«Жетісу арбасы» жарысы өтті

«Жетісу арбасы» жарысы өтті

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының бас­­­та­масымен Жетісуда ел­­ді елең еткізген, ұлттық спорт түрінің бірі деп атауға бо­ла­тын ерекше жарыс өтті.

Тарихтан білетініміздей, алыс-жақын шетелдерді қазақ жері арқылы байланыстырып, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа сауда керуендері қа­ты­­наған, сол арқылы рухани-мәдени байланыстар өркен­деген Ұлы Жібек жолының негіз­гі бөлігі бүгінгі Алматы облы­сы­­ның аумағы арқылы өткен. Соның ішінде қазіргі Кеген ауда­нын­­дағы Қарқара ауылының маңында орналасқан «Қарқара» жәрмеңкесінің аты мен атағы зама­нында алысқа кеткені де мәлім.

Халықаралық деп атау бе­ру­ге лайықты арбашылар жа­ры­сы осы Қарқара ауылдық аума­ғындағы «Шар­құдық» деп аталатын турис­тік демалыс орнында ұйым­дастырылды. Жарысқа қатысу­шы­лар Ұлы Жібек жолының керуе­ніне ұқсас арбашылар тізбегі­мен, ұлтымыздың ежелгі көшпелі салт-дәстүрлері мен көші-қон, аңшылық, ізшілдік тәсілдерін кеңінен пайдалана отырып, таулы өлкедегі табиғаттың кере­меттерін тамашалады, тари­хымен кеңірек танысты. Жас­тарды өткенді құр­меттеуге, ұлт­тық өнер мен дәс­­түрді ұлық­­­тауға баулып, оларды күр­делі шақта шешім қабылдауға, топ бастауға үйретті. Кейбір қиын­дық­тарды ұйымшылдықпен жеңуге болатынын көрсетті.

«Жетісу арбасы» жарысына Үн­дістан, Қытай, Өзбекстан және Қазақстан командалары қа­тыс­ты. Сынаққа бел буған коман­далар тоқтайтын, демалатын орын­дар­ды өз қалауынша орна­­тып, бар­лық қарекеттерін көш­пен­ді­лер­дің тұрмысына сай жүр­­гізді. Жарыс кезеңдерінде олар   із қуу, тау жол­­дары, жазық жол­дар ар­қы­лы жүруден, садақпен ны­сана көз­деу­ден шеберлік пен шыдам­ды­лы­ғын сынға салды.

Ерекше жарыстың жеңім­паз­­дарын марапаттауға Алма­ты облыстық ішкі саясат басқар­ма­­сының басшысы Рустам Ал­пысбаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов қатысып, тілек білдірді. Жарыстың барлық ке­зе­ңі­­нің қорытындысында бас жүл­дені Қазақстанның командасы иеленді. Оларға ауыспалы кубок тапсырылды. Ал «Алтын керуен» кубогы Өзбекстан командасына бұйырды. Мұндағы екінші орын­ды Қазақстан еншілесе, үшін­ші орынды Үндістан командасы алды.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы