Былтыр 18 жасқа толмай жатып 70 жігіт үйленіп, 984 қыз тұрмысқа шыққан. Ерлерге қарағанда, қыздар арасында бұл тенденция жыл өткен сайын өршіп барады. Жалпы, портретін жасап көрсек, ерте тұрмыс құратын қыздардың дені негізгі мектепті, 9-сыныпты аяқтаған, ауылда тұрады. Басым көпшілігі қатарына емес, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттің жары атанады. Мектепті енді бітірген қыз алдағы отбасылық сынаққа дайынмын деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Соның салдарынан алғашқы түсініспеушіліктен кейін-ақ қолды бір сілтеп, ажырасуға бел буады.
Жасөспірім қыздардың жүктілігі жөнінен антирекорд жасадық
Сандарды сөйлетсек, осы жылдың бірінші жартысында 15-18 жас аралығындағы 3 398 қыз жүктілікке байланысты есепке тұрған. 552 қыз аборт жасауға шешім қабылдаған. Демографиялық ахуалды көтеруді мақсат еткен Қазақстандай ел үшін жарты жылда 500-ден аса болашақ сәбиден айырылу – үлкен қатер. Бұдан бөлек, жас қыздардың алғашқы жүктілікті аборт арқылы тоқтатуы оның болашақта бала сүю мүмкіндігіне де кері әсерін тигізеді. Акушер-гинеколог Раушан Бердібекова кәмелетке толмаған қыздардың ағзасы жүктілікке толық дайын болмайды деген пікірде. «19 жасқа дейінгі қыздарда жүктілік көбіне жоспардан тыс болып қалады. Ондайда алдын ала дайындық та болмайды. Ана болатынын толық сезінбеуі мүмкін. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі ахуалмен салыстырғанда, 15-19 жастағы біздің жасөспірім қыздар алты есе көбірек босанады екен. Әрі 20-24 жастағы қыздармен салыстырғанда, жасөспірімдерде жүктілік ауырлау өтеді. Мерзімінен бұрын босану, жүйелі инфекциялар жұқтыру, токсикоздың өте қатты болуы, гестоз, босанған соң көп мөлшерде қан кету сияқты көптеген қиындыққа тап болып жатады. Мұның бәрі қыздар ағзасының жас ерекшеліктеріне байланысты», – дейді дәрігер. 2005 жылдан бастап әр 5 жыл сайын бірнеше рет кластерлік зерттеу жасалып келеді. Соның қорытындысына қарасақ, өрімдей жас кезінде тұрмысқа шыққан әйелдердің дені күйеуінің ұруға құқығы бар деп есептейді екен. Сауалнама жүргізіліп, сұхбаттасқанда түрлі тағдырға тап болуға болады. БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова ерте тұрмысқа шыққан қыздардың көбі оқуын жалғастырмай, жолдасына әбден тәуелді болып қалатынын айтып отыр. «Түрлі қыз-келіншектермен сөйлестік. Мысалы, бір кейіпкеріміз 16-ға толмай жатып тұрмысқа шыққан. Бірден көтеріп, босанған соң тағы бір рет жүкті болады. Аяғы ауыр кезде көп қиналған. Бірақ енесі «бәріміздің де басымыздан өткен, ештеңе етпейді» деп мән бермеген. Енді ол болашақта қызының ерте шықпауын қалайтынын айтып отыр. Ал кейбірі қыз тумағанына қуанады екен. Өйткені келін боп түскеннен кейінгі өмірі құдды тозақ секілді болған. Бір қызды 15 жасында еркінен тыс тұрмысқа берген. Барған жері құлша жұмсаған. 21 жасқа келгенде үш баланың анасы атанған. Күйеуінен де, үйдегі басқаларынан да таяқ жеген. Анасына шағымданса, «әкеңнің ұрғанына шыдап келеміз, сен де шыда» депті. Соның ақыры не болды десеңіз, әбден қажыған келіншек асылып өлген. Балалар жетім қалды. Ең қиыны, ондай отбасында өскен бала көп жағдайда дәл сол модельді көшіреді», – дейді сарапшы.Бақыттымыз дейтіндер де бар
Әйтсе де, ерте тұрмыс құрғандардың бәрі бірдей бақытсыз деуге болмайды. 55 жасында 4 баладан 12 немере мен жиен сүйіп отырған Жанар Әбденова (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) мәселе жаста емес, сана мен тәрбиеде деп санайды. «17 жасымда тұрмысқа шығып, 18 жаста тұңғышымды өмірге әкелдім. Үй мен түздің тірлігі, қатал ене, бірінен кейін бірі өмірге келген балалар, отағасымен арада туатын түсініспеушіліктер бастан өтті. Ажырасу туралы ой да келетін. Бірақ отбасын құрарда жасаған тәуекелдің тәтті нәтижесі болғаны жақсырақ. Сәл ғана соққан дауылға бола екі жаққа кеткен жөн емес деп ойлаймын. Меніңше, ерте не кеш шығудан бұрын отбасын құратын екі жастың арасындағы бірлік маңызды. Өйткені жаңа түскен келінді біздің қоғамда қолды ұзартатын, шаруа істейтін адам көреді. Ал негізі жаңа шаңыраққа түскен адамның бейімделуіне біраз уақыт керек. Ондайда ең алдымен жолдасы түсіністік танытпаса болмайды. Алғашқы айларда көмектесіп, туыстарының түрлі мінезіне үйренісуіне жағдай жасаса, ол кезеңді оп-оңай артқа тастайды. Одан бөлек, жаңа босанған келіншекте болатын депрессияны жеңуі үшін тағы да жолдасының қолдауы ауадай қажет. Ал бізде ер адамның әйеліне көмектесуін көбіне құп көрмей жатады. Үлгере алмай жатқанда ыдыс жуысқанда тұрған не бар? Қоғамның осы түсінігінен арылу керек сияқты», – дейді кейіпкер. Жастай отбасын құрған қыздардың бала да шала тірлігіне көз жұму оңай дейтін де пікір бар. Себебі жоғары оқу орнын тәмамдап, әжептәуір қызметте жүрген қыздың келіндік шаруасында олқылық бола қалса, сынның астында қалады. Әрі біздің қоғамға тән «Анасы не үйреткен» деп басталатын шымшу сөз кімге болсын оңай тимесі анық. Мұндайда жоғарыдағы кейіпкер айтпақшы, жолдасының қолдауы керек-ақ.Тұрмысқа ерте шығатындар статистикасы нақты емес
Соңғы 5 жылдағы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда жылына шамамен 1 200-ге жуық қыз ерте жаста тұрмысқа шығады екен. Бұған қатысты статистика нақты емесін де ескеру керек. Өйткені көп жағдайда жасырын ұсталады. Одан қалса, некені рәсімдеу тек 18 жастан кейін ғана рұқсат етіледі. Сондықтан бұл шама әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Рухани жаңғыру» қазақстандық Қоғамдық даму институты сарапшыларының сөзіне сүйенсек, ЭКО-ға квота бөлгендей, жасөспірім қыздардың жыныстық тәрбие туралы сауатын жетілдіру маңызды. Жыныстық сауат дегенде айтуға ұят саналатын тақырыптар ғана емес, отбасы болудың үлкен әрі маңызды қадам екенін еске салу қажет. Әлемдегі ахуалды да шолып шығайық. Кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру деректері көбіне Африкада тіркеледі екен. Одан кейінгі орында Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. UNICEF-тің мәліметінше, 2030 жылға қарай 120 миллион қыз 18-ге толмай тұрмысқа шығуы мүмкін. Өйткені қолда бар ақпарат бойынша, жыл сайын шамамен 12 миллион жасөспірім қыз дәуренімен қош айтысады екен. Ал жалпы есеп бойынша, бүгінде ерте тұрмысқа шыққан әйелдердің саны 650 миллионға жуық. Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Әйгерім Әшімова ерте жастағы некенің көбі тұрақсыз екенін айтып отыр. «Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, ерте жаста некелескендер көбіне ажырасып кетеді. Себебі жас жұбайлар арасында түсініспеушілік көп болады екен. Оған қоса, жаңа түскен келіннің үй шаруасы мен бала тәрбиесіне шектеліп қалатыны бар. Ерте жастағы некелердің түрлі факторын зерттеп, Қазақстандағы гендерлік кемсітушілік пен маргиналдықтың деңгейін анықтауға болады», – дейді сарапшы. Гендерлік кемсіту демекші, келіннің құқығын шектейтін жайттар жиі кездеседі. Білім алуға, жұмыс істеуге рұқсат бермеуден басталып, ойын ашық жеткізуге де тыйым салып, адам санатына қоспаумен аяқталады. Яғни, шай құюшы, тамақ істеп, бала туушы адамның рөлін таңу – қоғамда бар індет. Бірінші кезекте осы дертпен күрес жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар қазақы отбасыда жиі кездесетін жайт – келіншектің сөзін сөйлейтін ешкімнің табылмауы. Ал қолдаудан құр алақан болған адамның басына бұлт үйірілген күйі сейілмей қояды. Мұндайда айрандай ұйыған отбасы, бақытты бала туралы әңгіме қайдан қозғалсын? Сондықтан отбасын құру ойыншық емесін кім болсын құлағына құйып өскені дұрыс. Ол үшін шаңырақты шайқалтпаудың жолдарын санаға сіңіретін заманауи әдіс керек.