Саяси кеңестің аймақтық бюросының ұсынысымен Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Эльдар Күзенбаев тағайындалды. Өңірлік партия ұйымының активіне жаңа басшыны филиал төрағасы Архимед Мұхамбетов таныстырды.
Эльдар Күзенбаев 1982 жылы туған. Құқықтану мамандығы бойынша Қостанай мемлекеттік университетін және Қостанай инженерлік-экономикалық университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Қостанай облысы Қарабалық және Қостанай аудандарында Әділет басқармасының басшысы, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары мен Сарыкөл ауданының әкімі болды. 2018 жылдың шілде айынан бастап Эльдар Қонысбайұлы Арқалық қаласының әкімі, Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы болды.
– Сіздер Эльдар Қонысбайұлын жақсы білесіздер. Ол – өз ісін білетін шебер, тәжірибелі басшы. Мен оған жаңа салада табыс тілеймін, сондай-ақ Жаңабай Бисимбаевқа осы жерде атқарған жұмысы үшін алғыс білдіргім келеді, – деп атап өтті Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Айта кетейік, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның жұмысын жандандыру және кадрларды жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұған дейін Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы филиал төрағасының бірінші орынбасарлары тағайындалған болатын.
Әбілмансұр ЖАСАН