Елбасы салған сара жолды сабақтастықпен қабыл алып, халықтың сеніміне ие болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауы ел игілігін еселеуге бағытталған маңызды құжат болып отыр.
Жолдаудың ең басты құндылығының бірі – алдымен қоғамдық диалог мәселесін негізгі орынға қоюында дер едім. Жолдаудың тақырыбы айтып тұрғандай, еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің алдағы уақыттағы негізі халық пен мемлекеттік аппарат арасындағы диалогтің орнауы болмақ. Осы орайда, Жолдауда Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет» деп өзінің ұстанымын нақты көрсетіп өтті.
Жолдаудағы азаматтық қоғамға қолдау көрсету, мемлекеттік міндеттерді шешуде азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану, қоғамды толғандырған мәселелерді азаматтық диалог аясында шешу туралы бастама халыққа жасалған жаңаша бетбұрысты білдіреді. Сонымен қатар Президент Жолдауында қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болуы керек екендігі атап көрсетілген. Бұл бастамалардың азаматтық қоғам тарапынан қолдау табатындығына еш күмән жоқ.
Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе – қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеуге қатысты пікір болып отыр. Осыған орай, Президенттің қазақ тілі жайлы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген пікірінің маңызы зор. Себебі әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, мемлекет құрушы ұлттың тілі сол елде басымдылыққа ие екендігін көреміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту және оны барынша ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, тәуелсіздігіміздің іргесін бекіте түсуде аса маңызды. Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру, мемлекеттік тілдің еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің ортақ тіліне айналып, қоғамдық өмірде маңызды орынға шығуына септігін тигізеді. Бұл – Жолдаудағы халық қолдап отырған бастамалардың бірі.
Тағы бір ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе – Жолдауда Мемлекет басшысы адам құқықтарының қорғалуына, әсіресе, қоғамдық өмірде орын алатын жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігіне тоқталған.
Аталған мәселелер біз өмір сүріп отырған қоғамда күрделі сипат алып бара жатқаны анық. Оған келесідей статистикалық мәліметтер дәлел бола алады. Мәселен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы елімізде отбасылық-тұрмыстық жағдайда жасалған 919 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Мұның 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын көруге болады. Ал 2019 жылдың алты айында осы салада 415 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында құқықбұзушылық санының 29,3 пайызға өскенін байқауға болады.
Адам саудасына келер болсақ, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2016-2018 жылдар аралығында елімізде 925 қылмыстық іс қозғалса, 2019 жылдың сегіз айында елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалған.
Осыдан аңғаратынымыз, жыл өткен сайын елімізде адам саудасы, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны төмендемей, керісінше, артып отыр. Бұл тиісінше жедел шара қолданылуы тиіс түйткілді мәселе деген сөз.
Президенттің Жолдауда осындай маңызды мәселелерге арнайы тоқталуы, бұл сұрақтардың алдағы уақытта мемлекеттің назарынан тыс қалмайтындығын білдірсе, оған қарсы күресті тұтас қоғам болып қолға алу баршамыздың ортақ міндетіміз болмақ.
Осыған орай, Жолдауда Мемлекет басшысы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеу қажеттілігіне тоқталған. Бұл өте маңызды да құптарлық ұсыныс дер едім. Заманында орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевский «Егер бір сәбидің көз жасы төгілетін болса, сол қоғам түкке тұрғысыз» деген болатын. Балаларымыздың бейкүнә жүзіндегі бақыт пен олардың қауіпсіз өмір сүруі біздің де қоғамымыздың басты көрсеткіші болмақ. Осы мәселенің ел басқарып отырған тұлғаның назарынан тыс қалмауы, олардың қауіпсіз болашағына деген сенімді нығайта түскені анық.
Ерболат МҰҚАЕВ,
Сенат депутаты