Нұр-Сұлтанда «Jastar Alany 2019» республикалық дебат турнирі аяқталды. 18-29 жас аралығындағы 120-дан астам қара сөз шеберлері турнирдің үздігі атануға және жалпы жүлде қоры 4 000 000 теңге үшін тартысқа түсті.
Бұл жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп іске асырылды. Жобаның негізгі мақсаты жастар жылы аясында Қазақстандағы дебат қозғалысын жандандыру және дебат федерациясын құру.
– Жоба аясында дебатшыларға арналған сайт жасалынады. Ол сайт арқылы әр дебатшының өзінің рейтингі болады. Онда облыстық, республикалық деңгейде жеткен жетістіктері жазылып тұрады. Сонымен қатар әрбір өткен ойындардың, оның ішінде облыстық ойындардың да, төрешілердің де рейтингтері жасалынатын болады, – деді Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.
- «Jastar alany 2019» республикалық дебат турнирінің Орыс лигасындағы Американдық парламенттік формат жеңімпаздары: Әлихан Қазенов пен Қанат Ноғойбаев; Малика Мамирова мен Талғат Омаров; Әлішер Жүзгенбаев пен Мұхтар Ташкенбаев. Сондай-ақ «Линкольн – Дуглас» форматының жеңімпазы Әлішер Жүзгенбаев атанды.
- Қазақ лигасындағы Американдық парламенттік формат жеңімпаздары: Тастанбаек Ердәулет, Ибадулла Әсел; Жолдасбек Лаура, Боранбай Абылай; Тұрсынов Бақытжан, Молдақашев Қуаныш. Ал «Линкольн-Дуглас» форматының жеңімпазы болып Айдынов Шыңғыс атанды.
Кештің көркін қыздырған «Stars Game» ойыны болды. Бұл ойынға танымал блогерлер мен вайнерлер Ақсултан Қалиев, Ғани Әжікенов, Эдьдана Сатыбалдиева қатысты.
Сонымен қатар, жоба аясында турнир қатысушылары мен төрешілері үшін семинар, оқыту тренингі өткізілді. Оның қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға пікірталас бойынша тренинг өткізу үшін жаттықтырушылар мен төрешілердің сертификаттары берілді. Қазан айында дебатерлерге арналған сайтпен мобильді қосымшаның тұсаукесері өтеді. Тайм-киперлерді алмастыруға арналған мобильді қосымшаның қазіргі таңда Қазақстанда баламасы жоқ.