Отбасындағы қысымның зардабы
Отбасындағы қысымның зардабы
578
оқылды

Дүниежүзі Денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметі бо­йын­ша, әлемдегі әр үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа ұшырайды. 2018 жы­лы органдарға 17 842 әйел ша­ғым түсірген. Бірақ жарты­сы­нан көбі шағымын қайтарып алған. Себебі – елімізде әйел­ге қорған болар заң әлсіз.

Бұл – «Немолчи KZ» қоғамдық қоз­ғалысының дерегі. Мұндай қозға­лыстар әлемнің әр елінде бар. Еуропа елдері, Америка мен Азия нәзік тақы­рып төңірегінде бірлесуді қалайды. Өйткені бұл – әлемдік тақырып. Қан­ша заман алға жылжыды дегенімен әйелдің кейбір мәселеде әлсіз екені бел­гілі. Аталған жайт көш ілгері ел­дер­де де күн тәртібінде тұр. Дамыған елдер әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан құтқару үшін миллион­дап қаржы бөледі. Психологиялық түрде көмек көрсету үшін жылдар бо­йы бағдарлама құрады.

Дағдарыс орталығы одағының мәліметінше, елімізде әрбір үшінші әйел тұрмыстық қысым көреді. Ішкі істер министрлігі дерегі бойынша, 2007 жылы – 32 556, 2008 жылы 32 632 әйелге күш көрсету дерегі тіркелген.

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Аса­нов депутат болып тұрған кезде Azattyq-қа берген пікірінде респуб­ли­камызда 500-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұ­матынын айтты. Германияда 2017 жы­лы отбасылық қысым көрген әр үшінші әйел қайтыс болыпты. Осыған бай­ланысты шара қолдану қолға алынған. Weißer Ring гуманитарлық орталығы құрылып, қысым көрген әйелдерді тыңдап, көмек көрсету жұмыстарын жүргізген. Ұйым жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында қызыл-сары түсті негізге алады. БҰҰ мен Боннадағы DW ғимараты қызыл-сары түске боялады. Германияның отбасы, әйелдер мен жастар ісі министрі Фран­циска Гиффай 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларға 35 млн еуро бөлетінін мәлімдеді. Сон­дай-ақ Weißer Ring бастамасымен «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Әлем­нің 17 тілінде қызмет көрсетіп, әр­түрлі жастағы әйелдерге көмектеседі. Ұйым жетекшісі Петра Зехтингтің ай­туынша, әйел затына ең бірінші әйел­дің жаны ашуы керек. Сонда ғана қол­даудың қоғамдық аясы кеңейеді екен.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар үшін арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар Ішкі іс­тер министрлігінде арнайы бөлім­­шелер бар. «Дағдарыс орталықтары ода­ғына» зорлық-зомбылық бойынша 2019 жылы 1 518 әйел хабарласқан. ­Тұр­мыстық зорлық-зомбылық құр­бан­да­рына арналған кризис орталы­ғы 2017 жы­лы 20 қазанда ашылған. 2017 жылы – 18 әйел, 2018 жылы – 95 әйел, 2019 жылы 83 әйел орталық қызметіне жүгінген.

Тұрмыста әйелдерге зорлық-зом­былық көрсетудің мәдениетке, эко­но­микаға, наным-сенімге қатысы жоқ. Бұл адамның жеке ерекшелігіне бай­ла­нысты. Азаматтың ішкі күйіне, пси­хо­логияға тәуелді әрекет. Психологтар ерлердің тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа баратынын осылай түсіндіреді. Сонымен бірге отбасылық қысым көр­сететіндердің 80-90 пайызы өзі кіш­кентайынан ұрыс-керісті көріп өс­кен­дер дейді. Санада сақталғанды, бейса­на­дағы әрекетті іске асыру деп түйін­дейді. Тіпті мұны ғылым тілінде тү­сін­діретіндер бар. Психолог Серікгүл Сәли әйелдердің зорлық-зомбылықты көре тұра, ажыраспай, шешім қабыл­да­май жүретінін өзінше түсіндіріп берді.

– Қазіргі статистика бойынша, әйел­­дердің 50 пайыздан жоғары бөлігі үйде тұрмыстық зорлық-зомбылық кө­реді. Бірақ бәрін біле, түсіне тұра ары қарай бірге өмір сүруді жалғас­тырады. Мұның психологияда анықта­масы бар. Әр адамның өмір сүру бағ­дарламасы өзінше құрылған. Ол кішкен­тайында жазылады, түзіледі. Бұл – пси­хика. Мида адамның қуаныш сезімін сақтап қалатын А5-ші деген бөлік бар. Эндорфинді адам қуаныш арқылы алды ма, жоқ, зорлық арқылы алды ма түсіну керек. А 5-ші бөлік осы­ған құрылады. Мидағы эндорфин екі түрде бөлінеді. Мысалы, баланы мадақтап, арқасынан сипап, мақтау сөз айтсаңыз эндорфин қуаныш есірткісіне айналады. Егер бала күніге таяқ жеп, зәбір көрсе, эндорфин бала­ға көмек беру үшін бөлінеді. Осыдан кейбір балалар рақат алып, таяқ жемесе тұра алмайтынға айналады. Сөз ұқпай, көнбей жатады. Біз қуа­ныш­пен өмір сүреміз. Соған адам қа­лай жетеді? Таяқ жеуге бейім бала өс­кесін де соны қалайды. Басы күні бойы ауырып, тісі қақсаса да, шыдап жүре беретіндер бар. «Неліктен, жұл­ғызып тастамайсың, дәрі ішпейсің» десе, «жұмыстан қолым босамады» дей­ді. Мұның себебі жұмыс емес, эн­дор­фин. Міне, тұрмыста зорлық-зом­былық көретін әйелдер де осы катего­рияға жатады. Қанша таяқ жеп, аяғы сынып, көзі көгеріп жатса да, ажырас­пайды. Өйткені олар эндорфинді осы­лай алып отыр. Мұны саналы түрде тү­сіну қиын. Себебі аталған процесс бей­­санада жүреді. Қол жұмсайтын адам­­ның бағдарламасы да осыған ұқ­сас. Барлығын ауырсыну сезімімен бай­ланыстырады. Мұны бейсаналы түрде орындайды. Тәуелділік пайда бо­лады. Кейін әдетке айналып кетеді. Емдеу жолы өмір сүру сценарийін өз­герту арқылы жүреді. Психолог мақ­сат­ты түрде зерттеу керек. Қазір біздің ор­­­та­лықта осы категория бойынша ем­­деліп жатқандар бар, – дейді психолог.

25 қараша – Халықаралық әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қорғау күні. Осыған орай, әр елде түрлі шара өтеді. Елімізде жыл сайын 25 қара­шадан бастап 10 желтоқсанға дейін «Зорлық-зомбылыққа қарсы – 16 күн» акциясы жүргізіледі. Әсіресе, әйелдер құқығын қорғау туралы заң қабыл­данғанын қалайтындар көп. Тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қатысты заң болғанымен, шара қолдану аясы тар екенін алға тартады.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зом­былық көретіндердің нақты санын болжау қиын. Өйткені олар арнайы органға тіркелмейді. Елдімекендерде мұндай мысалдар көп. Күйеуі соққыға жықса, ертесі бетіне күліп қарап отыра беретін әйелдер бар. Мұны психология кешірмейді. Психологтардың ай­туынша, ішкі мүжілудің салдары жа­ман. Ол үйдегі бала-шағаға әсер етеді. Егер әйел жүкті болса, тіпті қа­уіпті. Әрине, соққының салдары әйел мен бала денсаулығына кері әсер етеді. Одан бұрын әйелдің жан дүниесі қалыпты жағдайда болуы керек. «Адам­затты ой бұзарды» еске түсі­рейікші. Психологияда да сондай екен. Жүкті әйел оқиға салдарынан ой тұң­ғиығына түсіп, іштей қиналса, ба­ланың мүгедек болып туу ықтималдығы жоғары болады екен.

Әлем тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа баршаның назар аударғанын қалайды. Тіпті ескерткіш орнатқысы келетіндер бар. Түркия суретшісі бәрінен асып түсті. Әрі оның идеясы ерекше. 2018 жылы Түркияда 440 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болыпты. Елдегі әйелдердің 40 пайызы зардап шегеді екен. Көпшілікке белгілі, Twitter-де #Susma хештегімен елдегі отбасылық қысым жайлы мәлімет береді. Вахид Туна осыған қарап отырып, ой түйген. Содан Стамбұл орталығындағы көпқабатты үйдің қабырғасына 440 туфли орнатылған. Жанына арнайы тақтайша іліп «Есімсіз» деп жазылған. Себебін түсіндіргенде, қоғамда тұр­мыстық зорлық-зомбылық көретіндер ақтарыла бермейтінін алға тартқан. Мұны отбасылық құпия есебінде кө­ретіндері таңдандыратынын жеткізген. Суретші әйелдер қоғам тарапынан қорғалатынын түсіндіргісі келген. Ол Түр­киядағы әйелдердің білімін те­реңдете түскенін қалайды. Мента­ли­теттің айналасында ғана емес, жаһан төңірегінде шешім қабылдағанын қалайды.

Вахид Туна ойының астары бар. Әйел адам өркениеттің бастауы, өмірдің шырағы екенін жете түсінгені дұрыс. Мұны әртүрлі ұйым басшылары растап отыр. Бәрінің қалауы бір – тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз қоғамдағы ана мен сәби күлкісін көру.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ