Коронавирус: екінші толқынға дайынбыз ба?

Коронавирус: екінші толқынға дайынбыз ба?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Біз қазір болжам жасап жатырмыз. Жағдай да ба­қылауда. Дәл болжам екі апта ішінде жасалады. Қазіргі күн­делікті көрсеткіш әртүрлі. Деген­мен қараша-желтоқсан ай­ла­рында науқастар саны өсуі мүм­кін. Бұл екінші толқынның бо­луына бай­ланысты, сондай-ақ жедел респи­раторлық инфекция мен тұмаудың да белең алатын кезі», – дейді.  

Еуропада екінші толқын басталып кетті

Инфекцияның екінші тол­қы­ны Испанияда басталып кетті. Қазір Испанияның барлық айма­ғында санитарлық талап күшей­ген. «Елдің бірнеше аймағында коронавирустың екінші толқыны басталды, бірақ ол біріншіге қара­ғанда, жеңілдеу болады», – дейді микробиолог, Наварра универ­ситеті медицина факуль­тетінің профессоры Гильермо Мартинес де Техада. Испанияда COVID-19 панде­миясы басталғалы бері ауырғандар саны 412 мыңнан асты, 30 мыңға жуық адам қайтыс болды. Премьер-министр Педро Санчес елдегі коро­навирусқа қатысты жағ­дай «алаң­даушылық туғызады» деп мәлімдеді, бірақ бұл наурыз айындағы жағ­даймен салыстыр­ғанда аса ауыр емес деп отыр. Қа­зір бүкіл испа­ниялықтарды бет­перде киюге мін­деттеуде. Жап­пай тест тап­сыруды бастап кетті. Та­мыз айының өзінде 500 мыңнан астам адам сынақтан өткен. Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры, бельгиялық дәрігер және қоғамдық денсаулық сақтау маманы Ханс Анри Клуге: «Адам­дар дәл қазір мұндай жағымсыз жаңалықты естігілері келмейді, оны жақсы түсінемін. Бірақ қазан мен қараша айларында өлім-жітім өсуі мүмкін» деген болжам айтып отыр. Ол бұл мәлімдемені 13 қыр­күйек күні жасаған. Дәл сол күні әлем бойынша 308 мың адам­нан вирус анықталған. Бұл – пандемия уақытындағы ең жоғары рекорд­тық көрсеткіш. Вирус жұқтырғандардың көп­шілігі – Үндістан, АҚШ және Бразилия елдерінен. Испания – 4-орында. Салыстырмалы түрде, испаниялықтардың саны үш елге қарағанда өте аз. Екінші толқын­ның басталғанын Австрия канц­лері Себастьян Курц те мойындап отыр. «Біз қазір бастан кешіп жат­қан нәрсе – екінші толқын­ның бастауы», – дейді ол. Екі апта бұ­рын елде 350-ге жуық адам инфек­ция жұқтырған болса, қазір бұл көрсеткіш 850-ден асты. Канц­лер күніне 1 000 адамның инфекция жұқтыратынына кү­мән­­данбайды. Германияда жағдай аздап тұ­рақталған секілді. Дегенмен тәу­лігіне инфекция жұқтырғандар саны 1 000-1 900 адамға жетіп отыр. Наурыз-сәуір айларында бұл көрсеткіш тәулігіне 6 000-нан асып кеткен еді. Екінші толқын­ның жылдамдығы Чехия денсау­лық сақтау министрі Адам Вой­тек­ті де алаңдатып тұрғандай. Соңғы екі аптада бұл елде вирус жұқ­тырғандар саны өсіп кеткен. Прагада шығатын «Господарски новины» газеті «Біз жаңа шек­теулермен, яғни екінші толқын­мен бетпе-бет келетін се­кілдіміз» деп жазды. Израильде де жағдай қауіпті. Қазір инфекция жұқтыр­ғандар саны тәулігіне 4 000-ға жетіп отыр. Израиль үкіметі кең көлемде шектеулер қоюға мәжбүр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жексенбі күні теле­арна­дан сөйлеген сөзінде мектеп, балабақша, мейрамхана, сауда орталықтары мен ойын-сауық орындары үш аптаға жабық бола­тынын мәлімдеді. Тұрғындарға үйлерінен 500 метрден артық шы­ғуға тыйым салынды, көшеде 20-дан артық адам жүру шектелді. Жабық бөлмелерде 10-нан астам адамның жиналуға болмайтынын ескертті. Ал Армения үкіметі 11 қыркүйектен 11 қаңтарға дейін шек­теу шараларын ұзартты. Осы­лайша, әлемде екінші толқын басталып кетті.    

Вакцина қауіптің алдын ала ма?

«Орташа есеппен 1 миллион адамды қамтуға жететін дәрі қоры түзіліп жатыр. Ал медициналық мекемелер бір мезгілде 70 мыңнан астам төсек-орын дайындауға қауқарлы болады», – дейді Ден­сау­лық сақтау министрлігінің рес­ми өкілі Бағдат Қожахметов. Қазір инфекциялық және про­визорлық орталықтарда 3 379 өк­пені жасанды желдету аппараты бар, қосымша 2 619 бірлігі сатып алынған, оның 1500-і – отандық өнім. Министрлік жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметі де 1 167 жедел жәрдем көлігімен жаб­дықталады деп отыр. «Екі айға қор дайындау үшін жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге халық арасында жоғары сұр­а­ныс­қа ие 44 дәрі-дәрмек түрі сатып алынуда. Бұл ауруханаларда ша­ма­мен 60 мың науқасты ем­деуге жеткілікті. Сонымен қа­тар амбу­ла­торлық деңгейде де дәрі-дәр­мектің тізімі көбейеді. Орташа есеп­пен 1 миллион адам­ды қам­туға жететін аурудың ал­дын алуға ауадай қажет 5 түрлі дәрі сатып алынды», – дейді рес­ми өкіл. Еліміз сонымен қатар коро­навирусқа қарсы екпенің 5,5 млн дозасын сатып алмақ. Қазір осы­ған байланысты бірнеше елдермен келіссөздер жүргізіліп жатқан се­­­­кілді. Бірақ әзірге нақты қай ел­дің вакцинасын алатыны бел­­­­гісіз. Бел­гілісі – алдымен сапа­­­сына мән берілмек. Терапевт дәрігер Қарлығаш Ис­лам­қызы: «Бұл вирусқа әлемнің өзі қарсы тұруға қауқарсыз болып тұр. Екінші толқынға дайындық жүріп жатыр. Оның қарқыны қандай боларын тап басып ешкім айта алмайды. Бір Алла біледі. Дә­рігерлердің қолынан келері – нау­қасқа көмек көрсету. Дәрі-дәр­мек жетіп тұрса, көп қиындық бол­мауы тиіс. Бұл вирусты тек им­мунитет жеңе алады. Сол үшін им­мунитетті көтерген ләзім», – дейді. Министр Алексей Цой қазір «ахуал тұрақты» екенін айтып отыр. «Көршілес елдерде, әсіресе Еуропа өңірінде, ТМД елдерінде ауру өсімі байқалады. Сондықтан біз үшін осы ахуалды ұстап қалу өте маңызды. Көрсеткіштер жақ­сы болғанына қарамастан төсек-орын қорын ұлғайтып, дәрі-дәр­­мек сатып алып жатыр­мыз», – дейді министр. Дегенмен екінші толқынның болмағаны маңызды. Ол үшін бетперде тағып, арақа­шықтықты сақтаған дұрыс. «Ін­дет толқы­нының болу не бол­мауына біз өзіміз ықпал ете­міз», – дейді министр. Сондықтан ең маңыз­­­дысы – әлеуметтік ара­­­қашықтық және бетперде. Сол үшін де сақ­танайық, өзімізді сақтайық!  

Гүлзина БЕКТАС