"Бетпердемен отыруға мәжбүр болғандықтан қайтыс болды": 13 жастағы оқушының өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр
"Бетпердемен отыруға мәжбүр болғандықтан қайтыс болды": 13 жастағы оқушының өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр
232
оқылды
Германияның Бухельберг қаласында 13 жастағы мектеп оқушысы автобуста бетпердемен отыруға мәжбүр болғандықтан қайтыс болды деген хабар тарады. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, -деп жазады Stopfake.kz.
«13 жастағы мектеп оқушысының бетперде тақпауына бірнеше себеп болған.  Дәрігерден алған тиісті анықтамасы да бар. Бірақ оны бәрібір де тұмылдырық киюге мәжбүрлеген. Соның салдарынан автобуста бетпердемен отырған қыз ауырып қалды. Ол есінен танып, құлады.  Жедел жәрдем келгенмен көмк көрсетіп үлгере алмады. Қыз бала қайтыс болды», – деп жазды Facebook қолданушысы.
Хабарламаға дәлел ретінде газеттен қиып алынған фотосурет тіркелген. Әлеуметтік желідегі хабарламаның авторы «Қысқаша жазбалар» айдарында «Үкіметтің бұйрығымен өлтірілді» деп жазған. Шындығында, бұл мәлімдеме жалған. Неміс газетінде жарияланған ақпаратта мұндай сөздер жоқ. Шын мәнінде, 7 қыркүйекте Бюхельберг қаласында (Рейнланд-Пфальц федералды жері) күндіз қайғылы оқиға болды. Мектеп автобусына отырған 13 жастағы қыз есінен танып қалды. Ол жедел түрде Карлсруэдегі ауруханаға жеткізілді, біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Сол күні жергілікті Die Rheinpfalz газетінда бұл туралы қысқаша ақпарат жарияланды. Газеттен қиып алған үзіндінің фотосы Facebook-ке тез тарап, көпшіліктің талқысына түсті. Әлеуметтік желі қолданушыларының пайымдауынша, қыздың өліміне бетперде себеп болған. Басылымның редакторы Ральф Виттенмейер келесі күні «Кейбір адамдар әдепсіз» («Manche Menschen haben keinen Anstand») деген тақырыпта түсініктеме жариялады. Редакторлық мақалада барлық болжамдар жоққа шығарылып, «Адамдар әдептілік сақтамай, бұл жағдайды өз мақсаттары үшін пайдаланбақ» деп жазылған. Ол газеттің тек осындай деректің орын алғандығы туралы ғана хабарлағанын атап өтті. Оқушының қайтыс болуының себептері жайлы сөз болған жоқ. Сонымен қатар, Карлсруэ прокуратурасы алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша қыздың неден қайтыс болғаны нақты анықталмағанын хабарлады. Тергеу біраз уақытқа созылады.