Тауарымызды алмай қойды
Негізі, дау «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Айбек Барысовтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған ашық хатынан кейін басталды. А.Барысов өз хатында Қорғаныс министрлігінің 2020-2021 жылдары сатып алуға уәде еткен 30 дана «Арлан» бронды көлігінің тек 11-ін ғана алмақ болғанын жазған. Ал 2021 жыл үшін «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС-іне ешқандай тапсырыс түспеген көрінеді. Тапсырыстың күрт кемуінің салдарынан кәсіпорын банкротқа ұшырауы мүмкін екен. Өйткені компания банктерге 9 млрд теңге қарыз. Одан бөлек, ақша жоқ болған соң «Ансар» автоматты кешені орнатылған «Барыс 8 х 8» көлігін жасау, «Шұғыла» атысты басқару жүйесі орнатылған ұрыс модульдерін, «Арлан» көлігінің базасында радиациялық-химиялық қауіпсіздіктің барлау кешенін, артиллерия атысын басқару машинасын, 120 миллиметрлік миномет жүйесі орналастырылған «Барыс 6 х 6» көлігін жасау, жаяу әскердің шынжыр табанды бронды машинасын құрастыру мүмкін болмай қалады екен. Одан басқа, кәсіпорын банкрот болса 200-ден астам жоғары білікті маман мен серіктес мекемелердегі 1 500-дей жұмысшы жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан кәсіпорын басшылары жанталасып жатса керек. Деректерге қарағанда, Қорғаныс министрлігі кәсіпорыннан 2030 жылға дейін 274 «Арлан» және 106 «Барыс» көлігін сатып алуға ниет танытыпты. Бірақ өзара келісім емес, меморандум ғана жасалған. Оның үстіне «Барыстың» әлі толық сынақтан өтпегені тағы бар. Сол себепті ме, жоқ, әлде шынымен де коронавирус дағдарысының кері әсері болды ма, Қорғаныс министрлігі отандық бронды көліктерді сатып алуға асығар емес. Кәсіпорын басшыларының шыр-пыр болғаны содан. Алайда «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС соңғы екі аптада үнсіз қалды. «Айқын» редакциясы атынан жолдаған хатымызға да жауап бермеді. Баспасөз қызметіндегілер Қорғаныс министрлігі жағынан оң шешім шығатын болар деп үміттеніп отырғанын айтады. Шамасы ашық хат пен «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС басшысы Ербол Сәлімовтің бірқатар масс-медиаға берген сұхбатынан кейін «жоғары жақтағылар» өзара мәмілеге келгенге ұқсайды. Әйтпесе, кәсіпорын басшыларының әу бастағы қарқыны қатты еді.Меморандумды құны жоқ құжатқа теңеді
«Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС масс-медиа арқылы министрлікпен арадағы мәселені жұртқа жария қылған соң, Қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратқан. Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев салған беттен кәсіпорын басшыларының «оғаш қылығына» таңғалғанын білдірді. Вице-министр министрліктің отандық өндірушілерді қолдауға даяр екенін, бірақ өнімдердің сапалы болғаны жөн екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС мен Қорғаныс министрлігі 2017 жылы меморандум жасасыпты. Біз сөз басында айтқан 274 «Арлан» мен 106 «Барыс» көлігі жайлы уағдаластық сол кезде жасалыпты. Бірақ вице-министр меморандумның заңды күші жоқ екенін айта келе, министрліктің биылға дейін 90 «Арлан» көлігін сатып алғанын айтады. Жыл аяғына дейін тағы 30 көлікті сатып алмақ екен. Одан бөлек, қорғаныс техникаларын сатып алуға бөлінген бюджет қаржысы биыл наурызда 30 пайызға қысқарғанына қарамастан, 2021 жылы 11 бронды көлік сатып алуды жоспарлапты. Ал «Барысты» сынақтан өткен соң қабылдамақ екен. Министрліктің уәжі осындай. Егер Қорғаныс министрлігінің басшылары сөзінде тұрар болса, әскерилер 2030 жылға дейін сатып алуды жоспарлаған барлық «Арланның» 50 процентін 2021 жылдың соңына дейін сатып алмақ. Бұл – тәуір көрсеткіш. Яғни, әскерилер сөздеріне тұрғанға ұқсайды. Бірақ мәселенің ақпараттық қақтығысқа ұқсайтын өзге қыры бар.Ресей лоббиі бар деседі
Жалпы, әскери техника мен қару-жарақ саудасында өндірушілердің ықпал ету аймағы мен оларға бүйрегі бұратындардың лобби жасайтыны қалыпты құбылыс. Қару-жарақ экспорттаушыларының көш басында тұратын бірнеше ел түрлі нарық үшін бәсекеге түсіп, сан қилы амал-айла қолданатыны бар. Мәселен, бертінге дейін Үндістан Ресей қару-жарағын сатып алатын белді импорттаушылардың бірі болса, соңғы жылдары үнділер орыс қаруынан бойын аулақ сала бастағаны байқалады. Қытай да солай. Өйткені қытайлар қазір қаруды өздері экспорттаса, үнділер француздарға, америкалықтар мен немістерге назар аудара бастаған. Бұл өз кезегінде Ресей нарығының тарылуына алып келді. Сөйтіп, теріскейдегі ел Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіне қысым жасай бастағанға ұқсайды. Әрине, тікелей емес. Жанама тәсілдер арқылы Қазақстан өндіретін кейбір техника мен құрал-жабдыққа тапсырыс көлемін азайтуға тырысқаны байқалып қалады. Оны ақпанда БТР саудасына қатысты масс-медиада бірнеше материал жарияланғанда ресейлік баспасөздің шу ете түскенінен, түрлі сарапшылардың, әскерилердің байбалам салғанынан байқауға болады. Ресейдің әскери өнеркәсібін жақтаушылар сол кезде Қазақстан нарығынан орыс техникасы ығыстырылатын болар-ау деп қауіптенді. Бірақ іс тура ондай деңгейге жеткен жоқ. Бірді-екілі отандық мамандар ғана бронетранспортер мәселесін көтерген еді. Негізі, Қорғаныс министрлігі сатып алған немесе алуды жоспарлаған техникаларға қатысты масс-медиада дүркін-дүркін мақалалардың жариялануы қалыпты жағдай. Кейде сондай мақалалар түрлі топтардың сойылын соғатындай көрінетіні бар. Дегенмен Арыстағы жарылыстан соң экс-министр Сәкен Жасұзақов әскери қызметтен мүлдем шеттетілген болатын. Медиада оның Ресей лоббиіне қызмет еткені жайлы деректер шыққан. Тіпті, министрлік пен Бас штабтың ескірген 30 БТР-ды сатып алмақ болғаны жайлы да айтылды. Отандық әскери ғалымдар ХХ ғасырдың 50-60-жылдары сызбасы әзірленіп, өндіріске енгізілген БТР көліктерінің ескіргенін алға тартқан. Сауыты жұқа, іші тар, заманауи ұрыс талаптарына сай келмейтінін айтқан. Бұл уәжге қарсы ресейшіл топ та қарсы пікір білдірген еді. Бірақ ешкім импорттауға болатын шетелдің өзге бронетранспортер жайлы жақ ашпаған. Тек бір топ орыс техникасын жамандаса, тағы бір топ мақтаумен әуре болды. Ал бронетранспортерді «Арланмен» толық алмастыру бөлек қисынсыз еді.«Отаншылдардың» қатесі
Негізі, отандық «Арлан» және «Барыс» көліктерінің сапасын әскерилер нашар демейді. Біз бұл көліктерді құрастыруды заманауи бронды автомобильдер жасауда мол тәжірибесі бар Оңтүстік Африка Республикасының тәжірибесіне сүйене отырып қолға алғанбыз. Сондықтан отандық өндірісті қолдайтындар Қазақстанда құрастырылған техниканы мейлінше жақтайды. Дегенмен қару-жарақ саудасына қатысты мәселеде отандық кәсіпорын басшыларының өкпелеп жүргені орынсыз көрінді. Өйткені ресейлік БТР-80 және БТР-82 А көліктері мен отандық «Арлан» және «Барыс» бронды көліктерінің классификациясы мүлдем бөлек. Егер ресейлік моральды тұрғыда ескірген БТР-80-нің орнына финдердің Patria-сын алуды талап етсек, онда әңгіме бөлек. Бірақ соңғы келіспеушілікте бронетранспортердің орнына сауытты автомобиль алу керек дейтін сыңай байқалады. Демек, отандық өнімнің өтуіне мүдделілік танытқандардың да буынсыз жерге пышақ ұрып тұрғаны байқалады. Өйткені Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейін сатып алуға уәде еткен 274 «Арланның» 90-ын алып қойған, 30-ын жыл аяғына дейін сатып алмақ. Бұл дегеніңіз – 120 машина. Әскерилер бұл тұрғыда уәделерін орындап отыр. Алайда бұл жағдай қазақстандық әскерилердің ішінде ресейшілдер жоқ дегенді білдірмейді. «Ең үздік ұрыс техникасын Ресей жасайды» деген ұстанымын байқататын офицерлер аз емес. Алайда Қазақстан армиясы үшін Ресейден «Тигр», «Рысь», «Медведь» және «Волк» көліктерін сатып алу жайлы дерек кездестірмедік. Тек 2011 жылы «Терминатор» БМПТ көлігін алғанымыз бар. Ол автокөлік емес, танк тәрізді, шынжыр табанды ауыр көлік. Оларды біз жасай алмаймыз. Ал «Арлан» мен «Барыс» мүлдем басқа техника. Ендеше Қорғаныс министрлігін тек бронды автокөлік алуға мәжбүрлеу «отандық лобби» тәрізді сипатқа ие. Дегенмен қорғаныс өнеркәсібін дамытудың тағы бір қыры бар.Қазақстандық үлес деген бар
«Отандық лоббидің» ең басты уәжі импорт алмастыру болғанымен, оның әлеуметтік әсері бар. Егер ««Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС банкрот болса кемі 2 мыңдай адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Олар саланың ерекшеліктерін білетін білікті мамандар. Жұмыссыз қалған инженерлердің шетелдерге кетуі қиын емес. Демек, кәсіпорынның банкротқа ұшырауы стратегиялық тұрғыда қате қадам болар еді. Одан бөлек, жаңа жобалар аяқсыз қалады. Оның үстіне, кәсіпорын қазір құрастырып жатқан техникаға қажет бөлшектердің отандық үлесін 72 процентке жеткізді. Ендеше бір компаниямен бірге тағы бірнеше кәсіпорын зардап шегуі мүмкін. Отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталовтың сөзіне қарағанда, бұл жерде мәселе қорғаныс өнеркәсібіндегі отандық үлесті арттырудың маңызында болып тұр. «Қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың жаңа түрлерін әзірлеуде, жөндеуде, модернизациялауда және олардың құрамындағы қазақстандық үлесті 50-75 процентке арттыру мүмкіндігіміз бар. Қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін әзірлеуде де солай. Экономикалық және саяси кеңістікте, уақыт мерзімінде аздаған саңылау тұр. Сол саңылаудан кешігіп қалмай өтіп кетуіміз керек. Көп ұзамай бұл мүмкіндік жоғалады», – дейді Ермек Сейітбатталов. Сондықтан «Арлан» мен «Барысты» құрастырған зауыт басшыларының жанайқайын түсінуге тырысқанымыз жөн шығар. Өзгенің дайын техникасын қашан да сатып алуға үлгереміз.Ардақ СҰЛТАН