Nur Otan партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Басты мақсат – қоғамда жемқорлықты жою.
Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күресуді тапсырғаны белгілі.
Осы орайда, жиынға қатысқан кеңес мүшелері білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесін шешуді талқылады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Елбасының білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасы орындалып жатқанын айтты.
– Елбасы білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Біз оны түбірімен жойып қана қоймай, жемқорлықсыз қоғам мәдениетін қалыптастыру мақсаты тұр. Осы мақсатта call-орталықтарды іске қостық. Әлеуметтік желіде ресми парақшамызды аштық. Содан бері мнистрлікке келетін арыз-шағым, өтініш хат азайды. Себебі кейбір азаматтар бірнәрсені анықтап білу үшін де хат жіберетін еді. Қарапайым сауалдарға дер уақытында жауап алып, шешімін тауып жатыр. Қоғаммен байланыс тетіктерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытамыз, пилоттық жобаларды іске асырамыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Партия Төрағасы жоғары оқу орындарындағы емтиханды ақшалай сыйақы арқылы тапсыру, студенттік жатақханалардағы орын үшін, басқа да өмірлік маңызы бар проблемаларды шешу үшін пара беруге мәжбүр екенін қатаң сынаған болатын.
Сондай-ақ жиында жұмыс тобы Білім және ғылым министрлігі, оның ведомстволық ұйымдарында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарған жұмысын саралады. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркелген Шығыс Қазақстан облысының білім саласының мәселесін талқылады.
Бұл мәселе бойынша Қауіпсіздік кеңесі алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізеді.