Таяуда Ақтау қаласында керемет бір конференция өтіп, онда Smart City жобасы таныстырылды. Сол жиында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Маңғыстау және Түркістан облыстары әкімдіктерімен, UBIC Technologies компаниясымен, тағы бірқатар мекемелермен меморандумдарға қол қойды. Бұл келісімдерге сәйкес, алдағы уақытта Ақтау, Түркістан және Арыс қалаларында Smart City пилотты жобалары іске қосылуы тиіс. Жалпы, «-сити» сөзі айтылса, бір кездері алаулатып-жалаулатып басталып, соңғы нүктесіне жете алмай қалған «Ақтау-сити» мен бертінде ғана қолға алынған «Шымкент-сити» жобалары еске түседі.
Әуелі 2007 жылы қыркүйекте Елбасының өзі тұсауын кескен «Ақтау-сити» туралы айтсақ, осы жоба жүзеге асқанда Маңғыстау облысының орталығында 4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын еді. Тәуелсіздік аллеясы, мәдениет, білім, медицина, сауда, спорт нысандары, бизнес-орталықтар мен саябақтар салынып, қаланы электр энергиямен және сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін заманауи кәсіпорындар іске қосылуы тиіс болатын. Алайда бұл жоба жол ортада тоқтап қалды. Иә, салынған үйлердің сапасына қатысты шикіліктер шығып, тексеру жүргізілді, өйтті-бүйтті, сөйтіп жоба 2013 жылы тоқтатылды. Жүздеген үлескер пәтерсіз қала жаздап еді, абырой болғанда, жергілікті билік оларға басқа жерден баспана берді. Осылайша, 2020 жылы «Ақтау-ситиде» 1 миллион халық тұрады деген жоспар болған. 2020 жыл қыр астында тұр. Бір-ақ жыл қалды. Бүгіндері қала тұрмақ, облыс халқының саны 1 миллионға жеткен жоқ. Ал Ақтау халқының саны 190 мыңға ғана жуықтайды.
Міне, енді сол Ақтауда «ақылды қала» жобасы жүзеге асырылмақ екен. Іске сәт деуден басқа амал жоқ. Өйткені, жобаны ұсынушылар Ақтау атты «ақылды қалада» қоғамдық және жол бейнебақылауы, қоғамдық wi-fi, талшықты-оптикалық байланыс желісі, LPWAN желісі, экологиялық мониторинг, жедел жәрдемнің диспетчерлік қызметтерін автоматтандыру қолға алынады депті. Қағаз бетінде бәрі әдемі, енді іске асқанын күтейік.
Осыдан бір жыл бұрын Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін «Шымкент-сити» жобасы жарқ ете қалды. Бұл жобаның арқасында пәтер кезегінде тұрған 37 мыңнан астам шымкенттіктің баспана мәселесі шешілетіні аз айтылған жоқ. «Ақтау-ситиден» аузымыз күйіп қалған соң ба, жарнамасы жер жара жаздаған «Шымкент-сити» жобасын салқынқанды қалыппен қабылдадық. Күні кеше жобаның тағдырын білу мақсатында Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына хабарластық. Себебі «Шымкент сити» шағынауданында атқарылып жатқан жұмыстарға осы корпорация жауапты. Обалы не керек, корпорация жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі мәліметті тез-ақ берді. Сол дерекке сүйенсек, «Шымкент-ситиде» 4 жатақхана салуға жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр екен. 2 000 орынға арналған Конгресс-холл құрылысының техника-экономикалық көрсеткіштеріне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысына жөнелтілген.
Highwill Kazakztan компаниясы бірінші қабатында коммерциялық жайлармен көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын салатын болған. Бүгінге дейін бірінші кезекте салынатын 9 қабатты 10 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Балабақша құрылысына қажетті құжаттар қорытындысы дайындалды. Ал инвесторлармен бірлескен қызмет туралы келісімге сәйкес 13 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген, 9-ының құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлер келер жылы пайдалануға беріледі дейді. Сонда мыңнан астам адам қоныстойын тойламақ. Осы жерге келгенде кідіруге тура келеді. Өйткені жыл ортасында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамытәлиев Instagram әлеуметтік желісінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Шымкент-сити» шағынауданындағы тұрғын үйлердің 27-сі, яғни 1 154 пәтер осы жылы пайдалануға беріледі деп елден сүйінші сұраған. Ал корпорация берген жауапта пәтерлер 2020 жылы беріледі деп тұр. Бір жылда тұрған дәнеңе жоқ деп кеңдік танытамыз ба, әлде бұл қалай болғаны деп байбалам саламыз ба?
Қалай болғанда да, салыстырып қарағанда, соңғы жылдары қолға алынған жобаларды мерзімінде орындауға деген талпыныс бары байқалады. Бұл 2000 жылдар басында басталған жобаларда кеткен қателіктен сабақ алу ма, әлде бұрынғыдай бөлінген қаржыны «бөліп әкетуге» кедергі болар тетіктердің жұмыс істей бастағаны ма, бастысы оң өзгеріс бар. Бірақ бұл тоқмейілсуге себеп емес. Өйткені шекарадан асып, өзге жұрттың тірлігіне зер салсаңыз, өз жобаларымыздың сиқын көргенде бетті басып, тұра қашқың келеді. Неге дерсіз? 2006 жылы Алматы іргесіндегі Алатау елдімекенінде ашылған Alatau IT-City ақпараттық технологиялар паркін айтайық. Бұл жобаның тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кескен. Қазақстан үкіметі осы паркті Орталық Азиядағы жаңа интеллектуалды орталыққа айналдыруды көздеген. Жобаға мемлекеттік бюджеттен 25 миллион доллар көлемінде ақша жұмсалған. 343 гектар жер бөлінген. Әрине, жобаны бастау бар да, аяғына жеткізу бар. Бәлкім, сол кездегі Мемлекет басшысы Қазақстанды шикізатқа тәуелділіктен құтқарып, балама экономика құруды көздеген шығар. Алайда жобаны жүзеге асыруға жауаптылар сенімді ақтамады. 2010 жылы БАҚ беттерінде «Парк жұмыс істеген жоқ деуге болады. Парктегі бірқатар компаниялар жұмысын тоқтатты» деген мазмұндағы материалдарды жиі кездестіреміз. Дәл сол 2010 жылы аты дардай жобаның ныспысы «Инновациялық технологиялар паркі» деп өзгерді. Аты өзгергенімен, заты сол күйі қалғанын да сол кездегі ақпарат құралдары аз жазбады.
Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының мақсаты жаңа технологияларды тарту, инновациялық технологиялар мен телекоммуникация, электроника және аспап құрастыру, ресурс үнемдеу, табиғатты тиімді пайдалану және өзге де салаларда жаңа кәсіпорындарды қолдау және өсіру делінген екен. Қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар болу үшін технопарктің ресми сайтына көз салдық. Жұпыны сайттан мақтанарлық ештеңе таппайсыз, сайтты соңғы рет қашан жаңартты екен деп жаба салдық. Бірақ жыл басында жарық көрген ресми деректерге жүгінсек, «Алатау» технопаркінде 5 мыңнан астам адам еңбек ететіні, өткен жылдың қорытындысы бойынша, технопарк қатысушыларынан түскен қаржы 51,1 млрд теңгені құрағанын білеміз. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, 1,5 есе көп екен. Мегаполистегі АЭА үшін бұл табыспен мақтану ыңғайсыз болар еді.
Арнайы экономикалық аймақта негізінен инновациялық технологиялар мен телекоммуникация, электроника және аспап құрастыру саласындағы компаниялар шоғырланады. Бұл салаға қатысы жоқ компаниялар мен зауыттар да кіргісі келеді екен. Сондықтан технопарк басшылығы қызмет түрін кеңейтуді жоспарлап отыр екен. Мысалы, биыл медициналық кластерді қосу ойда бар. Біз хабарласқан даму жөніндегі менеджер ақпараттық технологиялар саласы үшін өнім шығарып жатқан компаниялар өнімдерін Қазақстанға өткізіп отырғанын айтты. Ол компаниялардың ресми сайттарын да сүзіп шықтық. Технопарктің әу бастағы мақсатына жете алмаған: жаңа интеллектуалды орталық құрылған жоқ.
Жалпы, 2000 жылдардың ортасында посткеңестік кеңістікте технологиялық парктер ашу дәстүрге айналды. Оның бәрі бірдей сәтті жүзеге аспағанына біз айтқан технопарк бір мысал. Ынта мен ықылас, менеджерлік қасиет жетпеді ме, әйтеуір әлі күнге мақтанатын бір жаңалығы жарқ еткен жоқ. Осы технопаркпен қатар ашылған шет мемлекеттердің жобалары бүгінде әлем назарын өзіне аударып отыр. Мысалы, Белорусь еліндегі «Жоғары технология паркін» айтайық. Бұл жоба ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ақпараттық-коммуникациялық технологияны, бағдарламалық қамтамасыз етуді дамытуы тиіс болды. Содан бері паркте үздіксіз жұмыс жүрді. Бүгіндері әлемнің 67 елі парктің тапсырыс берушісіне айналды. Паркте өндірілетін бағдарламалық қамтамасыз етудің 91 пайызы экспортқа шығарылады. Экспорттың 43,2 пайызы – АҚШ-қа, 49,1 пайызы – Батыс Еуропаға, 5,3 пайызы ТМД елдеріне жеткізіледі.
Жоғары технологиялық парктегі резидент компаниялар жасаған мобильді қосымшаларды 193 елден 1 млрд адам пайдаланады. Паркте әлемдегі ең табысты компьютерлік ойындардың алғашқы бестігіне енген ойындар жасалған. Forbes рейтингінде әлемдік он ірі корпорацияның бесеуі – бүгінде парктің негізгі тапсырыс берушісі. Парктегі алты резидент компания әлемнің үздік 100 аутсорсинг компанияларының қатарына енген. Жыл сайын паркте жаңа жобалар жасалады. Мәселен, «Танкілер әлемі» ойындары мен Viber, Juno, MSQRD қосымшаларын айтуға болады.
Белорусь те, Қазақстан да бір «шекпеннен» шыққан мемлекеттер. Ақпараттық технологияны дамытатын паркті де бір мезгілде ашыпты. Нәтижеге қараңыз, белорустерше жұмыс істеуге не кедергі?
«Ақылды қала» саламыз деп қапыламыз да, қатырмаймыз. Ақпараттық технологиялар паркін ашамыз да, жарытпаймыз, жалпы біздің қолдан не келеді сонда? Миллиардтар құйылған жобалар осылай жол ортада қала бере ме?
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ