Жөндеу көрмеген мектеп көп
Жөндеу көрмеген мектеп көп
332
оқылды

Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастамасымен және «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысында Қазақстандағы балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау жүйесін жетілдіру, ұсыныстарды зерделеу және жинау бойынша жергілікті сараптамалық топ құрылған болатын. Бүгінде аталған топ еліміздің әр аймағына арнайы барып, «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысып, өңірлік деңгейде баланың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметін тексеруде.

Бұл жолғы сапар Батыс Қа­зақ­стан облысына жасалды. 3 күн бойы балалардың құқығы мен заңды мүддесін қор­ғауды қам­тамасыз ету жүйесін жетіл­діру мақсатында сарапшы топ мүше­лері әлеуметтік қызмет көрсе­тетін мекемелерді, білім беру ме­кемелерін, медицина ұйым­дарын, құқық қорғау орган­дарын аралады.

– Nur Otan партиясының жа­нындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі са­рап­тамалық топ балаларды қорғау және от­­басын қолдау жүйесін жетіл­діру бо­йын­ша ұсыныстар жи­науға, сондай-ақ осы жүйе­нің тиімділігін зерделеуге келді. Осы уақыт ішінде біз 5 аудан мен БҚО әкім­ші­лік орталы­ғын­да болдық, 87 нысанды ара­ла­дық, – дейді Nur Otan партия­сы­ның жанындағы Бала­лардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төраға­сының орынбасары Динара Закиева.

Ол сонымен қатар облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесу өткізгенін, әңгіме барысында мектептерге ерекше назар аудару туралы ұсыныс жасалғанын, өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің көптігін тілге тиек етті.

Сарапшылар тобы кәмелетке тол­ма­ған­дарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйе­сіне де баса назар аударды.

– Суицидтің алдын алу ша­­рала­ры бо­йынша барлық мек­тепте профилак­тикалық жұ­мыстар жүргізілуде. Дегенмен кәме­летке толмағандарға қатыс­ты зорлық-зомбылықты анықтау үшін біз бір жүйеге көшуіміз керек. Кейбір мек­тептерде сауал­нама жүргі­зіліп, жүйелі тәсіл қолданылып жатыр, ал кейбірінде бұл жұмыс­тар атымен жоқ, – дейді Динара Закиева.

Кездесуде 111 нөмірлі жасөс­пірімдерге арналған сенім теле­фо­ны бар үлкен фор­маттағы пос­тер­лерді орналастыру мәсе­лесі талқыланды. Қала мен ау­дан­дардағы емхананың, фельдшер-акушерлік орта­лық­тың, патронаттық қыз­меттің жұмысына баға бе­рілді. Сондай-ақ сарапшылар әлеу­меттік қызметтің және БҚО-да ба­лалар, жасөспірімдермен турис­тік және өлкетану жұмыс­та­рын ерекше атап өтіп, Ақсай қаласындағы коуоркинг орталы­ғының жұмысын бас бармақпен бағалады.

Өз кезегінде Nur Otan партия­сы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерілетінін жеткізді.


Әбілмансұр ЖАСАН