Грузияның Тбилиси, Кутаиси, Рустави, Гори, Зугдиди және Поти сияқты 6 ірі қаласында оқу жылының басталуы екі аптаға, яғни 1 қазанға дейін шегерілді. Бұл туралы бүгін ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін елдің премьер-министрі Георгий Гахария мәлімдеді, – деп хабарлайды «Грузия жаңалықтары» агенттігі.
«Осы қалалардағы жоғары оқу орындары, сондай-ақ мектептер оқу үдерісін 1 қазаннан бастайды. Бұл қазіргі індет қаупін дұрыс бағалау үшін қажетті уақыт. Ол үшін эпидемиологтар мен біздерге екі апта кетеді. Осыдан кейін біз балаларға қатысты қосымша шешімдер қабылдаймыз», – деді Гахария.
Г.Гахария нақтылап өткендей, бұл шектеулер ірі қалалардағы барлық жекеменшік және мемлекеттік оқу орындарына қатысты.
15 қыркүйек – 1 қазан аралығында студенттер мен оқушылар қашықтан оқитын болады.
Айта кетсек, бұған дейін оқу жылының басталуы елдегі індет ошағына айналған - Батуми мен Кобулети қалаларында кейінге шегерілген болатын.
Грузияда коронавирустың өршуі 1 қыркүйектен бері тұрақты сақталып келеді. Соңғы тәуліктің өзінде коронавирустың жаңадан 87 жағдайы тіркелді. Бұл эпидемия басталғалы рекордты көрсеткіш болып табылады.