«Тамақ өнеркәсібін дамытуға күш саламыз» – министр
«Тамақ өнеркәсібін дамытуға күш саламыз» – министр
Фото: Интернеттен алынды
242
оқылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов биыл аймақтарда 995 млрд теңгеге 206 жобасы іске қосылатынын баяндады.

«Аймақтарда өндірісті дамыту мақсатында министрлік өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасады. Онда облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілген. Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңге болатын 206 жобаны іске асыру жоспарымызда бар. 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Салалар бойынша алсақ, ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында – тиісінше 38 және 19 жоба ашылмақ», – деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл 8 айда жалпы сомасы 204 млрд теңгенің 28 жобасы пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды.

«Биыл ІІІ тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгенің 14 жобасын іске қосамыз. Жобалардың негізгі бөлігі биыл 4-тоқсанында іске қосылмақ. Жалпы жобалар кесте бойынша жүзеге асырылуда. Проблемалық мәселелер әкімдіктермен бірлесіп шешілуде. Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алда келеді», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.