Алматы облысының Шамалған стансасында пойыз бен автобустың соқтығысуынан ауыр жағдайда ауруханаға түскен үш адамның беті бері қарады.
«5 жасар баланың жағдайы ауыр. Дегенмен, күннен-күнге динамикасы жақсарып келеді, сөйлей алады, тамақ ішеді. 3 жастағы екінші қыз – комада. Дегенмен, жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Қазір өздігінен дем алады. №7 қалалық клиникалық ауруханада қос қыздың анасына операция жасалды. Жағдайы орташа, операция сәтті өтті, динамикасы жақсарды»,– деп хабарлады Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан. Еске сала кетейік, 15 қыркүйек күні Шамалған стансасындағы теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен 5 және 3 жастағы балалар. 22 қыркүйек күні сәбилердің бірі ес жиғанын жазған болатынбыз. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.