Жанғозин: Еңбекақысы пәтер жалдауға жетпейтіндіктен, астанада мұғалім жетіспейді
Жанғозин: Еңбекақысы пәтер жалдауға жетпейтіндіктен, астанада мұғалім жетіспейді
348
оқылды

Бас қалада жас мұғалімдердің баспана мәселесін шешетін 350 орындық баспана орталық ашылды.

Жаңа орталық – бұл жай баспана ғана емес, жас мұғалімдер өзара әдіс алмасатын, заманауи идеялар мен инновациялық білім беру жобаларын талқылайтын диалог алаңы. Жас мұғалімдер клубы мен көшбасшылардың резерв мектебі де осы жерде жұмысын жалғастырады.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, жастар кәсіби біліктілігін арттыру үшін арнайы тәжірибелі педагогтарды шақырып тұрады. Оның айтуынша, баспана мәселесіне алаңдаған өзге өңірлердегі білікті жас педагогтар астанаға келе бермейді.

- Жас мұғалімдердің еңбекақысы пәтер жалдауға жетпейтінін ескере келе, бұл орталықта бір айдағы төлем 17 мың теңге болады, - деді Әнуар Жанғозин.

Орталықта шахмат, үстел теннисі бар демалыс бөлмесі, кітапхана, асхана, оқу сыныптары бар. Бүгінде 200-дей жас мұғалім қоныстанған. Үміткерлерді педагогикалық білім (үздік диплом алғандарға артықшылық беріледі), жалпы жұмыс өтілі 5 жыл (Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарында) болғанына қарай таңдаған. Білім беру саласында жетістіктері бар және білім беру ұйымының қоғамға қосқан үлесін ескере отырып, жас мұғалімдерге артықшылық беріледі. Өтінімдерді білім басқармасындағы комиссия қарайды. Оның құрамына кәсіподақ, қоғамдық ұйымдар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, БАҚ өкілдері, ата-аналар қауымдастығы бар.