Алматыдағы «дәрігерлер ісі» жаңа деректермен толығып жатыр. Бұл жолы жәбірленуші тарап баспасөз мәслихатын өткізіп, №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың әйелінің Мемлекет басшысына жолдаған үндеуіндегі кей мәліметтерді жоққа шығарды. Олар Нұрсұлтан Күдебаев Алматыда қайтыс болған, Қанат Тезекбаев мұны біле тұра Германияға барып емделуді ұсынды деп мәлімдеді.
«Бәрі Күдебаев Германияда қайтыс болды дейді, ал ол іс жүзінде осында қайтыс болды. Қ.Тезекбаевтың әйелі өзінің күйеуіне көмектесу үшін Президентке мәлімдеме жасайды. Тезекбаев қамаудан босатылады және осы істе қаһарман болып шыға келді. Қ.Тоқаев оны босатыңдар, қылмыстық істі тоқтатыңдар деген жоқ. Ол істі заң шеңберінде анықтаңдар деді», – дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айман Омарова.
Оның айтуынша, Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың баласы қайтыс болғанда қоғам екіге бөлінді. Бірінші топ – полицияны жек көретіндіктен дәрігерлер жағына шықса, екінші топ – керісінше. Қ.Тезекбаевтың жақтастары бірінші топтың ұстанымын тиімді пайдаланды деп санайды.
«Қоғамның басым бөлігі полицияны жек көреді, бірақ солай екен деп дәрігерлердің немқұрайлығын жай қателікке жатқызуға болмайды. Соңғы уақытта Алматы қаласында ғана медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамау фактілері бойынша 136 қылмыстық іс тіркелген. Бұл не? Дәрігерлік қателік пе немесе немқұрайлық па? Неге дәрігерлердің жұмысына деген немқұрайлыққа жазаны күшейтпейді?» дейді қорғаушы.
Баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан ауруханаға түскеннен бастап жанында жүрген Бақтияр Әбдірайымов (Н.Күдебаевтың немере ағасы ) оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді.
«Мен Нұрсұлтанның немере ағасымын, Германияға алып бардым, бірақ оны елге басқа жағдайда алып қайттым. Германияға апарғанға дейін Нұрсұлтан үш апта бойы Алматыдағы №4 ауруханада жатты. Германияда ешқандай операция жасалған жоқ» дейді.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Күдебаев 28 шілде күні ауылда квадроциклдан құлап қалады да, жауырыны, бұғанасы мен бірнеше қабырғасы сынады. Әуелгіде оны Алматыдағы №7 аурухана қабылдап, операцияға дайындайды, бірақ наркоз берген соң инкубация жасай алмаған. Сонда Нұрсұлтанның әкесі қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласады, олар №4 ауруханаға баруды ұсынады. №4 ауруханадан Қ.Тезекбаевтың өзі келіп, науқасты алып кетеді. Нұрсұлтан операция жасалғанға дейін 1,5 күн №4 ауруханада жатады. Жақындары көңіл сұрап барып тұрған, жанында әйелі болған. Баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Күдебаевтың №7 қалалық ауруханаға да, №4 ауруханаға да өз аяғымен барғанын дәлелдейтін бейнежазбалар көрсетілді.
«Операция кезінде Қ.Тезекбаев Нұрсұлтанның ата-анасына шығып, бәрі жақсы болады, операцияны менсіз істей береді деді. Бірақ оны дәрігерлер кері шақырып алды да, науқастың жүрегі тоқтап қалды деді» дейді Б.Әбдірайымов.
Ол Қ.Тезекбаевтың Күдебаевты Германияға апарғаны туралы білмеген деген сөзді де жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қ.Тезекбаев Нұрсұлтанды Германияға өзі шығарып салған.
« 21 тамызда Германияға ұшып кеттік. Тезекбаев Нұрсұлтанды қандай клиникаға алып баратынымызды да білді. Ол бізді ұшақ бортына дейін шығарып салды. Онымен бірге реаниматолог та болды» дейді.
Баспасөз мәслихатында адвокаттың сұрауы бойынша Алматы әуежайынан алынған бейнежазба көрсетілді. Онда дәрігер Қ.Тезекбаевтың Нұрсұлтанның туыстарын шығарып салып жүргені анық көрінеді.
«Нұрсұлтанды Германияға жеткізген соң реанимация бөліміне жатқызды. Ол жерде миын томографияға түсіріп, төрт түрлі тест жасаған. Ол тесттің төртеуі де миында тіршілік белгісі жоқ екенін көрсеткен. Дәрігерлер оның мүмкіндігі жоқ екенін түсіндірді. Біз Германияда бір апта ғана болдық. Сәрсенбі бардық, келесі сейсенбі күні «ініңіздің жүрегі тоқтады» деген SMS-хабарлама келді. Мен неміс дәрігерлеріне «Сіздер үміт бар деп едіңіздер ғой, неге бұлай болды?» дедім. «Бізге науқас туралы толық мәлімет келгенде, сіздерді шақырмас едік. Өйткені үміт жоқ екен» деген жауап алдым» дейді.
Бақтияр Әбдірайымов Германияда мәйітті сойып тексерудің өз талаптары бар екенін айтады. «Бавария заңы бойынша, марқұмның неке куәлігі, балаларының туу туралы куәлігі керек екен, ал ол құжаттар менде болған жоқ» дейді. Ол Н.Күдебаевтың Германияға тасымалдау шығынын марқұмның туыстары төлегенін жеткізді.
Адвокат Айман Омарова дәрігерлер қамауда болуы тиіс деп санайды. «Дәрігерлер сот-медициналық сарапшы жасар кезде әріптестерінің жағына шыға ма деп алаңдап отырмыз» дейді.
Есте болса, Қ.Тезекбаевтың қамауда шашын алып тастағаны туралы ақпарат тарап еді. Адвокат онда тұрған дәнеңе жоқ деген пікір білдірді.
«Қамауға алынғандардың барлығының шашын алады. Себебі ол жерде неше түрлі қылмыскер бар. Біз – қорғаушылар шашты тақырлап алмай, жарты сантиметр көлемінде қиса деген ұсыныс айтып жүрміз. Әзірге ұсынысымыз өткен жоқ. Сондықтан Тезекбаевтың шашын алып тастады деп даурығуға себеп жоқ. Ол – бәріне ортақ талап» деді.
Баспасөз мәслихатында №4 аурухана дәрігерлерінің біліксіздігінен туысымызды жоғалттық, мүгедек болып қалдық дегендер де қатысты. Мәселен, Н.Аминованың қайтыс болғаны туралы іс бойынша жәбірленуші журналист Марат Шаханов, 6 жасар Э.Янушайтенің қайтыс болуы туралы іс бойынша жәбірленуші Иоланта Янушене, №4 аурухана қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы фактісі бойынша жәбірленуші Айқын Айсәулет пен Қарлығаш Жылысбекова аталған аурухана дәрігерлеріне қатысты пікір білдірді.