Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарған 100 адамның тізімін жариялады. Бұл азаматтардың мемлекет алдындағы жалпы борышы 286 019 395 теңгені құрайды. Оның 175 354 401 теңгесі – негізгі қарыз болса, қалған 110 664 995 теңге – өсімпұл. Соның ішінде Қарағанды облысының тұрғыны салық қарызы ең көп адам ретінде көш бастады. Ол ел қазынасына 65 млн теңгеден астам салық берешегін өтеуі тиіс. Мұндай рекордтық сома жер салығын төлемеуден пайда болыпты.
Сонымен, салық бойынша ең көп берешегі бар азаматтың кім екені бәрін қызықтырса айтайық, аты-жөні – Асқар Нәбиев. Оның 37 млн теңге салық қарызы болған, соны төлемей жүре бергендіктен, 27 млн теңгеден астам өсімпұл қосылған. Сөйтіп, берешегі 65 миллион теңгеден асып кеткен.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, елде салығы бойынша өсімпұл сомасы негізгі борыш сомасынан асып кеткен азаматтар да бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талғатбек Ильясовтың жер салығы бойынша жалпы берешек сомасы – 19 050 875 теңге, оның ішінде негізгі борышы – 8 685 027 теңге, өсімпұлы – 10 365 848 теңге.
Көлік салығы бойынша борышкерлер тізімін Қарағанды облысы бастап отыр. Фадис Мустакимов есімді азамат 6 081 323 теңге қарыз жинаған. Оның төлеуі тиіс негізгі сомасы – 4 059 318 теңге, есептелген өсімпұлы – 2 022 005 теңге.
Кейбір қазақстандықтар мүлік салығы бойынша да қарыз жинап үлгерген. Мысалы, Жамбыл облысының тұрғыны Ерлан Тоқсанбаевтың жалпы берешек сомасы – 576 191 теңге, оның ішінде негізгі қарыз – 335 811 теңге, өсімпұл – 240 380 теңге.
Мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр екен. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда салыққа рақымшылық жүріп жатыр. Жыл соңына дейін негізгі борыш сомасын төлеген азаматтардың өсімпұлы есептен шығарылады. Сондықтан жоғарыда аталған 100 адам негізгі қарызын төлесе, өсімпұлы өзінде қалады. Ал салық төлеушілер қарызы бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан тексере алады.
Тұмар МЫРЗА