65 000 000 теңге салық төлемеген

65 000 000 теңге салық төлемеген

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жал­тар­ған 100 адамның тізімін жариялады. Бұл азамат­тар­дың мемлекет алдындағы жалпы борышы 286 019 395 тең­гені құрайды. Оның 175 354 401 теңгесі – негізгі қа­рыз болса, қалған 110 664 995 теңге – өсімпұл. Соның ішінде Қара­ғанды облысының тұрғыны салық қарызы ең көп адам ретінде көш бастады. Ол ел қазынасына 65 млн теңгеден астам салық берешегін өтеуі тиіс. Мұндай рекордтық сома жер салығын төлемеуден пайда болыпты.

Сонымен, салық бойынша ең көп берешегі бар азаматтың кім екені бәрін қызықтырса айтайық, аты-жөні – Асқар Нәбиев. Оның 37 млн теңге салық қарызы бол­ған, соны төлемей жүре берген­дік­тен, 27 млн теңгеден астам өсім­пұл қосылған. Сөйтіп, бе­решегі 65 миллион теңгеден асып кеткен.

Мемлекеттік кірістер комите­тінің дерегіне сүйенсек, елде са­лы­ғы бойынша өсімпұл сомасы негізгі борыш сомасынан асып кеткен азаматтар да бар. Мысалы, Нұр-Сұл­тан қаласының тұрғы­ны Тал­ғат­бек Ильясовтың жер са­лы­ғы бо­йынша жалпы бере­шек со­масы – 19 050 875 теңге, оның ішін­де не­гізгі борышы – 8 685 027 теңге, өсім­пұлы – 10 365 848 теңге.

Көлік салығы бойынша бо­рыш­керлер тізімін Қарағанды облы­сы бастап отыр. Фадис Мус­такимов есімді азамат 6 081 323 тең­ге қарыз жинаған. Оның тө­леуі тиіс негізгі сомасы – 4 059 318 теңге, есептелген өсімпұлы – 2 022 005 теңге.

Кейбір қазақстандықтар мү­лік салығы бойынша да қарыз жи­нап үлгерген. Мысалы, Жам­был облы­сының тұрғыны Ерлан Тоқсан­­баевтың жалпы берешек сомасы – 576 191 теңге, оның ішін­де негізгі қарыз – 335 811 теңге, өсімпұл – 240 380 теңге.

Мемлекеттік кірістер орган­да­ры салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үр­дісін алдағы уақытта да жалғас­­­ты­руды көздеп отыр екен. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақ­станда са­лық­қа рақымшылық жүріп жатыр. Жыл соңына дейін негізгі борыш со­ма­сын төлеген азаматтардың өсім­пұ­лы есептен шығарылады. Сон­дық­тан жо­ға­рыда аталған 100 адам не­гізгі қа­рызын төлесе, өсімпұлы өзін­де қа­лады. Ал салық төлеушілер қа­рызы бар-жоғын Мемлекеттік кі­рістер комитетінің сайтынан тек­сере алады.

 

Тұмар МЫРЗА