Түрмеге SIM-карта кіргізбек болған әйел ұсталды
Түрмеге SIM-карта кіргізбек болған әйел ұсталды
5,224
оқылды
Қауіпті індеттің таралуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысының түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерге туған-туыстарымен кездесуге тыйым салынған болатын. Жуырда аталған шектеу алынып тасталды. Сотталған күйеуімен жүзедесуге асыққан әйел өзімен бірге SIM-карта алып өтпек болған жерінен ұсталды. Әйел темір тордың ар жағына Activ байланыс операторының SIM-картасын алып өтпек болған. Тыйым салынған зат тінту барысында келіншектің қол сөмкесінің ішкі қалтасынан табылған. Аталған факт бойынша материал жиналып, күдіктіні әкімшілік жазаға тарту мақсатында іс сотқа жіберілді. Заңнама бойынша мұндай жауапкершілікке тартылған адам сотталғандармен бір жыл мерзімге дейін кездесу құқығынан айрылады.
«СҚО бойынша қылмыстық атқару департаменті мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттардың енуіне жол бермеу мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Карантиндік шараларға байланысты жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесулер бірнеше айға тоқтатылған болатын. Қазір бұл жұмыс қайта жанданды. Алайда кейбір сотталғандардың туыстары көптен күткен кездесуді мекеме аумағына енгізуге тыйым салған заттарды өткізу үшін де пайдаланады. Оның аяғы жақсылыққа апармайды. Жазасын өтеушіге де, туысқанына да тек зиянын тигізеді», - дейді СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, Әділет полковнигі Рустан Ахметжанов.
Мамандар түзету мекемесіне келген әрбір «мейман» мұқият тексерістен өтетіндіктен, мұндай әрекеттер әшкере болатынын айтады.