Шетелдегі боксшыларымыздың деңгейі қандай?
Шетелдегі боксшыларымыздың деңгейі қандай?
455
оқылды
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстаннан шыққан Василий Жиров (IBF тұжырымы), Марат Мәзімбаев (IBA тұжырымы), Бей­біт Шүменов (WBA тұжырымы), Жа­нат Жақиянов (WBA super, IBO тұжыры­мы), Геннадий Головкин (IBO, IBF тұжырым­дары) түрлі тұжырымдар бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізгенін бокс­сүйер қауым жақсы біледі. Бүгінде кәсіпқой бокс алаңында бағын сынап жүрген тарланбоздарымыздың ба­сым бөлігі АҚШ, Канада, Англияда жат­тығып жүр. Статистика бойынша, Қа­зақстаннан 194 спортшы кәсіби боксшы ретінде тіркелген екен. Бірақ отандық бокс­шылардың ысқырығы жер жарғанымен, әлем чемпионы болып жүрген – Геннадий Головкин ғана. Оның өзі 2-3 жылдықта сп­орт­тық карьерасын аяқтауы мүмкін. Сондықтан біздің боксшыларға да GGG се­кілді титулдық кездесу өткізетін уақыт келді. Өткен жылы орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы бокс жекпе-жектерінен трансляция тарататын DAZN стриминг сервисімен келісімшартқа қол қойған бо­латын. Жаңа келісімшарт бойынша Головкин жылына 2 жекпе-жек өткізеді. Сонымен қатар әр айқасы үшін GGG қомақты қаржы алады. Атап айтсақ, Ген­надий Головкин DAZN платформасымен 6 жекпе-жек үшін 100 миллион долларға келісімшарт жасасса, мексикалық Сауль Альварес 11 шайқас үшін 365 миллион долларға келісімшартқа қол қойған. Ал кәсіпқой бокс әлеміндегі ең кассалық жекпе-жек Мейвезер-Пакьяо арасындағы жекпе-жек екенін айта кеткен жөн. Иә, мұндай қомақты сомаға кенелуді өзге кә­сіпқой боксшылар да армандайтыны сөзсіз. Бұл – отандық боксшылар үшін үлкен мо­тивация. Біз осы орайда, кәсіпқой бокста Голов­киннің жеңісті жолын жалғауы мүмкін деген қазақстандық боксшының бірнеше ізбасарларына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Әсіресе,  Рио Олимпиадасының чем­пионы Данияр Елеусінов пен әуесқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлім­ханұлы­нан отандық спорт мамандары үлкен үміт күтеді. Даниярдың кәсіпқой боксқа ауысқанына 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол жалпы саны 9 кездесу өткізіп үлгерді. Жәнібек Әлімханұлы да кәсіпқой бокстағы 8 кездесудің 8-ін жеңіспен аяқ­тады. Бірақ әзірге қос спортшының да бар­лық кездесулері жай ғана рейтингтік жек­пе-жек. Ал бүгінге дейін 11 кездесу өткізіп үл­герген Садриддин Ахмедов екінші деңгейлі екі белбеу жеңіп алды. Батыр Жүкембаев та жеңіліссіз сериясын сәтті жалғастырып келеді. 27 жастағы қазақ боксшысы Канадаға емес, бүкіл әлемге кеңінен танылып келе жатқан Eye of the Tiger Manаgement про­моутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқанын да айта кетейік. Қазіргі кез­де Абылайхан Құсайынов пен Нұрзат Сабы­ров та боксшымен бір промоутерлік ком­панияда жаттығып жүр. Ал әуесқой бокс­тан жастар арасында Азия чемпионы атанған Мейірім Нұрсұлтанов (10-0) пен 2014 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болған Мадияр Әшкеев (11-0) АҚШ-та дайындалуда. Аталған бо­кс­шылардың көпшілігі қазірдің өзінде 10-нан аса кездесу өткізіп үлгергенімен, чем­пиондық атаққа таласуға асығар емес. Әзірге бұл боксшылар бір-екі белбеу үшін кездесу өткізіп, бар күшін рейтинг жақсарту мақсатында жұмсап жатыр десе де болады. Біз атап өткен үздік боксшылардың бірі, бірінші орта салмақ бойынша WBC Youth әлем чемпионы белбеуінің иегері Садриддин Ахмедов газетімізге берген сұхбатында өзінің алдағы мақсат-жоспарымен бөлісті. – Жеңіліссіз сериямды әрі қарай жал­ғастырғым келеді. Ал алдағы уақытта өте­тін жекпе-жектерім туралы айтар болсам, шаршы алаңға қазан немесе қараша айында шығамын деп жоспарлап отырмын. Бірақ қарсыласым әлі белгісіз. Анықталған кезде сіздерге бірден айтамыз. Жалпы, басты мақсатым – спортта биік белесті бағындырып, Геннадий ағамыз сияқты шар­шы алаңда жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, кәсіпқой бокстағы негізгі тұ­жы­рымдардың бірінде чемпион болу, – дейді боксшы. Журналист, спорт сарапшысы Табиғат Абаилдаев та кәсіпқой бокста жүрген жой­қын жұдырықты қазақстандық бокс­шылардың көп екенін айтады. Ол әңгіме барысында өзі сенім артатын, болашағынан үміт күтетін санаулы боксшылардың есімін атады. Сонымен, кәсіпқой рингті паналаған қазақ бокшылары арасынан кімнен үміт күтеміз дегенде, бірінші ойға оралатын есім – Данияр Елеусінов. Әрине, мықты боксшыларымыз көп. Ал­айда боксшының кәсіби мансабында промоутердің атқа­рар рөлі зор. Олимпиада, әлем, Азия чем­пионы ретінде әуесқой бокста аты қалған Даниярдың кәсіпқой бокста да жарқырайтын күні алыс емес. Неге дейсіз ғой? Бірінші фактор, Елеусіновтің техникалық шеберлігі зор. Өте мықты боксшы. Шабуылы мен қорғанысындағы балансы мықты. Екінші фактор, оның ісін белгілі промоутер Эдди Хирн жүргізеді. Эд­дидің кәсіпқой бокс әлемінде беделі өте-мөте зор. Даниярдың кәсіби мансабын дұрыс жолға қойып, жұлдызын жарқырата алады. Екінші кезекте өз басым Жәнібек Әлімханұлының болашағынан зор үміт күтемін. Қазақ жанкүйерлері үшін Геннадий Головкиннің салмағы атанған орта салмақта бақ сынап жүрген ол – Боб Арумның Top-Rank-мен келісімшартта. Дәл сол Арум әйгілі Василий Ломаченконы үшінші шай­қасында әлем чемпионы етті. Он бі­рінші шайқасында үш салмақта әлем чемпионы етіп шығарды. Қысқасы, Арум – промоутерлердің королі. Талай чемпиондардың жарқырауына жол ашқан адам. Әрине, орта салмақта тағы бір мық­тымыз  Мейірім Нұрсұлтанов бар. Алайда оған қарағанда Жәнібек тезірек жұлдыз болатын секілді, – дейді Табиғат Абаилдаев. Ал боксшы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан боксшының қарым-қабілеті жөнінде, шетелдегі коман­дасы туралы да айтып берді. – 2018 жылы әлемдік деңгейдегі үлкен промоутерлік компания Top-Rank-пен 5 жылдық келісімшартқа отырдық. Қазір сол промоутерлік компаниямен бірлесе жұмыс істеудеміз. Менеджеріміз – Эгис Климас, промоутеріміз – Боб Арум. Осы уақытқа дейін Жәнібек кәсіпқой бокста 8 жекпе-жек өткізді. Қазіргі кезде WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулерінің иегері. 8 жекпе-жекпен әлемнің үлкен рейтінгіне кіріп отыр. Атап айтқанда, WBO тұжырымы бойынша қазір әлем бойынша орта салмақта – 4-орын­да, WBC тұжырымы бойынша –  9-орында, IBF тұжырымы бойынша – 11-орында. Бұл негізі 8.0 рекордтық көр­сеткіші бойынша өте үлкен жетістік саналады. Себебі TOP-15-ке боксшылар көбінесе 15, 20 жекпе-жекпен кіреді. Биыл, өкінішке қарай пандемияның кесірінен наурыз айындағы жекпе-жегіміз кейінге шегерілді. Енді алдағы қазан айында жекпе-жек өткізуіміз керек. Кездесудің уақыты, қарсылас әлі нақтыланған жоқ. Мүмкіндік болса биыл жылдың соңына дейін 2 жекпе-жек өткіземіз. Келесі жылы чемпиондық жекпе-жекке дайын болуымыз керек деп жоспарлап отырмыз. Бұл тек қана біздің жоспар емес. Менеджермен де ақылдастық. Келер жылы біздің чем­пиондық жылымыз болады деген үміт­теміз. Жалпы, біздің жаттығу лагеріміз Америкадағы Лос-Анджелес қаласында. Атақты бапкер Бадди Макгирттің қол астында екі мезгіл жаттығып жүрміз. Бадди да талай чемпиондарды дайындаған, өзі де кәсіпқой бокста чемпион болған танымал спортшы. Шетелдік басылымдар Жәнібектің командасына «жұлдызды команда» деген баға берді. Өйткені промоутер Боб Арум да, менеджер Эгис Климас пен жаттықтырушымыз Бадди да атақты, білікті мамандар. Осындай үздік командамен үлкен жетістіктерге жете­тінімізге сенеміз, – дейді Берік Сұлтан. Өз кезегінде спорт сарапшысы  Әкежан Мақсат Eye of the Tiger Managament секілді атағы алысқа кетпеген промоутерлік ұйым­мен келісімшарт жасасқан Садриддин Ах­медов­тің болашағына зор үмітпен қарай­тынын айтады. – Садриддин жас боксшы. 5 жыл бойы рейтингін жақсартса да көп нәрсе жоғалтпайды. Есесіне, тәжірибесі толыса түседі. Менің ойымша, мексикалық Сауль Альваресті жеңуге қабілетті екі боксшы бар. Бірі – Жәнібек Әлімханұлы, екіншісі – Садриддин Ахмедов. Әрине, Садриддин әзірге бірінші орта салмақта жүр. Алайда уақыт өте келе мексикалықпен қолғап түй­істіретін мүмкіндік туындай қалса, ол салмақ көтеруден қашпайды. Кәсіпқой бокс әлемінде жүрген мықтыларымыз бар­­шылық. Батыр Жүкембаевтан да үміт күтуге болатын секілді. Ал басқа бокс­шы­ларымыздың нәтижесіне көңіліміз тол­ға­нымен, әзірге олардың толық әлеуеті бізге беймәлім. Ал әлеуеттерін көрсеткілері кел­се, Жәнібек, Данияр секілді мықты промоутерлік ұйымдарға барғаны дұрыс. Сонда өз жолдарын табуы ықтимал. «Балуан Шолаққа» немесе «Алматы Аренаға» елді жинап, ортаңқол бокс кештерін өткізетін про­моутерлік ұйымдармен алысқа шаппай­ды. Әрине, біз отандық ұйымдарды кінәлай алмаймыз. Олар толысу үстінде. Бәрі уақытпен келеді. Бірақ талантты боксшылар өз уақыттарын аяуы керек. Спортта уақыт тым аз, – дейді ол. Осы орайда, кәсіпқой бокста атой са­­лып жүрген Батыр Жүкембаевпен де бай­ланысқа шығып, боксшының өзінен бір-екі ауыз пікір алдық. Күрзі жұдырық иесі таяуда жанкүйерлерін жақсы жаңалығымен қуантатынын жеткізді. – Менің мақсатым – өз салмақ дәре­жемдегі барлық чемпиондық белбеулерді еншілеген чемпионға айналу. Кәсіпқой боксшы ретінде тарихта атымды қалдырып, қазақтың көк Туын көкте желбіреткім ке­леді. Қазіргі таңда бірінші жартылай орта салмақ бойынша әлемдегі беделді бокс тұжырымдарының барлығының рей­тингін­де үздік 15 боксшының қатарына кіремін. Осы күнге дейін екінші санаттағы төрт бірдей чемпиондық WBA Continental, IBF Inter-Continental, IBO International, WBC Continental Americas белбеулерін жеңіп алдым. Осы жетістіктерім менің үздік бо­кс­шыларды жекпе-жекке шақырып, ол­ар­­мен жұдырықтасуыма жақсы жол ашып тұр. Қазіргі таңда британдық Джош Тейлор мен америкалық боксшы Хосе Рамиреске бірінші жартылай орта салмақтағы чем­пион­дық белбеулер тиесілі. Сонымен қа­тар менің салмағымда Реджис Прогрейс, Иван Баранчик, Виктор Постол секілді мықты боксшылар бар. Рейтингте үздік 30 боксшының ешқайсысын осал дей алмас едім. Алдағы уақытта мен тек үздіктермен ғана жұдырықтасқым келеді, – деп жауап берді Батыр Жүкембаев.     P.S.

Иә, расымен кәсіпқой бокста жүрген отандық былғары қолғап шеберлеріне үздіктермен айқасатын уақыт таяды. Бір-екі жылдықта боксшыларымыз титулдық жекпе-жектерге шығып, тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, дүбірі күллі әлемді дүрілдеткен оғыландарымыздың әлемдік аренада жасындай жарқылдайтын сәті тусын дейміз.

 

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ