Ел сенімі артып келеді
Ел сенімі артып келеді
285
оқылды

Мемлекеттік қызметтің барлық саласы халықпен ты­ғыз жұмыс істейді, қарапа­йым жұрттың мұң-мұқтажын үнемі назарында ұстайды деуге әлі ертерек сияқты. Әйтеуір, басқаның бәрінен түңіліп, ақтық арқасүйері ретінде Nur Otan партиясынан үміттеніп, қоғамдық қабыл­дауға жазылып, қабылдаудан соң жүздеріне күлкі оралып, қуана қайтатындар қатары баршылық. Соған сай бүгінде партияға деген халық сенімі де артып келеді.

Ең бастысы, заңды басшы­лық­қа ала отырып, кейбір жағдай­ларды түбегейлі шешпесе де, жақ­сы күндерге деген тәтті үмітті оятып, қолдан келген жәрдемді сөзбұйдаға салмай жасау екенін аңғарасың осындайда.

Талдықорған қаласының тұр­ғыны, үш баланың анасы Әйгерім Нұрпейісова отбасының кірісі, отағасының азын-аулақ табысы бала-шағаның күнделікті тамағы мен киім-кешегінен, ке­рек-жарағынан аспайтынын, тұр­мыстық жағдайдың тым төмен­деп кетуінің кесірінен салып жат­қан тұрғын үйге құрылыс ма­териал­дары жетпей қалғанын, қыс­тың қыраулы күндері де тая­ға­нын айтып, қалалық партия филиалына көмектесу жөнінде өтініш білдірген еді. Еденіне тө­сейтін материалдың жоқтығы мен жуынатын бөлмені жабдықтай алмай отырғанын айтқан ананың отбасылық жағдайын бақылауға алып, анықтаған партиялықтар ол кісіні бірнеше күннен кейін партия филиалының қоғамдық қабылдауына шақырып, қажетті көмек көрсетті. Салынып жат­қан үйінің еденіне төсеуге арнал­ған линолеум, тазалық бөлме­сінің барлық керек-жарағын тү­гендеп берді. Нақтырақ айт­сақ, бұл көмекті Талдықорған қа­лалық мәслихат депутаты С.Жансеңгіров жасады. Депу­тат қабылдау күні алдына кел­ген басқа да азаматтардың мәсе­лелерінің шешілуіне септігін тигізді. Атап айтсақ, есту ап­па­ра­тын алуға мұқтаж болып жүр­ген жалғызбасты кейуана Т.Рысбаеваға қажетті құрылғысын сатып алып берді.

Жалғызбасты аналардың ара­сында балдырғандарын балабақ­шаға орналастырғанымен, тәрбие мекемесіне тиесілі ай сайынғы тө­лемді уақытында төлей алма қина­лып жүргендер де кездеседі. Сондай жандардың бірі – тал­ды­қорғандық екі баланың анасы Жадыра Серікқызы қала­лық партия филиалына келіп, мәселесінің мән-жайын жеткізген еді. Осыдан бірнеше жыл бұ­рын отағасынан айырылған жал­ғыз­басты ана балаларының ел қата­рынан қалмауы жолында жан­таласа жұмыс істеп жүр­ге­німен тапқан табысын жеткізе алмай қиналатын көрінеді. Сол жетіспеушілік кесірінен бала­бақ­шаға тиесілі төлемді тө­лей алмай жүргенін айтып кел­ген оны қабылдаған қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Жазық­баев қалалық білім бөлімі бас­шылығымен бірлесе отырып, мәселені оң шешуге ықпал жа­сады. Балалары үшін балабақшаға төлемді мүмкіндігіне қарай бөліп төлеуге рұқсат алып берді.

Nur Otan партиясы Қаратал аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің кестесіне сәйкес Қаратал аудандық мәс­лихат депутаты Саят Төлеубеков азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Қабылдауға келген Үштөбе қаласының тұрғыны, жас маман Назерке Жақсылықбай жұмыс таппай жүргенін айтып, көмек сұрады. Назеркенің жағдайын мұқият зерделеп, өтінішін зейін қоя тыңдаған аудандық мәслихат депутаты оны жастар тәжірибесі арқылы аудандық партия филиалына жұмысқа орналастыруға ықпал етті.

Адамға емес қағазға сенген қазіргі заманда, құжаттармен жұмыста қателіктер кетіп, әлеу­меттік көмекке мұқтаж жандар тиесілі жәрдемақыларын не­месе тағы басқа да төлемдерін ала алмай қалады. Өйткені мем­лекеттен төленетін әр тиын­ның есебі қатаң жүргізіледі және талабы да тым қатаң. Бел­гілі мер­зімде құжаттарды толық­ты­рып немесе жаңалап отыру қажет. Бұл мәселе әсіресе, ауыл­ды жерлерде аса күрделі. Nur Otan партиясы Ақсу аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген аудандағы Тарас ауылының тұрғыны Ұлжан Тлемісова көпбалалы ана ретінде алып жүрген жәрдемақысының тоқтап қалғанын айтып, оның себебін анықтап, мәселенің заң жүзінде шешілуіне ықпал етуді сұрап, шағымданды. Ананы қа­был­даған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Дәулетбекова сол жерде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімдер басшысы Қ.Бекбаланов және Қарасу ауылдық округінің әкімі Т.Арғынбаевты қатыстыра оты­рып, өтінішті жан-жақты қарап, тексеріп, жиналған құ­жаттардың толық екендігін анық­тады. Жалғызбасты ананың жәрдем­ақысы бірден оның есеп-шотына аударылды. Бұдан әлеу­меттік қорғауға байланысты халықпен тікелей жұмыс істейтіндердің өз міндетіне жүрдім-бардым қа­рай­тынын, қарапайым адамдардың мәселесіне жете мән бермейтінін аңғаруға болады.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы