«Ұлы Хан» мобильді ойыны жуық арада жарыққа шығады. Жобаны жасаушылардың айтуынша, 3D анимация түріндегі ойын қазақ елінің тарихымен таныстыра отырып, Шыңғысхан дәуіріне бойлатып жібереді. Ойынға Қазақстан ғана емес, XIII-XIV ғасырдағы Қытай мен Ресей жері де кіреді.
150 кейіпкер, 80 қала мен 10-нан аса географиялық аумақты қамтитын ойында Қазақстанды қалай атаған жөн? Қалаларға Отырар, Түркістан, Сауран сияқты атаулар береміз бе әлде, заманауи ат берген дұрыс па? Кейіпкерлерді, оның ішінде хандар мен ханшайымдарды, батырлар мен билерге, көпестерге қандай есім береміз?
Бұл сауалдарды Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға «Ұлы Хан» мобильді ойынын жасаушы компанияның Қазақстандағы ресми өкілдері қойды. Жоба Гонконгта, ағылшын тілінде жасалуда. Жобаның Қазақстандағы бренд-менеджері Әлібек Жабаевтың айтуынша, ойынды әлем бойынша 20 миллионға жуық адам ойнайды деп жоспарланып отыр. «Ұлы Ханның» продюсері әрі сценарий авторы Алдияр Жұмажанов осындай тың жоба жасау арқылы Қазақ елінің тарихын әлемге танытып, ұлттық бренд қалыптастыруды мақсат еткен.
Ақтоты Райымқұлова жобамен танысып, оның ресми өкілдеріне жаһанға елімізді таныту және мәдени мұраларды насихаттау мақсатында жасаған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Ол өз кезегінде кейіпкерлерге қазақша есім беруге, ойында қойнауына сан мың ғасырлық сыр бүгіп жатқан тарихи орындарды көбейтуге кеңес берді. Сондай-ақ министр мобильді ойынның музыкасына айрықша көңіл бөліп, ұлттық нақышта жасалса деген ұсынысын айтты. Ол үшін А.Райымқұлова жоба өкілдеріне тарихшылар мен композиторлар көмек беретінін жеткізді.
Nur Otan партиясының алаңында өткен Мәдениет және спорт министрінің қабылдауына бұдан басқа 10-нан аса тұрғын келді. Мәселен, суретші Айгүл Саитова туындыларының көрмесін өткізу жайын, ал қарағандылық Татьяна Акулова өзі жазған сценарий бойынша фильм түсірілуін сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Достық Камелов «Алаш» қозғалысы белсенділерінің бірі болған Хайриддин Балғамбаев туралы деректі фильм дайындауды, сондай-ақ монографиялық кітабын шет тілге аудару туралы ұсынысын айтты. Бұдан басқа ішкі туризмді, қазақтың қолөнерін дамыту мәселелерін көтерген тұрғындарды да министр мұқият тыңдады.
Ведомство басшысы қабылдауға келгендердің барлығына байыппен жауап беріп, өтініштер бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты комитеттердің, Мәдениет және өнер істері департаментінің директорына тиісті тапсырмалар жүктеді. Ал азаматтарды қабылдау кезінде берілген тапсырмалардың орындалуы партия бақылауында болады.
Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей жұмыс істеп, азаматтармен тұрақты диалог орнату тапсырмасына сәйкес, салалық ведомство басшылары мен орынбасарлары, халық қалаулылары Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрақты түрде азаматтармен кездесу өткізіп келеді. Жалпы, жыл басынан бері Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі осындай 47 кездесу өткізді. 8 ай ішінде 500-ден астам азамат қабылдауға келіп, олар көтерген мәселелердің 45 пайызы оң шешімін тапты.
Клара НАҚЫП