Білікті азаматтардың айтары көп
Білікті азаматтардың айтары көп
186
оқылды
Бүгінгі таңда аймақтарда жария пікірсайыстар ұйымдастырылып жатыр. Праймеризге қатысушылар аталған науқанға не себепті қатысып жатқанын, болашақта қандай мәсе­лені көтеріп, оң шешімін табуға се­бепші болатыны жайында айтып, халықпен кездесулер өткізуде. Көпшілігінің мақсаты партия­ның атынан алдағы сайлауда депу­таттық мандатты жеңіп алып, сол арқылы атқарушы билік пен халық арасындағы қарым-қатынасты, байланысты арт­тыру екені түсінікті. Өйткені мәсли­хат­­тар азаматтардың өз ойын ашық айта ала­тын, мәселе­лер шешілетін нағыз диалог алаңы­на айналуы тиіс. Дегенмен әр прай­меризге қатысушы­ның бұдан өзге де өз тарапынан көте­ріп отырған өзекті проблемалар бар. Ендеше біз солардың бірқатарына тоқталайық. Атап айтар болсақ, Ақтөбе облы­сындағы праймеризге қатысу­шылар­дың бірі өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арнал­ған медици­налық орталық салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өнер мектеп­терін салу мәселесі негізгі күн тәртібінде тұр. Ал Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы облыс­тық онкологиялық диспансердің рентгено­ло­гиялық орталығын және сапалы меди­циналық көмекке тең қолжетім­ділікті қамтамасыз ету мақ­сатында 200 төсектік балалар қалалық ауруханасын салу мәсе­лесін Шығыс Қазақстан өңіріндегі праймеризге қатысушы азаматтар көтеруде. Қы­зылорда облы­сынан мүмкіндігі шек­теулі балаларға ар­нал­ған оңалту орта­лығын ашуды жоспарлап отырғандар да бар. Праймеризге қатысушылардың арасында білім саласындағы қорда­ланған мәселелерді шешуге, эко­ло­гияны жақсартуға күш салғысы келе­тіндердің көптігі қуантады. Сондай-ақ жол сапасын жақсартуға жаңа техно­логияларды пайдалану, аулаларды абат­­тандыру мақсатында тың тәжіри­бе­­­лерімен бөліскісі келетіндер де жоқ емес. Бұдан өзге, кәсіпкерлерді қол­дау, жастар арасындағы жұмыс­сыз­дық, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мек­теп оқушыларын тегін ин­­тернетпен қамту және кадр мәсе­лесі сияқты тақырыптарда үміткер­лер өз ойын ашық түрде ортаға салуда. Кейбір ауыл тұрғындары үшін ауыл шаруашылығын дамыту мен туризм саласына ерекше назар ау­дару мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масы аясында жас маман­дарды ауыл­дық жерлерге тарту және қаланы абат­тандыру мен қала ішін­дегі жол­дар­ды күрделі жөндеуден өткізу шеші­мін күттірмес мәселеге айнал­ғалы қашан. Шалғай елді мекендерде ауыл ішін­дегі жолдардың жайы көңіл көн­шітпейді. Зейнеткерлердің пошта қызметі сапасына көңілі тол­маса, кей тұрғындар үшін мал жа­йы­лымы жоқтың қасы. Осы және өзге де ма­ңыз­ды сұрақтардың бәрі праймериз­ге қатысушылардың сай­лауалды бағ­дарламасында көрініс тапқан. Негізінен, айтылған пікірлердің дені облыстың әлеуметтік-эко­номи­калық дамуына қатысты екені белгілі. Кандидаттар жас отбасы­лардың бас­пана сатып алуына несие ставкасын төмендету және мүм­кін­дігі шектеулі азаматтарға барынша қолдау көрсетуді де назардан тыс қалдырмауда. Қорыта айтқанда, өзін-өзі ұсынып жатқан аза­маттар­дың басты мақсаты – ел азамат­­та­рының тұрмыс сапасын жақ­сарту. Олардың сөзінің іс жүзіндегі көрі­нісіне куә болар күн де алыс емес.  

Әбілмансұр ЖАСАН