Атаулы әлеуметтік көмек алып, бизнесті дөңгелетуге болады. Шымкент қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Тілләгүл Қарсыбаева да мемлекеттен алған жәрдемақыға кәсіп ашып, нәпақасын тауып отыр.
Осыдан екі жыл бұрын мұқтаж отбасы есебінде «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасымен мемлекеттен қайтарымсыз 230 мың теңге алған.
– Алғашқы тігін машинамды 230 мың теңгеге алдым. Қаржымның жеткеніне қарай мата сатып алдым. Оюлап көрпе-жастық, қап тігіп жарнама сайты арқылы саттым. Бірден сұраныс артып, тапсырыс берушілер көбейіп кетті. Шынымды айтсам, ешқашан тігінші боламын деген ой болмаған. «Өрлеу» бағдарламасының талабы бойынша үй жағдайында бір кәсіппен айналысуың керек. Яғни, берілген ақша мақсатты жұмсалуы тиіс. Ойлана келе тігіншілікті таңдадым. Тапсырыс көбейіп кеткен кезде бір өзім үлгере алмай кеткен соң, жаныма 2 адам алып, тағы да 2 тігін машинкасын алдым. Оларға жалақы төлеп отырамын, – дейді көпбалалы ана.
Жаз бойы масахана тігіп сатқан. Одан бөлек, қыз жасауына тапсырыс берушілер көп. «Әрекетке – берекет» деп текке айтпаса керек. Биыл әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға тағайындалған 21 мың теңге бұл отбасыға да береке болып кірген. Бірден 490 мың теңгеге мақта-мата, қажетті құрылғылар сатып алады.
– «Көп алсаң көтерме бағамен береді ғой. Көптен бері қомақты қаржым болмай қажетті заттарымды біртіндеп алып жүр едім. Бұл да болса үлкен демеу болды, – дейді ол.
Оның кішкентайы – 2 жасар, үлкені 9-сынып оқиды. Үйелмелі-сүйелмелі 6 баланың анасы балаларым жас деп қарап отырған жоқ. Талпынып, білімін де жетілдіріп тұрады. Құрақ көрпеше тігудің шеберлік сыныбынан өткен. Жаздыкүні Ташкент қаласында пәтер жалдап тұрып, 5 күн бойы былғарыдан сөмке, белдік, тағы басқа өнім тігудің шеберлік сабағына қатысып, сертификат алып келген. Қазір жүк сөмкесі мен қол сөмке, әмиян, белдіктің бір жұбын тігіп қойыпты. Тапсырыс беріп жатқандар көп. Бірақ былғарыны тігетін машина болмағандықтан, қолы қысқа болып тұр. Қазіргі таңда кәсіпкерлік мектебінде кәсіпкерлік негіздері бойынша сабаққа қатысып жүр. Сертификатқа қол жеткізген соң мемлекеттен берілетін жеңілдетілген көмек қаржыға жол ашылмақ. 505 мың тең грантты да жеңіп алуға болады. Көпбалалы ана грантқа қол жеткізсе былғары тігетін машинка сатып алмақ.
– Үйде отырған және көпбалалы аналарға қазіргі таңда мемлекеттен беріліп жатқан қомақты қаржыны тиімді пайдаланып, кез келген іс ашып алу керек. Жұмыс істеймін, ақша табамын деп құлшынғандарға мемлекет аяққа тұрып алу үшін барынша көмектесіп отыр. Мына заманда туғаның да бұлай көмектеспейді. Жуырда несиемді жапты. Бұл деген керемет қой. Балаларым көз алдымда. Бесеуі сабаққа барады. Бірін күтіп алып, екіншісін шығарып салып, үйдегі 2 жасар баламды қарап жүріп, тігісіммен айналыса беремін. Кезінде талай қиналдық. Үйдің маңындағы дүкенге 20 мың теңгелеп қарыз болып қалатынбыз. Қазір шүкір, балаларымның киімі, тамағы, коммуналдық төлемдерге әжептеуір сеп болып қалды, – дейді Тілләкүл Тасболатқызы. Енді тіккен көрпе-жастығын саудаға шығаратын орын болса деп армандайды.
Кәсіптен нәсіп тауып отырған келіншектің үйіне жақында келіп кеткен сенатор Айгүл Қапбаровадан осы мәселенің шешімін табуына көмек беруін сұрапты. Енді таяу күндері қаладағы базарлардың бірінен орын алып қалармын деп үміттеніп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы