Қазақстандық ақпарат кеңістігіне жарқ етіп шығып, үш-төрт күннен бері жалпыға ортақ тақырып болып жатқан «Томирис» филімі туралы пікірлер сан алуан. Кинотанушы мамандар мен көрермендердің пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Гүлзат КӨБЕК,
Кинотанушы, PhD докторы,
Тұран» университетінің профессоры:
– Томирис патшайымның тағдыры таққа таңдалған. Біз тарихты нақты фильмнің оқиғасының желісімен ғана пайымдаймыз. Тарихи жадыдан көп нәрсе өшірілген болуы да мүмкін. Фильмде саяси астармен көп көркемдік шындық қосылуы да мүмкін. Қалай болған күнде де фильмнен бір-ақ фактіні алға тартамыз. Бұл – менің қағидамдағы «Әйел отбасындағы отанасы орнында отырып-ақ әлемді басқара алады» деген пайымым. Бұл – ақиқат. Томиристей әйел заты өз дәуірінде осыны дәлелдеп шыққан.
Ол өжет. Ол сезімтал. Ол ұстанымдарына берік. Оның түйсігі оны алдағы үлкен миссияларына қарай бағыттап отырды. Ол қалаған жоқ. Ол мақсат еткен жоқ. Бар көздегені әкесінің кегін қайтару болды. Ол өзінің үлкен мәртебелі таққа тағдырымен таңдалғанын уақыт өте тылсым белгілермен ғана түсінді. Томирис маңызды шешімдер қабылдай білді. Елдік, таптық, халықтық мүдделерді қорғаудың жауапкершілігін сезінді. Өміріндегі маңызды шешімдерінің бастамасы оның өзіне лайықты жар таңдауы болды. Томирис ер-азаматтардың күш-жігерін өз мақсатына жұмылдыра білді. Оның даналығы да осында. Тақты да, жерді де осы шешімімен ұстап тұрды.
– Томирис – бақытты ана. Тақ ұрпақпен байланысты. Әкесінен мұрагерлікке қалған қоғамды басқарудың жауапкершілігімен қоса, өзінің жар ретінде теңін тауып, әйел-ана ретінде бала сүйіп, табиғатына сай үйлесімде өмір сүрген үлгілі тұлға. Тарихта таңғалыс тудырған оқиғалар болса, оның бірі және бірегейі осы – Томирис. Әлемдік саясатта елді әйел басқарған оқиғалар жоқ емес. Аз болса да тарихта маңызды қадамдар жасаған рухы мықты әйел тұлғалар болған. Олардың бейнесін, болмысын, табиғатын, түйсігінің тілін зерттеу, түсіну, қорытындыға келу қашан да қызық. Олардың басты миссияға қарай жүрген жолындағы түйсігінің табиғатын түсіну маңызды. Не себептен?! Кім үшін?! Не үшін?! Бұл сұрақтар қашан да өзекті. «Томирис» тарихи фильмінен бұл сұрақтардың жауабын табуға болды. Және бұл фильм – Қазақстанның киноөндірісінде маңызды тақырыптарды ашудағы шешуші қадам.
Баубек НӨГЕРБЕК,
Кинотанушы, PhD докторы, Т. Жүргенов атындағы ҚАЗҰӨА доценті:
– Киноны идеологияның құралы дейміз. Осы тұрғыдан алғанда сақтардың тілін көне түркі етіп көрсетуі үлкен жетістік болды. Яғни, түркология ғылымының жетістіктеріне арқа сүйеген отандық киноиндустриядағы ірі жоба жүзеге асты деп есептеймін. Осыған дейін сақтарды «парсы тектестерге» жатқызып жүргендердің қарасы көп болды. Біз тәуелсіз ел ретінде осыны қорықпай көрсетіп, батылдық таныта алдық.
Ал фильмнің көркемдік жағын алсақ, кемшіліктері де жоқ емес. Әсіресе, Тұмар патшайымның балалық шағын ықшамдап беруге болар еді. Ұйқаспай қалатын тұстары да бар. Біз, әрине, Томиристің үлкен қолбасшы болғанын білеміз. Фильмде көшбасшы ретінде халықтың оған неге тез ергені, батырлардың тез мойынұсынғанын жеткізу түсініксіз боп қалды. Оның нақты бір ерлігін, даналығын көрсету керек еді.
Режиссер Ақан Сатаевтың шығармашылығы тұрғысынан айтсақ, «Жаужүрек мың бала» фильмінде шабуыл сахналары стратегияға негізделмей, жай шайқас, ұрандалған үлгіде өрбіді. Ал бұл фильмде сол кездегі көп сынның нәтижесін көргендей болдық. Әскери тактикаға негізделген, соған баса назар аударылған. Актерлер өздеріне артылған міндетті ойдағыдай атқарып шықты. Киім, костюм, әсіресе, декорация жоғары деңгейде орындалған. Ал енді графикаға келгенде сапасы заманауи фильмдермен салыстырғанда төмендеу екені анық. Әсіресе, шабуылдағы әскерді жоғарыдан кішірейтіп көрсеткені мен түсіне кіретін қанатты, құбыжық арыстанды сапалырақ жасауға болар еді. Компьютерлік графика жағынан келгенде контраст көзге ұрып тұрды. Әрине, фильм қазақ тілінде ұсынылуы керек еді. Тек осы жағынан осалдық кетпегенде, көрермен бірақ мәселеге көз жұмып қарауға пейіл еді. Жалпы айтқанда, «Томирис» фильмі түркілердің тұяғымен дала кезген дүбірлі дәуренінен xабар беретін тариxи туынды болды.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
журналист:
– Ұлы даланы ұлықтаған патшайымның «Томирис» фильмі қалың көпшілікке ерекше жаңалық болды. Сюжет желісі ұнады. Басты рольде ойнаған, кинодағы дебюттік ролін тарихи кейіпкерді сомдаудан бастаған Альмира Тұрсын көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Бұл – еліміздің кино тарихындағы ең ірі тарихи киножобалардың бірі. Осы жобаға жауаптылардың үлкен жауапкершілікпен бар күшін салғаны көрініп-ақ тұр. Фильм тарихымыз тереңнен тартатынын және ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен Ұлы дала рухын көрсете алды.
Фильмде бүгінгі күні ара-тұра айтылып жатқан қателіктер де болған шығар. Бірақ оны осы саланың мамандары айта жатар. Менің көрермен ретінде ерекше қуанғаным, батыр бабаларымыздың отты емес, қылышты қадір тұтқанын дәлелдеген туынды болды. Жастайынан ат құлағында ойнаған, шауып келе жатып нарды кесіп түсірген мәрт мінезді халықтың мәдениеті көрініс тапқан.
«Серт бұзылса, қылыш қанға боялады» деген қазақ мәтелінің түп негізі осы кезеңдерден тамыр тартады ғой. Сақтардың түрік тілінде сөйлегенін, олардың өз бабаларымыз екенін көрсетті. Тасада тығылып жатқан күллі түркі әлемінің ата тілін қайта тірілткен туынды болды.