Құмсай ауылындағы көпбалалы отбасылар Nur Otan партиясының қолдауымен газға қол жеткізді
Құмсай ауылындағы көпбалалы отбасылар Nur Otan партиясының қолдауымен газға қол жеткізді
408
оқылды
Биыл жазда Ақтөбе облысына қарасты Мәртөк ауданының Құмсай ауылында 20 көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа үйге қоныстанды. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарында ауыл тұрғындарының үйлеріне газ қостыру бағасының қымбаттығына, сондай-ақ, балаларды қашықтықтан оқыту үшін интернет байланысының жоқтығына шағымданғаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл мәселеге Аймақтық партиялық бақылау комиссиясы араласып, тұрғындардың өтініші бойынша тексеру жүргізді. Нәтижесінде көп балалы отбасылар тұратын 20 тұрғын үйді төмен бағамен газдандыру туралы тапсырма берілді. Айта кету керек, бұған дейін газ қостыру 2021 жылға жоспарланған еді. Дегенмен партиялық бақылау комиссиясының мәжілісінен кейін барлық ауылға осы жылдың қазан айында газ берілетін болды.

Желтоқсан айында Құмсай ауылындағы тұрғын үйлерге жақын маңнан шағын орталығы бар 40 орындық бастауыш мектеп ашылады. Сонымен қатар, ауылда қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін интернет-роутерлер орнатылған.

150 тұрғыны бар Құмсай ауылы аудан орталығы - Мәртөктен 8 шақырым қашықтықта орналасқан, Ақтөбе облысы Мәртөк ауылдық округінің құрамына кіреді. Осыны ескере отырып, партиялық бақылау комиссиясы Мәртөк ауданы әкімдігіне Құмсай ауылынан аудан орталығына дейін маршруттық байланыс ашу мәселесін шешуді ұсынды.