Алматыда электротаксилер пайда болды
Алматыда электротаксилер пайда болды
391
оқылды
Толықтай экологиялық қауіпсіз көліктерді жүргізу қыркүйектің соңына жоспарланған. Ал оларды қуаттайтын станса сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен қаражат бөлінеді. Әзірше, 3 миллион 200 мың теңге көлемінде берілген грантқа бір станса алынды. 20-30 минут қуат көзінде тұрған автокөліктің энергиясы 100-150 шақырым жол жүруге жетеді. Электротаксиді жалдау құны нарықтағы бағадан қымбат болмайды.    width=

«Бұл – 100 пайыз электрлік автокөлік. Ол бізге, яғни алматылықтарға бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге көмектеседі. Қаламыздың түтінге толы екені белгілі. Болашақта электрмен жүретін көліктер автотранспорттық салада елеулі орын алып, үлкен сұранысқа ие болады деп үміттенемін», – дейді мердігерлік компанияның өкілі Жандос Бақтыгереев.

Электр қуатымен жүретін таксилерге қоршаған орта жағдайы алаңдататын әрбір тұрғын бей-жай қарамасы анық. Мұндай электрлі тұлпарлар әзірге тек Жапония және Америка сияқты алпауыт мемлекеттерде кеңінен қолданылып келген. Демек, осындай мүмкіндікке енді алматылықтар да қол жеткізе алады. Электр қуаттаушы станса қалада әзірге біреу ғана. Дегенмен алдағы уақытта олардың қатарын 200-ге дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл қала ауасы тазаруына айтарлықтай оң әсер етеді деген ойдамыз.