Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен Жетісуда елді елең еткізген, ұлттық спорт түрінің бірі деп атауға болатын ерекше жарыс өтті.
Тарихтан білетініміздей, алыс-жақын шетелдерді қазақ жері арқылы байланыстырып, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа сауда керуендері қатынаған, сол арқылы рухани-мәдени байланыстар өркендеген Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігі бүгінгі Алматы облысының аумағы арқылы өткен. Соның ішінде қазіргі Кеген ауданындағы Қарқара ауылының маңында орналасқан «Қарқара» жәрмеңкесінің аты мен атағы заманында алысқа кеткені де мәлім.
Халықаралық деп атау беруге лайықты арбашылар жарысы осы Қарқара ауылдық аумағындағы «Шарқұдық» деп аталатын туристік демалыс орнында ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар Ұлы Жібек жолының керуеніне ұқсас арбашылар тізбегімен, ұлтымыздың ежелгі көшпелі салт-дәстүрлері мен көші-қон, аңшылық, ізшілдік тәсілдерін кеңінен пайдалана отырып, таулы өлкедегі табиғаттың кереметтерін тамашалады, тарихымен кеңірек танысты. Жастарды өткенді құрметтеуге, ұлттық өнер мен дәстүрді ұлықтауға баулып, оларды күрделі шақта шешім қабылдауға, топ бастауға үйретті. Кейбір қиындықтарды ұйымшылдықпен жеңуге болатынын көрсетті.
«Жетісу арбасы» жарысына Үндістан, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан командалары қатысты. Сынаққа бел буған командалар тоқтайтын, демалатын орындарды өз қалауынша орнатып, барлық қарекеттерін көшпенділердің тұрмысына сай жүргізді. Жарыс кезеңдерінде олар із қуу, тау жолдары, жазық жолдар арқылы жүруден, садақпен нысана көздеуден шеберлік пен шыдамдылығын сынға салды.
Ерекше жарыстың жеңімпаздарын марапаттауға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов қатысып, тілек білдірді. Жарыстың барлық кезеңінің қорытындысында бас жүлдені Қазақстанның командасы иеленді. Оларға ауыспалы кубок тапсырылды. Ал «Алтын керуен» кубогы Өзбекстан командасына бұйырды. Мұндағы екінші орынды Қазақстан еншілесе, үшінші орынды Үндістан командасы алды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы