Заң қандай жаза көздейді?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі Қылмыстық заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізілгенін білеміз. Солардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар да бар. Енді сәл шегініс жасасақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр, 2019 жы-лы 2 қыркүйектегі Жолдауында: «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырамын», – деп мәлімдеген болатын. Ізін ала 3 айдың ішінде Үкімет пен Парламент бұл тапсырманы орындады. Енді адам саудасына қатысты заңнамаға енгізілген түзетулерді Қылмыстық кодекстің бұрынғы мазмұнымен салыстырып көрсек. Мысалы, «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалады. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты да жаза күшейтілген, бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жылдық қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Дегенмен осы баптың соңғы 3-тармағы бойынша ең жеңіл жаза мерзімі 2 жылға өсіпті. Осыдан кейін «мемлекеттің ең басты құндылығын саудалағандар үшін қолданылатын жаза тым жеңіл емес пе?» деген сұрақ туындады. – Жалпы алғанда, қылмыскерге жаза түзету үшін қолданылады. Оны қинау мақсатында емес. Түзелуге ниеті бар адамға шындығында 3-4 жыл да жеткілікті. Ал түрмеде неғұрлым көп отырса, «жазасын тартады» деп ойлау дұрыс емес. Мысалы, қамауда 10 жыл отырған адамға мерзімнің ұзақтығы кері әсер етіп, ол қылмыс жасауын доғармауы мүмкін. Себебі босағаннан кейін қоғаммен үйренісе алмайды. Сондықтан қазіргі Қылмыстық кодекстегі адам саудасына байланысты баптарды жеңіл деу – жансақтық. Мемлекет жазалаушы емес – түзетуші, – дейді заңгер Талант Рамазанов.Санағы жоқ деректер
Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметіне сенсек, адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына әлемде жыл сайын 40 миллионға жуық адам ілігеді. Ал БҰҰ дерегінше, Қазақстанда құлдық қамытын киген 75 мың адам бар екен. Бұл көрсеткіш Ресейде 794 мың болған. Мұның бәрі болжам күйінде, шындығында әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал елімізде соңғы 16 жылдың ішінде 1,5 мың қылмыс тіркелген. Айтатын бір жайт – адам саудасынан жапа шеккендердің 71 проценті әйелдер екен. Бір нәрсе анық, адам саудасы құрбандарының басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шығады. Жалпы, адам саудасы 9 топқа бөлінеді. Олар: жыныстық қанау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы, еңбекте қанау, сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату, мәжбүрлі қайыршылыққа тарту, қарулы қақтығыстарға пайдалану, дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялау, заңсыз бала асырау арқылы кәмелетке толмағандарды сату, бала туу мүмкіндігін қанау, жұмыс пен қызмет жасауға мәжбүрлеу мақсатымен некеге тұру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. Көп жағдайда Қазақстан азаматтары шетелде адам саудасымен айналысатындардың тұзағына түсіп, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия мен Парсы шығанағы елдерінде жұмысқа жегіледі екен. 2019 жылы адам саудасы бойынша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанды осы мәселе бойынша «бақылау тізіміне» енгізді. Көп ұзамай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова адам саудасына қарсы күрес шараларына қатысты ахуалға алаңдап, Премьер-Министр Асқар Маминге ресми хат жолдағанын да білеміз. Маманның пікіріне сүйенсек, елдегі адам саудасы қылмыстары толық ашылмай жатқанға ұқсайды. – Қазақстандағы адам саудасы фактілері мен қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты ресми статистика Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанды қоса алып салыстырсақ, айтарлықтай төмен. Яғни, бұл мұндай қылмыстық істерді анықтау, тергеу және жазалау жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын байқататын секілді, – деген болатын Эльвира Азимова. Бұдан бөлек, жуырда Алматыда жоғалып, кейін мәйіті табылған 13 жастағы қыздың дене мүшелері жоқ болып шыққаны мәлім болған еді. Істің жай-жапсары әлі белгісіз болса да, өрімдей қыз адам саудасына жататын дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялаудың құрбаны болғанға ұқсайды деген болжам бар. Түйіндей келсек, аты көп аталмаса да, адамзат ғұмырында құрбаны көп қылмыстың қарқыны басылмай тұрғаны аян.Мадияр ТӨЛЕУ