Қанша адам атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген?
Қанша адам атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген?
306
оқылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) заңсыз алып келгендерді анықтаған.

Бір ғана Павлодар облысында өздерінің нақты табысын жасыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға заңсыз қол жеткізген 444 отбасына төлемдер тоқтатылды. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанованың айтуынша, АӘК тағайындау кезінде нақты табысын жасырушылар қатары көп болған. «Мысалы, Май ауданы Қаратерек ауылында тұратын 6 адамнан тұратын отбасы 2019 жылдың сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасына 105 мың 843 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Қосымша тексеру кезінде біздің басқарманың күшімен отбасының нақты табысын жасырғаны анықталды. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төлеуден бас тартылды»,– деді Майгүл Рахымжанова. Ал БҚО-да 1094 отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысты. Батыс Қазақстан облысында 2516 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуының заңдылығы тексерілді, оның ішінде 586 отбасына төлем уақытша тоқтатылған болса, тағы 508 отбасына төлем мүлдем төленбейтін болды. Келесі кезекте Ақтөбе облысының тұрғындары мемлекеттен 3,5 млн теңгені заңсыз алып келгені анықталып отыр. Нақты табысын жасыру арқылы Ақтөбе облысының бірнеше тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген, осылайша мемлекетке шамамен 3,5 млн теңгеден астам шығын келтірді. Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұзуда заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жекелеген жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. 2019 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, ал Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.