескерген көптеген мемлекеттер ЕАЭО-мен ынтымақтасуға мүдде танытып отыр. 2016 жылы Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісім (FTA) күшіне енді. Ал, 2018 жылы Иранмен және Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Сондай-ақ, былтыр Молдова ЕАЭО бақылаушы мәртебесін алды. Бүгінгі күні Мысыр, Үндістан, Монғолия, Таиланд, Сербия және Сингапурмен түрлі келісімдер жасасу мүмкіндігі талқылануда.

Қазақстан ЕАЭО аясында демпингке қарсы шараларды тиімді енгізу арқылы «үшінші мемлекеттермен» тауар алмасу бағытында тиімді саясат жүргізіп отыр. Ел үкіметі қабылдаған бұл шаралар Қазақстанға болат құбырлардың жекелеген түрлерінің экспортын 60% -ға, мойынтіректер (подшипник) өндірісін 11% -ға арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл ЕАЭО үшін маңызды кезең, одақтың құрылуына бес жыл және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев тұжырымдаған еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толды. Бес жыл ішінде ЕАЭО кеңістігі қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына қолайлы жағдай туғызуда. Бұл орайда одақтан тыс үшінші елдермен жеңілдетілген сауда келісімдерін жасауға мүмкіндік қарастырылған. ҚР Ұлттық экономика министрінің биылғы ақпан айында Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтылғандай, 2018 жылдың 11 айында Қазақстанның ЕАЭО мемлекеттерімен тауар айналымы 17,1 млрд доллар болды. Оның 5,3 млрд доллары экспорттан түскен қаржы, ал 11,8 млрд доллары импорттық тауар саудасына тиесілі.

ЕАЭО мемлекеттері үкіметі бірлесіп одақ аясында тауарлардың еркін айналымы мәселесін шешуде және ішкі нарықтағы кедергілерді жою бойынша келісімге келді. Нәтижесінде 2018-2019 жылдарға арналған ЕАЭО ішкі нарығындағы босатулар мен шектеулерді жою бойынша «Жол картасы» бекітілді. Сарапшылардың айтуынша, аталған «Жол картасы» кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырып, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Мәселен, биыл одақ көлемінде «Жол картасын» іске асыру аясында халықаралық автомобиль көлігі кітабын (TIR) ​​қолдана отырып, тауарларды өткізу пункттерінің тізімі қысқарды. Сонымен бірге, Одаққа мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша, ауылшаруашылығы және техникалық реттеу саласында шешім қабылдау жеделдетілді.

Таяуда, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында қазақстанның сүт өнімдерінің сапасы мен қауіспіздігін жақсартуға және отандық өнімді ЕАЭО стандарттарына жеткізуге бағытталған «Жол картасына» қол қойылды. Аталған құжат Қазақстанның Сүт одағының бастамасымен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) және Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (FAO) қолдауымен жасалды.

Аграрлы экономикасының әлеуеті жоғары біздің еліміз үшін бұл келісімнің маңызы зор. Өйткені, республикамызда өндірілетін шикі сүттің 3,9 млн тоннасы шағын отбасылық фермалардың өнімі. Өкінішке қарай, бұл өнімдердің сапа коэффициенті көрші едермен салыстырғанда көп төмен. Осы жағынан алғанда Қазақстанның сүт өнімдерінің қауіпсіздік параметерлері көбінесе ЕАЭО стандарттарына сәйкес келмей жататын. Енді аталған «Жол картасы» құжатына қол қойған ЕҚДБ және FAO халықаралық ұйымдары ЕАЭО, Еуропалық Одақ және Қытай стандарттарының арасындағы алшақтықты жою үшін, қазақстандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндігін ашуға күш салмақ.

Айта кетейік, бұл «Жол картасы» бірқатар шараларды қамтамасыз етуге арналған. Оның ішінде төрт-түліктің жай-күйіне бақылау жасау, жұқпалы індеттерден амандығын анықтау және шикі сүттің сапасын тексеру. «Жол картасы» сонымен қатар білім жетілдіру мен озық тәжірибе алмасу арқылы мамандардың кәсібиленуіен ықпал етеді.


 

Қазіргі уақытта ЕАЭО елдерінен келетін инвестиция көлемі де өскен. 2018 жылдың үш тоқсанынын қоса алып қарастырғанда ЕАЭО-нан Қазақстанға инвестиция түсімі 31% көбейді (941 млн доллардан 1,2 млрд доларға). Осыған орай, аталған экономикалық кеңістікте бірлескен кәсіпорындардың саны да артып келеді. Мәселен, Одақ құрылған жылы (2015) жылы 6 272 бірлескен кәсіпорын жұмыс істесе, былтыр олардың саны 10 654 жетіпті.

ЕАЭО елдерінің үкіметі мен парламенттері Одақтың құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда. Өткен жылдан бастап электронды құжат айналымы мен кедендік реттеуді біріздендіру арқылы кедендік рәсімдерді едәуір жеңілдетуге қол жеткізілді. Бірыңғай цифрлық кеңістікті дамыту және ЕАЭО мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алулар саласындағы бір-біріне ұлттық режим ұсынуы отандық бизнес үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады. Бұл қазақстандық бизнес үшін 102 миллиард долларға пара-пар, яғни еліміздегі мемлекеттік сатып алудың ішкі нарығынан 12 есе көп.