Жеңілдікпен үй алатындардың санаты көбейді

Жеңілдікпен үй алатындардың санаты көбейді

Қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы  парақшасында баспана алатындарға жеңілдікпен берілетін сертификат туралы жазды

«Бұрын тізімде: толық емес; көпбалалы; мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, қазір тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады. Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім», – деді әкім.

Алтай Көлгінов жеңілдікпен үй алатындардың қатарын көбейту талқыланып жатқанын айтты.

«Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 миллион теңге. Оларды «Шаңырақ» (5-10-20) жобасына қолдануға да болады. Президенттің тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайттық. Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа – әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады», – деп жазды Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, бұдан былай ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде  баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе ертеде «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және тағы басқалар кіреді.