– Ерлан Тынымбайұлы, сарапшылар Президенттің өткен жылғы Жолдауында саяси бастамалар басым еді, биылғы Жолдауда экономикалық, әлеуметтік мәселелер басым деген ойда. Сарапшылардың бұл ойына не дейсіз? – Меніңше, биылғы Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің барлығы да тең көрініс тапқан сияқты. Жалпы, Жолдау 11 тараудан тұрады, мемлекеттік басқару, экономика, білім беру, денсаулық сақтау т.б. салалар кеңінен қамтылған. Президент биылғы Жолдауда бір емес, бірнеше тарауды түрлі маңызды саяси-қоғамдық тақырыптарға арнады. Мысалы, Жолдау неден басталады? Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту мәселесінен... Мұның өзі сол барлық реформаның өзегі. Бұл жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, үлкен мазмұндық бетбұрыс. Мысалы, ұзақ жылдар бойы айтылып жүрген Статистика комитетін Үкіметтен бөліп алып, Президентке тікелей бағынышты жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау агенттігінің құрамына енгізу ұсынылды. Себебі дұрыс стратегия жасақтау үшін алдымен объективті статистика қажет. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар өздерінің жұмысын өздері есептеп өлшейтін. Келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайланатыны жарияланды, бұның өзі үлкен саяси реформа. Одан басқа Жолдауда қылмыспен күрес жүйесін түбегейлі өзгертудің жаңа моделі ұсынылды. Прокуратураның тергеу бойынша құзыреті артады. Барлық полиция ғимараттары мен түзету мекемелері бейнекамералармен қамтамасыз етіледі. Бірінші рет Жолдауда Адам құқығы мәселелері бөлек тақырып ретінде көтеріліп, азаптаудың барлық түріне қарсы, адам саудасы мәселелеріне қатысты халықаралық конвенцияларға сәйкес заңнаманы жетілдіру тапсырылды. Яғни, биылғы Жолдауда Президент осы уақытқа дейін айтып келген саяси реформаларды жаңа басымдықтармен толықтырды. Президенттің жаңа саяси бастамалары көлемді болғаны соншалық мен өзімнің YouTube-каналымда «Мұны Президент көтеріп отырған саяси реформалардың екінші пакеті деп те қарастыруға болады» деген едім. Себебі жаңа саяси бастамалар өте ауқымды, көлемді болып шықты. – Карантин кезінде қоғам сынына қарамастан «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бейбіт митинг өткізу туралы заңдар» қабылданып кетті... – Кәмшат, кешірерсіз, сіз сұрағыңыздың өзінде «карантин жағдайына қарамастан» дейсіз. Яғни, сұрағыңыздың астарында бұл заңдар кең қоғамдық көлемде талқыланбады дегенді меңзеп тұрғандайсыз. Шын мәнінде, бұл заңдар о бастан кең қоғамдық талқылау арқылы қабылданған болатын. Елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялау туралы Жарлық 15 наурызда қабылданды. Төтенше жағдай 16 наурызда енгізілді. Ал жаңағы аталған заңдар бойынша қоғамдық талқылаулар қаңтар айында басталды. Қаңтар айының аяғы, ақпан айының басында сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыға арнайы барып, құқық қорғаушылар мен бұл заңды сынап жүрген азаматтардың басын қосып, ашық талқылау өткізген еді. Ал ақпан айында аталған заң Парламент талқысына енгізілді. Бұл заңдарды қабылдау мәселесі Ұлттық қоғамдық кеңес аясында көтерілген еді. Сондықтан осы кеңестің хатшысы ретінде олардың талқылануы мен қабылдануын бақылап, мониторинг жүргізіп отырдым. Мысалы, Парламенттің жұмыс тобында бір ғана заң – Бейбіт митингілер өткізу туралы заң жобасы бойынша жауапты комитеттің 16 отырысы өтті. Сондықтан бұл заңдар, керісінше кең талқыланған заңдардың бірі болды. Шын мәнісінде, билік үшін негізгі мақсат – заңдарды қабылдау ғана емес, қоғаммен бірге қабылдау еді. Сондықтан барынша кең әрі ашық талқылаулар ұйымдастырылып, көптеген ұсыныстар мен ескертулер қабылданды. – Енді қараңыз, Президенттің өзі көппартиялы жүйе, саяси плюрализмді дамытуды көп айтады. Қазір тек «Nur Otan» партиясы карантинде праймериз өткізіп, электоратпен жұмыс істеп жатыр. Ал қалған партиялар тым-тырыс. Сайлау туралы заңға көп өзгеріс енбеді. 145 млн халқы бар Ресейде партияны тіркеу үшін 500 адам жеткілікті, ал 19 млн халқы бар Қазақстанда 20 мың адам қажет. Мұны саяси реформа деуге бола ма? – Әрбір елдегі саяси жүйенің өз ерекшеліктері бар. Сіз айтып отырған Ресейдің мемлекеттік және саяси құрылымы, саяси жағдайы өзгеше. Қазақстанның жағдайы басқа. Біз унитарлы мемлекетпіз, халқымыз аз, ал территориямыз үлкен. Сондықтан қазіргі жағдайға мемлекеттің саяси құрылымы еліміздің сол ерекшеліктеріне сай жасақталған деп есептеймін. Бірақ соның өзінде бізде саяси өзгерістер жүзеге асып жатыр, эволюциялық жолмен, себебі мәселе белгілі бір саяси институтты енгізуде емес, ал оның әрі қарай тиімді қызмет етуінде. Мысалы, биылғы Жолдауда ауыл әкімдерінің тікелей сайлануы жөнінде бастама көтерілді. Осы уақытқа дейін көптеген саяси қайраткерлер, құқық қорғаушылар «әкімдер сайлануы керек» деген жаттанды сөзді айтып келді. Біздің жағдайымызда қалай сайлануы керек, оның қандай қосымша қауіп-қатерлері бар, осы жөнінде айтқанымызда мұны ешкім шын терең талқылағысы келмеді. Енді Президент Жолдауда жариялағаннан кейін «әкім сайлануы керек» деп айтып келген кейбір сарапшылардың өздері «бұл ерте емес пе, бұл басқа бір қауіп-қатерлерге жол ашпай ма, солтүстік облыстардағы жағдайды ескерді ме?» деп айта бастады. Жарайды, саяси, демографиялық, ұлт құрамы секілді мәселелерді айтпағанның өзінде кейбір сарапшылар «ауыл әкімдерін сайладық, олардың дербес бюджеті бола ма» дейді. Әрине, болады. Өткен жылдан бері бізде 4-інші бюджет деңгейі біртіндеп енгізіле бастады. Бұны кім біледі? Кім талқылауларға қатысып, ұсыныстарын енгізіп жатты? 4-інші бюджет, яғни ауыл әкімдерінің дербес бюджетін қалыптастыру үшін бүкіл ауыл округтерінің құрамында бұрын салық алынбаған жылжымайтын, жылжитын т.б. 86 мың мүліктің реестрі жасалды. 2 миллионға жуық мәліметтер нақтыланды. Барлық ауыл әкімдерінің аппараттары тиісті құрал жабдықтармен, интернетпен қамтамасыз етілді. 2017 жылдан бастап 4 мыңға жуық әкім аппараттарының қызметкерлері жаңа бюджеттік процесс бойынша арнайы оқытудан өткізілді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап 4-інші бюджет 2 мыңнан аса тұрғын тұратын 1 100 ауыл округтерінде енгізілді. 2019 жылы бюджеті бар ауыл округтерінің табысы 160 млрд теңге болса, соның 33 миллиарды – өздерінің жеке табысы. Биылдан бастап 4-інші бюджет қалған 1 300 ауыл округінде енгізілді. Яғни, байқасаңыз, мемлекет байыпты түрде, кезең-кезеңмен осы маңызды саяси институтты енгізу үшін тиісті алғышартты, оның негіздерін қалыптастыруда. Саяси реформа қажет дегеннен-ақ ол жүзеге аспайды. Оған сәйкесінше құқықтық, қаржылық, заңнамалық, институционалды, т.б. жүйені қалыптастырғаннан кейін ғана толық енгізуге болады. Ауыл әкімдері тікелей сайлау жүйесін енгізбестен бұрын 2013 жылдан бері ауыл әкімдері жанама түрде сайланып келеді. Бірінші сайлау 2013 жылы өтсе, 2017 жылы екінші сайлау өтті. Яғни, бұл механизм қалай жұмыс істейді, қандай кедергілер бар, соның барлығы практикада анықталып барып қана мемлекет, билік енді тікелей ауыл әкімдерінің сайлауын жариялады. Қазақстанда саяси реформалар міне осылай байыпты жүзеге асырылуда. Сол сияқты басқа бағыттағы реформаларды жүзеге асыру үшін сол өзгерістердің барлық алғышарттарын жан-жақты қалыптастырып алу қажет. – Мәжіліс қана емес, мәслихат та пропорционалды сайлау жүйесіне ауысқан соң мажоритарлы жүйені де қайтарса дегендей, аралас әдіс жайлы пікірлер айтыла бастады. Қалай ойлайсыз, қазір саяси жүйемізге мұндай өзгерістер қажет пе? – Теория тұрғысынан, әрине сіз айтып отырған барлық бастама дұрыс, керек сияқты. Бірақ өмір кітаптағыдай емес. Менің қазіргі айтарым мемлекеттік аппараттың көзқарасы емес. Бұл – менің жеке көзқарасым. Мен өз басым осындай түбегейлі саяси бастамалардың бірден жүзеге асуына қарсымын. Бір кездері мен де солай ойлайтынмын, бірақ әртүрлі елдерде тұрып, еліміздің әртүрлі аймағында жұмыс істеп, күнделікті өмірде саяси қатынастар қалай жүзеге асатынын көріп, бірқатар мәселе бойынша көзқарасым өзгерді. Мысалы, бізде демографиялық құрылым тұрғысынан еліміздің дамуында кейбір аймақтарда әлі де болса түрлі дисбаланстар, теңсіздіктер бар. Ал бұл ертең әртүрлі саяси теңсіздіктерге әкелуі мүмкін. Сол сияқты мажоритарлы принциппен сайлаудың да сондай қатерлерге әкелетіні сөзсіз. Сондықтан өткен жылы «Жас Алаш» газетіндегі «Мемлекеттілік және мемлекетшілдік» деген мақаламда біздің жағдайда кейбір бастамалар кімнің тарапынан айтылса да, мемлекеттілік құндылықтар тұрғысынан өлшенуі тиіс дегенмін. Егер біздің қоғамда азаматтық сана-сезім, жалпыұлттық, жалпы азаматтық құндылықтар жүйесі берік қалыптасып, орнығып жатқан жағдайда, әрине дискуссия басқа болар еді. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін кейбір сарапшылар «Ерлан Қарин достарының кеңесі» деп те атайды. Мұндай сынға қалай қарайсыз? – Мұны аса бір үлкен сын деп айтпас едім. Сын дейтіндей не бар?
Кейбіреулер «заңмен оппозиция құруға талпынысты бірінші рет көрдік» деп мысқылдады. Бұл жерде шатастыруға болмайды. Бұл заң оппозицияның құрылуын реттемейді, бұл заң Парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға парламенттік оппозиция ұғымы еніп отыр.
– Бірақ кеңес құрамына негізінен бұған дейін әлеуметтік желіде сізбен түскен суретін салып, сізді қолдап отыратын азаматтар кіргендей... – Дәл қазір Ұлттық қоғамдық кеңес құрамына басқа азаматтардың біреуін енгізсек, міндетті түрде онымен де түскен суретім табылады. Себебі мен қоғамдық алаңда түрлі саладағы азаматтармен араласамын. Менің қоғамдық саяси алаңда жүргеніме 20 жылдан асты. 90-жылдардың аяғында мен 20-дан енді асқан кездемін, саясаттанушы ретінде жеке дербес орталық құрып, түрлі талқылаулар ұйымдастырып жүрдім. Сондықтан саяси алаңда жүргеннен кейін көптеген азаматтармен таныспын, сол бұрынғы оппозиция өкілдерімен де араласатынмын. Одан басқа, мен түрлі сала өкілдерімен араласамын – ақын-жазушы, журналистерден бастап спортшыларға дейін. Сондықтан Қоғамдық сенім кеңесіне жаңадан басқа бір азаматтар қабылданып жатса, бәрібір олар да «Қариннің достары» деп қабылдануы мүмкін. Екінші жағынан, егер жаңағы айтылған азаматтар менің достарым ретінде қабылданатын болса, бұл бір жағынан маған, шындығын айтсам, мақтаныш. Себебі олардың көпшілігі ел мүддесі үшін жүрген азаматтар, олардың көпшілігімен бір қатарда тұру – абырой. – Ал кеңестің бір жылдық нәтижесі қандай? – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бір жылда үлкен жұмыс істеді. Кеңес құрылған кезде сол кеңес мүшелерінің ұсынысымен саяси реформа, экономика және әлеуметтік реформа деп үш топты құрған болатынбыз. Сөйтіп, бір жылда әр бағыт бойынша бірнеше реформалар пакеті қабылданды. Мәселен, саяси реформалар пакетінің өзі бірнеше үлкен бастамадан тұрады. Мысалы, Саяси партиялар туралы заңға сіз айтып отырғандай тек партия құру үшін қажетті мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту емес, сонымен қатар «Партиялық тізімдерге кем дегенде 30 пайыз әйелдер мен жастардың үлесі болуы керек» деген талап енді. – Ал әйелдерге квота бөлу қаншалықты дұрыс? Мүмкін ерлерге де дәл солай квота бөлу керек шығар... – Қалыптасқан жағдайда әйелдерге мұндай квота бөлу керек. – Яғни, қалыптасқан билік патриархалды ғой... – Әрине, сіз «әйелдерге неге квота керек, бұл күлкілі емес пе, неге 30, неге 50 емес?» деп сұрақ қоя аласыз... Квотаның өзі шектеу емес пе дерсіз. Әңгімеміздің басында қалыптасқан жүйеде керек деп отырмын. Егер бізде азаматтық нормалар әбден орнығып, сол құндылықтар төңірегінде ұйысқан қоғам болса, әрине әйелдердің заң шығарушы органдарда болу қажетін айтпас та едік. Елімізде 3000-нан аса облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары бар. Сіз ондағы әйелдер санын білесіз бе? Әйелдердің үлесі – 22 пайыз ғана, ал жастардың үлесі – 2-ақ пайыз. Ал бұлар партиялық тізіммен емес, сіз жоғарыда айтып отырған мажоритарлы жүйемен сайланған азаматтар. Мажоритарлы жүйенің өзінде де әйелдер мен жастарға тең жол берілмейді. Түптеп келгенде, әрине біз патриархалды мемлекет емеспіз, бірақ шынтуайтында жағдай өзгеше. Бұл заңды өзгерту арқылы біз сол партияларды өзгерістерге итермелеп отырмыз. Енді биыл жағдай бірден өзгеріп, партиялар әйелдер және жастармен жұмысты күшейтіп жатыр. Мысалы, қазір «Nur Otan» партиясы праймериз өткізуде, міне сондағы статистиканы қарасам, үміткерлердің 30 пайыздан астамы – жастар мен әйелдер! Яғни, бір ғана норма қаншама жас азаматтың ертең облыс, қала, аудан мәслихаттарына және Парламент құрамына енуіне жола ашады! Бұл заңдарды «косметикалық реформалар» деп мысқылдап сынайтындар бар. Шын мәнінде, осы норманың өзі ертең Мәжіліс пен мәслихаттың құрамын күрт өзгертіп жібереді. Тағы бір үлкен өзгеріс – парламенттік оппозиция. Кейбіреулер «заңмен оппозиция құруға талпынысты бірінші рет көрдік» деп мысқылдады. Бұл жерде шатастыруға болмайды. Бұл заң оппозицияның құрылуын реттемейді, бұл заң Парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға парламенттік оппозиция ұғымы еніп отыр. Ертең сайлау өтеді, Парламентте басым көпшіліктің даусын жинаған партиядан басқа енген партиялар өздерін анықтауы керек. Егер олар өздерін оппозициялық партия санаса, алдымен өздерін солай ресми жариялауы керек. Сонда ғана олар сол заңның нормаларын пайдалана алады. Ал заң нормаларына сәйкес, белгілі бір Парламент комитеттерінің төрағаларын азшылық партия өкілдері ғана сайлай алады. Яғни, бұл азшылық партияларға белгілі бір комитеттің тізгінін ұстап қалуға әрі Үкімет жұмысына ықпал етуге әсер етеді. Бұдан бөлек, басқа партиялардың жылына бірнеше рет үкіметтік сағаттарды, күн тәртібін анықтау құқығына ие болады. Құқық қорғаушы Айман Омарованың ұсынысымен Қылмыстық кодекстің 174-бабы ізгілендіріп, ҚК-тің 130-бабы әкімшілік кодекске ауыстырылды. 174-бап бойынша бұрын тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын. Енді бұл жаза айыппұлмен толықтырылды. Бұдан тыс маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасалды. Жәнібек Қожық өткен жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында шетел жұмысшыларына квотаны азайту бойынша ұсыныс айтқан болатын. Соған сәйкес, шетел жұмысшыларының квота саны 40 пайызға дейін қысқартылды. Мұхтар Тайжанның ұсынысымен жердің космомониторингі туралы шешім қабылданды. Оған сәйкес, бұйрық қабылданып, биыл бірнеше айда игерілмей жатқан 7 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. – Батыс елдерінің тәжірибесіне қарасақ, азаматтық қоғам дамыған сайын жемқорлық та азайған, саяси реформалар да нәтижесін берген. Бізде азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар Үкіметтен грант алса да, маңызды құжаттарды даярлауға араласа бермейді. Ал кәсіподақтар федерациясының басшысы жақында тағайындалды, жұмысшылар өзі сайламады. Біз ақырындап «либералды стагнация» деңгейіне келе жатқан жоқпыз ба? – Меніңше, бізде стагнация емес, керісінше, тіпті либералды үдерістер тым күшейіп кеткен сияқты. Бір жағынан, бұл объективті процесс, себебі заман мен қоғам өзгеріп жатыр. Сондықтан бұл ары қарай да өзгере береді. Бірақ либералды үдерістер мемлекеттік қағидаттарға нұқсан келтірмеуі тиіс. Әйтпесе, біздің кейбір әсірелибералды ұрандар кейде анархиялық ұрандарға ұласып кетіп жатады. Сол сөздерге ерсек, билік емес, мемлекеттің өзі де керек емес сияқты болып көрінеді. Бұл – қате де қауіпті логика. – «Жусан» операциясы жайлы кітап жаздыңыз. Бұл шара құқық қорғау органдарының, дипломаттардың жетістігі ретінде қарастырылып жүр. Дегенмен бұл құтқару операциясы ғой. Яғни, мыңға жуық азаматты Сирия мен Иракқа жіберіп алып, соңынан оларды іздедік. Сонша адамның соғыс жүріп жатқан жаққа жиһад жариялап аттануы – оларды бақылай алмаған сол ұлттық қауіпсіздік қызметінің кемшілігі емес пе? - Сирия мен Иракта кезінде 80 елден 50 мыңнан аса содыр жиналған болатын. Олардың бәрін сан жағынан үш топқа бөлуге болады. Біріншіден, ағылшын тілінде сөйлейтіндер, олар негізінен Еуропа елдерінен барған. Екіншіден, араб тілділер. Үшіншіден, орыс тілділер. Осыдан-ақ сол аймаққа соғысуға барғандардың әлемнің әр шетінен кеткенін байқаймыз. Бұл аймақта тек Қазақстан азаматтары соғысып жатса, әрине «неге тек біздің елден кетіп жатыр» деп айтуға болар еді. Ал, мысалы Франциядан Таяу Шығысқа 2-3 мыңға жуық азамат кетті. Германия мен Бельгиядан 2 мыңға жуық азамат кеткен. Әртүрлі дерек бойынша, Қазақстаннан 700-800 азамат кеткен. Бұл мемлекетіміздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің проблемасы. Бұл жаһандану процесінің салдары. Радикализмнің себебін тек әлеуметтік-экономикалық мәселелермен түсіндіру жеткіліксіз. Иә, сыртқа кеткен азаматтардың біршамасы депрессивті аймақтардан шыққан, бірақ жағдайы бар, бірнеше кәсібі бар азаматтар да Сирияға кеткен. Олар негізінен жиһадизм идеясын қолдайды. Бірақ түпкі себебі – адамның өзінің жаңа әлемдегі, қоғамдағы ролін анықтай алмағанының салдары, ішкі күйзелісі. Біз 2003-2013 жылға дейінгі террористік актілер мен ұйымдардың қатарында болған азаматтардың сараптамасын жасадық. Біздің анықтағанымыз, көптеген азамат сол терактілерге дейін бір жыл бұрын немесе ары кетсе екі жыл бұрын дін жолына түскен. Бір жылда адам қандай діни білім алады? Тіпті, дінді түсіну үшін ұзақ жылдар, бүкіл ғұмырың кетуі мүмкін ғой. Сондықтан біздің азаматтардың соғыс ошақтарына кетуі бұл тек жалғыз мемлекеттің ғана проблемасы емес, бұл жалпы қоғамның проблемасы. Ал оның бастауы отбасыдағы проблемалар. Егер де сол баланың қайда, немен әуестеніп жүргенін, туған әке-шешесі, бауырлары білмесе, біліп тоқтата алмаса, ұлттық қауіпсіздік қызметі не істесін? Радикализм мен суицид проблемасының көзі бір. Ол – адамдардың оқшаулануы, жалғыздығы. Сізге берген бұрынғы сұхбаттарымда да айттым, қазір біз баланы өзімен-өзін жалғыз қоя бердік. Кей кездері бала тынымсыз болып жатса, қолына телефон береміз. Ал бір күні қарасақ, бала тәрбиелеудің сәтін өткізіп алғанбыз. Жақында мен балама кейіген кезімде ол маған «Сабағымды жақсы оқып жүрмін ғой» дейді. Мен оған «маған сенің тек білімді болғаның керек емес, маған сенің тәрбиелі, иманды болғаның керек» деймін. Біз қазір баланы бір курстан екінші курсқа жетектейміз – бір тіл емес, бірнеше тіл білсін деп. Оған қоса музыка, спортқа жетелейміз. Кейде ойлап отырсам, біз, яғни ата-аналар «көп тіл білсін, чемпион болсын» деп супер баланың образын жасап алыппыз. Балаға супермен жасайтындай көп талап қойдық. – Ал сіз өз балаларыңызға сондай талап қоясыз ба? – Мен өзімді идеал әке деп есептемеймін. Уақыт болмайды немесе қол тимейді, мұршаң болмайды. Оның бәрі сылтау. Бірақ жұмыстан кейін басқа жаққа емес, үйге барамын. Себебі дәл қазір балаларға көңіл бөлу керек деп есептеймін. Түптің түбінде әрбір адамның жетістігі оның карьерадағы табысымен есептелмейді. Саналы ұрпақты тәрбиелей алдың ба, сол сенің жетістігің. Кей кезде менің қызметтерім, жетістіктерімнен көрі ұл-қызымның тәрбиелі боп өскені маңызды деп ойлаймын. Әрине, балаларымның жетістіктеріне қуанамын, армандарының орындалуына алғышарт жасаймын. Бірақ жақсы адам болады деп сенемін. Қай қайсысы болсын, жамандыққа бармайды деп сенемін. Өздеріне де соны айтамын. Мен үшін балаларымның жақсы азамат болып, аман жүргені ғана маңызды. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ газеттерін оқитынын, онда қозғалған мәселелерге мән беретінін білеміз... – Президент қазақ газеттерін, соның ішінде «Айқын» газетін де тұрақты мұқият оқиды. Жуырда «Айқын» газетінде бір өзекті әлеуметтік проблемаға қатысты сіздің мақалаңыз шыққан еді. Президентіміз бұл мақаланың әр жерінен сөздердің астын сызып тұрып, «осында көтерілген мәселені назарға алып, жан-жақты сараптап, жұмысқа пайдаланыңыздар» деген еді. Президент қазақ газеттерін оқып қоймайды, онда көтерілген мәселелерді мұқият зерделейді. Қазақ басылымдары да өзекті күн тәртібімен жүре алатынын әрі билікке жаңа мәселелерді салмақты ұсына алатынын аңғартты. – Сұхбатыңызға рақмет!Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ