Бұл мәселеге қатысты сұрақты қоғам белсендісі Жәнібек Қожыққа жолдадық. Егер қазір тиісті шараларды қолданбаса, мораторий уақыты біткенде халықтың наразылық білдіруі әбден мүмкін дейді ол. «Егер халық толқымасын, көтерілмесін десе, Қазақстан ауылшаруашылық жерлерін шетел азаматтарына сатуға, жалға беруге болмайды деп жаңа заң қабылдауы керек. Сонда құда да, құдағи да тыныш болады. Сонымен бірге, өз азаматтарымызға мүмкіндік беру керек. Ол үшін банктер несие беріп, жастар соңғы технологиялар бойынша білім алғаны дұрыс. Біреуге тәуелді, зәру болудың уақыты бітті. Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген бала бүгінде отызға келді. Орда бұзатын сәт болды», – дейді қоғам белсендісі. Расында, Президент сөзінде жер шетелдіктерге сатылмайтыны шегеленгенімен, экономикалық айналымға енгізу үшін шетел азаматтарына жалға беру-бермеу туралы айтылмады. Жәнібек Қожықтың пікірімен Мұхтар Тайжан да келіседі. Желідегі парақшасындағы үндеуде жаңа Кодекс керегін айтқан болатын. «Былай қарағанда, барлығы дұрыс, жер шетелдіктерге сатылмайды. Дегенмен шетелдіктерге жалға да бермеуіміз керек. Өйткені біз басында жерді «шетелдіктерге сатпаймыз да, жалға да бермейміз» деген ұран тастадық. Инвестиция жөнінде жазылған абзацты пайдаланып, Үкімет жерге жекеменшікті ашатын жол қарастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені мұқият қадағалау керек. Ауыл шаруашылығына арналған, яғни өте үлкен көлемдегі жерлерді жекеменшікке беруге болмайды. Олай болса, жеріміз бірнеше ғана отбасының қолында болады. Ал ауылдағы қарапайым халыққа жер бұрынғыдай қолжетімсіз болып қала береді. Сол себепті Қазақстан азаматтарына да жерді жекеменшікке емес, жалға беруіміз керек. Осының барлығы айқын көрсетілетін жаңа заң қажет және оны бүгіннен бастап дайындауға тиіспіз. Ол үшін жер жөніндегі комиссия құрылып, оған қоғам белсенділері де кіруі керек», – дейді М.Тайжан.
Елімізде бүгінгі таңда 230 мыңға жуық ауылшаруашылық құрылымы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев осы шаруаларға мүмкіндік беру керегін алға тартып отыр. Бірақ меншікке беруге түбегейлі қарсы. «Жерді пайдалану мәселесіне келгенде тендер, аукцион қажет емес. Айталық, он жыл игеріп келген жерді мерзім аяқталды деп басқаға өткізіп жіберуге болмайды. Сонда оған дейінгі еңбегі қайда қалады? Сол үшін мерзімі біткен жағдайда комиссия қарастырып, ұзартуға шешім қабылдаса, жөн болады. Еңбек адамына мүмкіндік беру керек. Бірақ кей азаматтар бұрыннан бері еңбек етіп келе жатқан фермелерге сол жерді сату керек деген пікір айтып жатыр. Олай етуге болмайды. Жер сату туралы тіпті ойламау керек», – дейді Жигули Молдақалықұлы. Жерді жалпы халыққа ортақ игілік санаумен қатар рухани құндылық көру үрдісі де бар. Мәдениеттанушы Серік Ерғали мұндай ұстаным елді кері тартуы мүмкін деп отыр. «Халықтық сананың негізгі екі түрі бар: аграрлы және индустриалды. Алғашқысы көбіне артта қалған және бодан елдерге тән. Ал технологияны меңгерген, дамыған елдерде индустриалы сана болады. Яғни, халық санасы, ойлау жүйесі, ішкі ресурсы жасампаздыққа, жаңа дүние жасауға ұмтылғыш келеді. Аграрлық санасы бар халық тұтынымпаз келеді. Жасауды меңгермеген соң тілеуді ғана біледі, айналаның бәріне қасиетті нәрсе, рухани құндылық деп қарайды. Жер мәселесінде біздің халық оны сакралды нысан ретінде көреді. Өзінің жасауға бейім емес екенін осымен ақтайды». Оның сөзінше, Қазақстанға осы ретте шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасын әзірлеу керек. Сөйтіп, халық санасын индустриалды деңгейге көтеру қажет. «Әлеуметтік босқын ретінде қалаға тығылған халық қол жаюмен, баспана сұраумен шектеліп жатыр. Ал саясатты іске асыруға мемлекет жауапты. Малайзия, Индонезия сияқты джунглидегі халық қазір алдыңғы қатарда, біз болсақ кейін қалып отырмыз. Жерге байланысты мәселеде «маған игеруге жер бер» деп емес, «сатып жіберді» деп дауласады. Қазақтың ішкі ресурсын оятып, түлетудің тиегі – шағын және орта бизнесті дамыту. Қазір сауаттандыру жүруі тиіс. Отыз жыл бойы халықты мұсалдат қылып, сұрағанын беруге тырыстық. Ал негізі жасампаз ресурс жасалуы керек еді», – дейді Серік Ерғали.Жаңа технологиялар дамып, жұрт ғарыштан жалға үй алуды ойлап жатқанда жерді жалға алудың жолын іздеудің керегі не дейтіндер табылады. Дегенмен заманмен бірге бұл сала да қарыштап дамып жатыр. Олай деуге себеп жоқ емес. Бұл саладағы ең ірі экспорттаушы ел – Қытай. Одан бөлек, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Нигерия, Пәкістан, Түркия, Аргентина және Жапонияда ауыл шаруашылығының орны айрықша.
Жадыра АҚҚАЙЫР