Кәсібімен күн көріп отыр
Кәсібімен күн көріп отыр
456
оқылды

Атаулы әлеуметтік көмек алып, бизнесті дөңгелетуге болады. Шымкент қаласының тұрғыны, 6 ба­ла­ның анасы Тілләгүл Қарсыбаева да мемлекеттен алған жәрдемақыға кәсіп ашып, нәпақасын тауып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын мұқтаж отбасы есебінде «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасымен мемлекеттен қай­тарымсыз 230 мың теңге алған.

– Алғашқы тігін машинамды 230 мың теңгеге алдым. Қаржымның жет­кеніне қарай мата сатып алдым. Оюлап көрпе-жастық, қап тігіп жарнама сайты арқылы саттым. Бірден сұраныс артып, тапсырыс берушілер көбейіп кетті. Шынымды айтсам, ешқашан тігінші боламын деген ой болмаған. «Өрлеу» бағдарламасының талабы бойынша үй жағдайында бір кәсіппен айналысуың керек. Яғни, берілген ақша мақсатты жұмсалуы тиіс. Ойлана келе тігіншілікті таңдадым. Тапсырыс көбейіп кеткен кезде бір өзім үлгере алмай кеткен соң, жаныма 2 адам алып, тағы да 2 тігін машинкасын ал­дым. Оларға жалақы төлеп отыра­мын, – дейді көпбалалы ана.

Жаз бойы масахана тігіп сатқан. Одан бөлек, қыз жасауына тапсырыс берушілер көп. «Әрекетке – берекет» деп текке айтпаса керек. Биыл әлеу­меттік аз қамтамасыз етілген отба­сыларға тағайындалған 21 мың теңге бұл отбасыға да береке болып кірген. Бірден 490 мың теңгеге мақта-мата, қажетті құрылғылар сатып алады.

– «Көп алсаң көтерме бағамен береді ғой. Көптен бері қомақты қаржым болмай қажетті заттарымды біртіндеп алып жүр едім. Бұл да болса үлкен демеу болды, – дейді ол.

Оның кішкентайы – 2 жасар, үлкені 9-сынып оқиды. Үйелмелі-сүйелмелі 6 баланың анасы балаларым жас деп қарап отырған жоқ. Талпынып, білімін де жетілдіріп тұрады. Құрақ көрпеше тігудің шеберлік сыныбынан өткен. Жаздыкүні Ташкент қаласында пәтер жалдап тұрып, 5 күн бойы былғарыдан сөмке, белдік, тағы басқа өнім тігудің шеберлік саба­ғына қатысып, сертификат алып кел­ген. Қазір жүк сөмкесі мен қол сөмке, әмиян, белдіктің бір жұбын ті­гіп қойыпты. Тапсырыс беріп жатқан­дар көп. Бірақ былғарыны тігетін машина болмағандықтан, қолы қысқа болып тұр. Қазіргі таңда кәсіпкерлік мектебінде кәсіпкерлік негіздері бойынша сабаққа қатысып жүр. Сертификатқа қол жеткізген соң мемлекеттен берілетін жеңілдетілген көмек қаржыға жол ашылмақ. 505 мың тең грантты да жеңіп алуға болады. Көпбалалы ана грантқа қол жеткізсе былғары тігетін машинка сатып алмақ.

– Үйде отырған және көпбалалы аналарға қазіргі таңда мемлекеттен беріліп жатқан қомақты қаржыны тиімді пайдаланып, кез келген іс ашып алу керек. Жұмыс істеймін, ақша табамын деп құлшынғандарға мем­лекет аяққа тұрып алу үшін барынша көмектесіп отыр. Мына заманда туға­ның да бұлай көмектеспейді. Жуыр­да несиемді жапты. Бұл деген кере­мет қой. Балаларым көз алдымда. Бесеуі сабаққа барады. Бірін күтіп алып, екіншісін шығарып салып, үйдегі 2 жасар баламды қарап жүріп, тігісіммен айналыса беремін. Кезінде талай қиналдық. Үйдің маңындағы дүкенге 20 мың теңгелеп қарыз болып қалатынбыз. Қазір шүкір, балаларымның киімі, тамағы, коммуналдық төлемдерге әжептеуір сеп болып қалды, – дейді Тілләкүл Тасболатқызы. Енді тіккен көрпе-жастығын саудаға шығаратын орын болса деп армандайды.

Кәсіптен нәсіп тауып отырған келіншектің үйіне жақында келіп кеткен сенатор Айгүл Қапбаровадан осы мәселенің шешімін табуына көмек беруін сұрапты. Енді таяу күндері қаладағы базарлардың бірінен орын алып қалармын деп үміттеніп отыр.


Назгүл НАЗАРБЕК, 
Шымкент қаласы