Көмірден тапшылық көрмейді
Көмірден тапшылық көрмейді
5,291
оқылды

Биылғы қара күзде түркістандықтар көмірге таласпайды. Олай дейтініміз, өңір қыс қамына ерте қамданып жатыр. Атап айтқанда, жылыту маусымына қажетті бір миллион тоннадан ас­там көмірдің бүгінде 43,5 пайызы тасымал­данған. Қалған та­сымалдау жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталады. Сол себепті өңірде көмір тапшылығы болмайды деп отыр Түр­кістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасы.

Айта кету керек, бұрын жыл сайын облыста, әсіресе, Түр­кістан қаласында қалай күн суытып, қыс түсе бастайды, солай көмірге де­ген сұраныс күрт артып, қатты отынға талас-тартыс басталатын. Нә­тижесін­де, кей жағдайда кө­мірге тала­сып, жаға жыртысуға дейін баратын халық арасында қат­ты наразылық туындап, шу шы­ғып жататын. Ал биыл жергі­лік­ті билік қатты отынды күн жылы, жер қарада дер кезінде та­сып алу жұмыстары жүріп жат­қанын жеткізіп, жылдағыдай дау болмай­тынына сен­діріп отыр. Бұл тура­лы Түр­кіс­тан облысы Өңірлік коммуни­ка­циялар қызметінде Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылық басқар­масының бө­лім басшысы Игілік Тұрғым­бе­ков мәлімдеді.

Негізі Түркістан облы­сы­ның күзгі-қысқы маусымдағы кө­мір оты­ны­на жалпы қажеттілігі 1 млн 181,8 мың тоннаны құрай­ды. Қа­зіргі таңда тасымалданғаны – 514,4 мың тонна (43,5%). Жет­кізу жұмыстары алдағы уақытта то­лық аяқталады. Жалпы, жы­лыту маусымында облыста көмір тапшылығы болмайды. Сонымен қатар облыста жылу беру мерзімі 1 қарашаға белгіленіп отыр. Алай­да мамандар уақытынан бұ­рын ауа райы суып кетсе, жылыту маусымы ертерек басталатынын жеткізді.

«Өңірдегі 2 748 бюджеттік ме­кеме жылыту маусымына то­лық дайындалып, оларға қа­жет­ті 171,1 мың тонна көмір отыны жә­не 5 млн 143,7 мың литр сұйық отын толық тасымалданды. Об­лыс­тағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін ме­ке­мелерге көмірдің қажеттілігі 108,8 мың тонна болса, тасымал­дан­ғаны – 43,2 мың тонна. Об­лыс­тағы тұрғындардың көмірге қажеттілігі – 902 мың тонна, та­сы­малданғаны – 301,2 мың тон­на (33,4%). Тасымалдау жал­ға­суда. Теміржол стансасы қой­маларындағы 1 тонна көмірдің сатылу ба­ғасы – «Шұбаркөл» көмірі 14-17 мың теңге арасында. Тұрғындар көмірді қазірден бастап станса қой­маларынан арзан бағада са­тып алғандары дұрыс» деді Игілік Ғабитұлы.

Бұдан өзге, облыстың мазут оты­ны бойынша қажеттілік кө­лемі – 9,6 мың тонна. Бүгінгі күн­ге тасымалдаушы мекемемен ке­лісімшарт жасалған. Биыл қазан айынан бастап тасымал­дан­бақ.

Айта кетерлігі, өңірдің жылы­ту маусымы дайындығына апта сайын және тұрғындарды кө­мір­мен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүр­гізілуде.

 

Түркістан облысы