Ол атамекен топырағының ғұламалары Анархарсистен бастап түркі мұсылман ойшылдарының дүниетанымдарын зерделеп, Иоллығтегін, Баласағұн, Фараби, Қорқыт, Ясауи, Науаи, Асан қайғыны хакімдер деп таныған.
«Ғұлама-наме» трилогиясының бірінші кітабында Ғарифолла Есім хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі «Шарасыздық», «Ғибадат», «Шын иман», Кербез», «Естелік», «Жалығу», «Қазақшылдық», «Өлшеусіз ұлы ақыл», «Ой кеселдері», «Сұрау», «Ғұмыр өзі – хақиқат», «Билік пен байлық», «Жан мен тән» сынды пәлсапалық тұжырымға толы нақтылы ұғымдарды герменевтикалық тәсілмен қарастырады. Ғарифолла Есім – Абайдың хакімдігін танытқан ғалым. Бүгінде өзі де ақсақалдық жасқа жеткенде хакімдіктің хикметті сөздерін жас ұрпақтың түйсігіне түйіндеп жеткізіп келеді. Хикмет жеткізу – ол ізгі кісі арманы. Сол ізгі ісімен ол Абай мен бүгінгі қазақтың арасындағы сабақтастықты үзбеудің жолымен жүріп келеді. Оны Ғарифолла былайша байқатады: «Абай жолы –қазақ болу жолы!»; «Абай жолы – әлемді қазақ болып қабылдау жолы!»; «Абай жолы – немеренің немересі қазақ болып, Абай тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлесіп, ұғысып Ұлы далаға иелік ету жолы!»; «Абай жолы – қазақ үшін мәңгілік жол!»; «Абай жолы – еркін ер қазақтың жолы» дей келе, «Жаратушымыз қазаққа бақ берді. Ол бақ – Абай! Абай сіздердің әрқайсысыңыздың қашан да болсын кеңесшіңіз, ақыл қосар ағайыныңыз, тағдырыңыз бір туысыңыз, қателессеңіз сыншыңыз, Алла десеңіз асыл досыңыз, пенделіктен алып шығар ұстазыңыз. Мұңайсаңыз мұң сейілтетін – ғұлама. Адасып жол таба алмасаңыз, жол сілтеуші – көсем. Кім бол? Мейлі жас бол, мейлі егде бол, мейлі бай, мейлі кедей бол, бірақ жанына жақын жылы сөз естігің келеді. Жылы сөз айтып жаныңды жадырататын да – Абай. Оны оқы, оның өлеңін оқығанда жүрегінің тынысын тыңда, таңырқа, сонда таза ауа секілді, ішкен мөлдір су секілді, алдыңдағы дәм секілді, жер қонағы ақ жауындай, өне бойыңа Абай сөздері сіңе береді, сіңе береді. Абай аспандағы Айды айтпайды, күйдіріп-жандырып тұрған Күнді керемет демейді, жымыңдаған жұлдыздарды жырламайды. Ол адамның дүниеге енгеннен бергі көрген-түйгенін, күйгенін, қасіретін, мұңын баяндайды». Қалай керемет айтылған. Сөзінің артығы жоқ. Бұл дегеніңіз Ғарифолланың да кемел ойдың иесі екенін байқатады. Ол 2017 жылдың 5 мамыры күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, оқытушылары мен студенттері алдында жариялаған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым...» деп басталатын манифестің мазмұнынан да көрініс табады. «Ғұлама-наме» трилогиясының екінші кітабы – данышпан Шәкәрімге арналған. Абайдың даналығына тәнті болған ғалым Шәкәрімнің данышпандығын айналып өте алмасын баса айтып, оның ар біліміне ден қойғанын айтады. Ол түсінікті жағдай. Абайдың дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы, Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенінің байыбына барған кісі ар мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. «Шәкәрім «Айқапқа» 1912 жылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деп өтініш етіпті. Мен осы мәселеге араласуды жөн көрдім. Абай туралы арнайы кітап жазғандықтан, оның дарынды інісі әрі шәкірті Шәкәрім ой-толғамдары мені бейжай қалдырмады» деп, Ғарифолланың өзі Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздеп, өзіндік үн қосады. Бес сауал мыналар: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?»; «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?»; «Адамға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын рақат-бейнет (сауап-азап) бар ма?»; «Ең жақсы адам не қылған кісі?»; «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?». Ғарифолла Есімнің осы бес сауалға берген жауабының мазмұнынан автордың Абай мен Шәкәрім әлемдерінің ортасында емін-еркін аралайтын жағдайға жеткенін байқауға болады. Бұл асыра айтқандық емес деп санаймын. Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздеу үшін ғылым мен діннің түйісетін тұсын жақсы білу керек. Ғарифолланың пәлсапа деп айтып, жазып жүргені сол демекпін.Абай жолы – қазақ болу жолы!»; «Абай жолы – әлемді қазақ болып қабылдау жолы!»; «Абай жолы – немеренің немересі қазақ болып, Абай тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлесіп, ұғысып Ұлы далаға иелік ету жолы!»
Автор трилогияның үшінші кітабын Мұхтар Әуезовке арнаған және кітап атауын «Кемеңгер Мұхтар» деп атаған. Бұл атау біздің ойымызша, Ғарифолла Есімнің Мұхтарға дән ризашылығынан, оның кемеңгерлігінің сырын ұққандығынан туындаған деп санаймыз. Автор коммунистік идеология қыспағынан «Абай жолы» өз мазмұнымен қалай өтіп кеткеніне таңырқай қарап, Мұхтар Әуезов кезіккен бес қиыншылықты себеп-салдарымен жіктеп береді. Және коммунистік режим кезінде дүниеге келген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын тәуелсіз оқырман қалай қабылдауда. Қоғамдық сана жаңғыруының «Абай жолы» секілді керемет шығармаға қандай әсері бар?» деп, бүгінгі қазақ жастарына «Абай жолы» астарындағы жасырын білімді ашуға көмек ұсынады. Сөйтіп, Абай жолының 4 кітабын бүге-шігесіне дейін жіктеп, санаға орын-орнымен орнықтырып береді. Бірінші кітапта он үштегі Абайға тоқталып, бірнеше мәрте Абай портреті жасалып, әке Құнанбаймен арақатынасы беріледі. Әке мінезі әңгіме етіледі. Екінші кітапта тағы да Абай портреті және сонымен бірге Құнанбай портреті жасалады. Дәл осылайша үшінші және төртінші кітаптарда да Абай портреті беріліп отырады. Осыған қарағанда Ғарифолла Есім Абайдың 13 жасынан бастап, оның тұлға ретінде өсу динамикасымен бірге ойшылдың айналасында болып жатқан оқиғаларды сырт қалдырмай, оны керісінше хакімнің қабылдау мен қатынасы тұрғысынан зерделей түскен деп ой қорытамыз. Сөз соңында айтарымыз, хакім жүрегіне терең бойлаған кісі – Ғарифолла Есім, қазақ елінің бастаушысы мен баяндауышын, оның анықтауышын да бір сөйлем етіп, істің себебін іздеушісі болған қазақтың бүгінгі хакімі.Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері