Nur Otan партиясының облыстық филиалында «Ертіс» телеарнасымен бірлесіп «Фракция күні» жобасы басталды.
Партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен тікелей эфирде азаматтарды Nur Otan-ның парламенттік фракциясының мүшелері, банк пен мемлекеттік органдардың өкілдері қабылдады.
Көмек сұрап келген жергілікті тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық мәселесі жан-жақты қаралды.
Мәселен, жүрек сырқатымен ауыратын Серік Алмас тегін дәрі алу мәселесін көтерді. Облыстың денсаулық сақтау саласына жауапты мамандары аймаққа дәрі-дәрмекті «СК-Фармация» компаниясы уақтылы жеткізіп отырғанын айтты. Жүрек дертімен ауыратын азаматтар үшін аймақта дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың шипажайда ем алу мәселесін қозғаған Ерлан Құрманғазин өтінішім жерде қалмайды деген үмітпен келген.
– Партия «Фракция күнінде» барлық мәселе оңтайлы шешімін табады деген ұсынысымды айтуға келдім. Мүгедек жандардың жыл сайын шипажайларда жүйелі ем алуына жеңілдіктер жасалса деймін. Себебі тағдыр тәлкегіне ұшыраған кейбір замандастарымның денсаулығын сақтау үшін жүйелі емделуге мүмкіндігі жоқ. Бәріне ортақ мәселені осы саланың мамандары шешкені жөн. Бізге жеңілдіктің көмегі орасан зор. Партия біздің өтінішімізді мұқият тыңдады. Мәселе туындаса, құқықтық көмек керек жағдайда тікелей партиялықтардың көмегіне жүгінемін. Сондай-ақ жеңілдікпен баспаналы болу мәселесін де айттым. Аймақта жасалып жатқан тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес шешімін табатын болды, – деді Ерлан Құрманғазин.
Оңтүстіктен көшіп келген кәсіпкер Есбол Ерболұлы кәсібін дамыту, ауқымын кеңейту жайында «Атамекеннің» мамандарынан кеңес алды. Кәсіп ашамын деген азаматтар көбінесе, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды алу мен оның талаптары жөнінде толыққанды ақпараттан хабарсыз жүреді екен.
Өңірдегі кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, кәсіпкерлерді қолдауға айрықша басымдық берілген.
– Павлодар облысы – кәсіп ашамын деген азаматтарға қолайлы аймақ. Мүмкіндік көп. Бәсеке өзге аймақтармен салыстырғанда аз. Сондықтан кәсіп ашамын, бизнесін дамытамын, өндіріс көлемін арттырамын деген азаматтарды қолдауға әзірміз. Көмек сұрап келген кәсіпкерлерге нарықтың сұранысына сай жол көрсетеміз. Құқықтық кеңес, гранттар алу, салықтық жеңілдіктердің артықшылығын жан-жақты түсіндіреміз, – деді Жайық Хасанов.
Әр саланың сан түрлі мәселесін қамтыған «Фракция күнінде» облыс басшысы аймақтағы мәселелер ашық айтылған кезде ғана шешілетінін атап өтті.
– Облыс тұрғындарының өтініш, ұсыныстарын тыңдау үшін, проблемасын шешу үшін осындай тың бастаманы қолға алып отырмыз. Артықшылығы – халық жергілікті атқарушы органдардың мамандарына, жауапты басшыларына мәселесін тікелей айтады. Баспана, облыс орталығынан шалғай елдімекендердегі ауызсу, жол мәселесін шешу жайлы тұрғындардың өтініші көп болды. Ауылдардағы инфрақұрылымды жөндеу, жаңарту жұмыстары дер уақытында шешімін табады. Кәсіп ашамын деген азаматтарға облыста барлық жағдай жасалған. Денсаулық сақтау, білім беру саласының мәселелерінде әрбір тұрғынның өтініші жеке-жеке қаралады. Жергілікті жауапты мекеме басшылары мәселе шешімін тапқанша жіті қадағалауына алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәселелер кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Кез келген мәселенің заң шеңберінде жүйелі шешімі бар, – деді Болат Бақауов.
«Фракция күні» әр айдың соңғы жұмасында тұрақты өтіп тұрады.