«Балалардың терезеден құлауының басты себебі – оларды ашық терезе алдында қараусыз қалдыру. Өкінішке қарай, үйде ешкімнің қадағалауынсыз отырған бала аулада ойнап жүрген балалардың даусын естиді. Дауысқа елеңдеп, терезеге қарай барады. Осыған орай, құрметті ата-аналар, сіздерге бірнеше ұсыныс айтқым келеді. Біріншіден, баланың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін оларды қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Екіншіден, жиһазды бала терезеге өздігінен көтеріліп шыға алмайтындай етіп орналастыру қажет. Үшіншіден, масадан қорғайтын тор баланы терезеден құлап кетуден сақтай алмайтынын есте сақтау керек» деген ол терезеге бұғат орнатуға кеңес берді. Сонымен қатар балаларға терезе алдында ойнауға болмайтыны туралы айту керек. Оның айтуынша, 2018 жылдан бері елордада балалардың терезеден құлау оқиғасына қатысты 70 жағдай тіркелген. 16 бала терезеден құлап мерт болса, 54 бала жарақат алған. Биылдың өзінде осындай 28 жағдай тіркелген.
Тұмар МЫРЗА