Өнері кәсібіне айналған
Өнері кәсібіне айналған
392
оқылды

Істің көзін білген адамға кәсіпкерліктің сан алуан түрі бар. Кейінгі жылдары ұлттық өнерге ден қойған жастардың қатары көбейіп келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек алып, өз ісін ары қарай дөңгелетіп әкеткендердің бірі – Эльвира Қажытаева.

2013 жылы «Даму» қорынан» 2,5 миллион теңге грант алған. Бұл қаражат жұмыстарының алға қарай жылжуына жақсы септігін тигізіп келеді. Тігін машиналары, жүн түткіш машиналар, басқа да ең қажет деген құрал-жаб­дық­тар алып, осы күні жұмыс бір­шама жүйеленді. Эльвираның өнері бүгінде кәсібіне айналған. Ол жүннен киіз басып, түрлі бұйымдар тігуді қолға алғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Оның дайындаған көйлек, жел­бегей, пальтолары тек ұлт­­тық нақышта емес, зама­науи әрі өсімдік тектес өр­нек­­термен, жа­нуарлардың суреті­мен бей­не­ленеді. Мұндай алуан түрлілік алушының қызығу­шылығын арттырады.

– Біз кәсіпкерлікпен 2011 жыл-дан бері айналысып келеміз. Сол жылы жеке кәсіпкерлік аш­тық, – дейді ісмер қыз. – Өзім тігін өндірісі және модельдеу мамандығы бойынша колледжде білім алдым. Сосын біліктілігімді арттыру мақсатында біржылдық дизайнерлік курсты тамамдадым. «Қасиет» деп аталатын шебер­ханаға жұмысқа тұрып, ұстазым Ұлбосын Дәуленовадан киіз басу өнерімен танысып, осы істің қыр-сырын үйрендім. Бұрын мән бермеген екенмін, осы ше­бер­ханаға келгенде, киіздің жазда ыстық тартпайтын, қыста суыққа ұрындырмайтын, яғни бірқалыпты температураны ұс­тайтын қасиеті, таза өнім екені мені қатты қызықтырды. Өз қолыңмен жұмыс істей отырып қандай идеяңыз, ойларыңыз болса, соның бәрін киіз арқылы шығаруға болады. Бұл іс өте қатты ұнағандықтан, мен осы салада қалдым. Бірнеше шебер бірлесіп, «Асыл мұра» деген бренд атауымен жұмысымызды жал­ғастырып келеміз, – дейді ол.

Жаңа істі бастағаннан кейін үнемі ізденісте болу – шарт. Сол үшін осы сала бойынша көрмелерге қатысып, өзгелердің жаңалығын қадағалап отыру, өз жетістіктерін басқа әріп­тестерімен бөлісу әдетке ай­нал­ған. Осы күнге дейін Астана, Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтауда өткен көр­мелерге қатысты. Бүгінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы өнімдерін көпшілікке таныстырып, тіпті тапсырыс қабылдау да қалыптасты. Алу­шылары – қарапайым халық. Сондықтан да өнім бағасының қолжетімді болуы – басты на­зарда.

– Адам өзі айналысатын ісін жақсы көрсе, уақытпен санас­пайды. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай еңбек ете береді. Талмай еңбектену түбінде оң нәтижесін береді. Қазірше алты адам бірігіп жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта адам санын көбейтіп, жұмысымызды қазіргіден де ауқымды ете түссек деген ниеттеміз. Ынта білдірген адамға жұмыс жетерлік. Қазір шикізатты Жамбыл, Түркістан облыстарынан аламыз. Өзіміз бояймыз, кейде үлгермей жат­сақ, өзгелерге тапсырамыз. Алға қойған жоспарымыз ау­қымды. Еліміздің барлық өңірі­нен шеберхана, дүкен аш­қы­мыз келеді. Киіз басу өнерін үйрететін курс ашу да алдағы күн­нің еншісінде. Әзірге бізге бәсекелес болатындай ісмер­лерді көріп тұрған жоқпын. Сондықтан бастаған ісімізді ары қарай дамыта түсу басты мақсатымыз. Ауылды жерлерде жұмыссыз қыз-келіншектер көп. Болашақта ауыл-ауылды аралап үйде отырған нәзікжандыларға өз білгенімізді үйретіп, жұмыс берсек деген ойымыз бар. Олар біздің ұсынысымызды қолдайды деген үміттемін. Өйткені туған ауылым Үшаралға барып, елге көрсеткенде осы өнерді үйренуге ниеттілердің көп екенін бай­қадым, – дейді Эльвира.

Отбасы қолдаса, қандай қиындықты да жеңуге болады. Ол – үш баланың анасы. Отбасы мен кәсіпкерліктің қиюын келтіріп, ұштастыра білген кәсіпкер келіншектің алар асуы әлі алда.