Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастамасымен және «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысында Қазақстандағы балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау жүйесін жетілдіру, ұсыныстарды зерделеу және жинау бойынша жергілікті сараптамалық топ құрылған болатын. Бүгінде аталған топ еліміздің әр аймағына арнайы барып, «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысып, өңірлік деңгейде баланың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметін тексеруде.
Бұл жолғы сапар Батыс Қазақстан облысына жасалды. 3 күн бойы балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында сарапшы топ мүшелері әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді, білім беру мекемелерін, медицина ұйымдарын, құқық қорғау органдарын аралады.
– Nur Otan партиясының жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі сараптамалық топ балаларды қорғау және отбасын қолдау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жинауға, сондай-ақ осы жүйенің тиімділігін зерделеуге келді. Осы уақыт ішінде біз 5 аудан мен БҚО әкімшілік орталығында болдық, 87 нысанды араладық, – дейді Nur Otan партиясының жанындағы Балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Ол сонымен қатар облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесу өткізгенін, әңгіме барысында мектептерге ерекше назар аудару туралы ұсыныс жасалғанын, өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің көптігін тілге тиек етті.
Сарапшылар тобы кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесіне де баса назар аударды.
– Суицидтің алдын алу шаралары бойынша барлық мектепте профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау үшін біз бір жүйеге көшуіміз керек. Кейбір мектептерде сауалнама жүргізіліп, жүйелі тәсіл қолданылып жатыр, ал кейбірінде бұл жұмыстар атымен жоқ, – дейді Динара Закиева.
Кездесуде 111 нөмірлі жасөспірімдерге арналған сенім телефоны бар үлкен форматтағы постерлерді орналастыру мәселесі талқыланды. Қала мен аудандардағы емхананың, фельдшер-акушерлік орталықтың, патронаттық қызметтің жұмысына баға берілді. Сондай-ақ сарапшылар әлеуметтік қызметтің және БҚО-да балалар, жасөспірімдермен туристік және өлкетану жұмыстарын ерекше атап өтіп, Ақсай қаласындағы коуоркинг орталығының жұмысын бас бармақпен бағалады.
Өз кезегінде Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерілетінін жеткізді.
Әбілмансұр ЖАСАН