Тек соңғы уақытта қолға алынған бастамаларды айтсақ, мемлекеттік қызметке талантты басқарушыларды тарту үшін президенттік кадрлық резерв жасақталды. Таяуда «Jas Otan» Жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар –Отанға» бағдарламасын ресми таныстырды. Соған қарамастан, елімізден сыртқа ағылатын еңбек миграциясының қарқыны әжептәуір. Демография зерттеушілері жас мамандардың елден кетуі қалыпты құбылыс, бұл үрдіс күшейе береді дейді. Десе де, еліміздегі жастар саясатында жаттанды ұраннан гөрі, нақты іс-әрекет керек-ақ.
«Ауылдан біздің неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?»
Соңғы он шақты жылда Қазақстанда көп нәрсе өзгерді, бірақ жұмыссыздардың ресми статистикасы тұрақты түрде 450-500 мың адамнан аспайды. Мамандар бұл санға күдікпен қарайды. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың саны 2 миллионнан асқан. Әлемді жайлаған пандемия көптеген азаматтардың уақытша немесе мүлдем жұмыстан айырылуына әкеп соққан. Үкіметтің берген мәліметтеріне сенсек, 4,2 млн азамат жұмыстан айырылуына байланысты 42 500 теңгелік жәрдемақыға қол жеткізген. Жаз айларында келтірілген мәлімет бойынша, әлі де 1,1 млн адам жұмыссыз отыр. Мамандар жұмыссыздар қатарында жоғары білімді жастардың барына алаңдайды. Бүгінде Ресей, Германия, Израиль сияқты елдер репатрианттарға арналған бағдарламалары арқылы еңбек күшін көптеп тартып жатыр. Мәселен, Ресейде алдағы жылдары демографиялық тоқырау болуы мүмкін. Себебі демографияны жасауға кіре бастайтын ұрпақ – 2000-2002 жылдар аралығында туса, олардың қатарында қыздардың үлес салмағы аз болған. Яғни, Қытай, Үндістандағыдай ерлердің көптігі біраз демографиялық үзіліске әкеп соғуы мүмкін. Мұны ескерген Ресей Мемлекеттік думаға арнайы заң жобасын енгізіп, азаматтықты алу үшін РФ территориясында 5 жылға дейін тұруды міндеттейтін талапты алып тастамақ көрінеді. Әрине, Қазақстанда 90-жылдардан бері тарихи Отанына оралып жатқандардың көші толастар емес. Сондықтан эмиграцияны да белгілі бір ұлттық шеңбер, жас мөлшерімен белгілеуге болар еді. Мәселен, демографтар ұзақ жылдар бойы кетіп жатқандар негізінен – славяндар, оның ішінде 35 жасқа дейінгі азаматтар деп келді. Бірақ соңғы уақытта этникалық қазақ жастары арасында да шетелге кету үрдісі байқалады. Демографтардың зерттеуі бойынша, бүгінде сыртқа кеткендердің төрттен бір бөлігі – 15-28 жас аралығындағы азаматтар. Мамандар жас азаматтардың сыртқа кетуіне әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бөлек, сөз бостандығы, климат мәселесі де себеп деп есептейді.Басты себеп – жалақының төмендігі ме?
Демография зерттеушісі Мақсат Имандосов соңғы 18 жылда халық санының 4 миллионға артқанын айта келе, еңбек миграциясын қалыпты жағдай ретінде қабылдау қажет дейді. Оның ойынша, миграциялық көңіл күй мен сыртқа кетушілер саны арта түссе ғана алаңдауға болады. Бұл тұста Мақсат Имандосов: – Қазақстаннан кетіп жатқандардың 70 пайызы – орыстар. Одан кейін немістер мен украиндар үштікте тұр. Ал 4-орында – қазақтар. Яғни, қазақтар сыртқа кетіп жатқандардың 5 пайызын құрайды. Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, мемлекет оларға ақша құяды, мектепте, жоғары оқу орнында оқытады. Ал елімізге жоғары білімді инженер, басқа да сала мамандары ауадай қажет. Сондықтан білікті мамандардың кетуі жақсы емес. Екіншіден, біз Кеңес Одағындай жабық мемлекет емеспіз. Ешкімді шектей алмаймыз. Бұл Қазақстанның ғана мәселесі емес, көрші Өзбекстанда бізден ондаған есе көп адам сыртқа ағылады. Бұл – әлемдік тренд. Тіпті, АҚШ-тың өзінен миллиондаған адам сыртқа кетеді. Жапония мен Еуропадан да кетіп жатқандар көп. Бұған себеп – мәдени, отбасылық, діл мәселелері, – дейді. Демография зерттеушісінің айтуынша, миграциялық көңіл күйдің көтерілуіне түпкі себеп – еңбекақы деңгейінің төмендігі. Мәселен, Германияның өзінде мұғалімдер айына 8 000 еуро жалақы алады. Тіпті, неміс елінде жас фармацевтің жалақысы 51 мың еуродан басталады. Бұл – өмір сүрудің мүлдем басқа деңгейі. Негізінен, жоғары білімді қазақ жастары Германия, Англия, АҚШ-қа баруға тырысады. Сондай-ақ қонақүй бизнесі жақсы дамыған Біріккен Араб Әмірліктерінен де жалақысы жоғары жұмыс орнын табуға болады. Зерттеуші кейбір өңірлерде адам санының 30 жылдан бері тек азайып жатқанын сын тезіне алады. Оның айтуынша, өңірлердің даму деңгейінің төмен болуы да миграцияға әсер етіп отырса керек. – Қазір елімізде ауылдар дамып жатқан жоқ. Негізінен, бәрі қаржы құйылып жатқан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларына барады. Ішкі миграцияға келсек, мәселен оңтүстіктен солтүстікке кеткендердің айтарлықтай бөлігі қайтадан оралған. Статистика бойынша, солтүстік облыстар мүлдем дамымай жатыр. Ол жақта халық саны азайып барады. «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Еңбек», т.б. бағдарламаларды ауыз толтырып айтамыз, ал нәтиже қайда? Ай сайын елдегі демографиялық ахуалды зерттеп отырамын, бұл аймақта тек Қостанай ғана дамып жатыр, ал Петропавл, Көкшетау, Павлодарда тұрақты түрде адам санының кемуі байқалады. Мүлдем өсім жоқ, – дейді маман.Hello, America!
Биыл Американың грин-картасын Қазақстанның 2 406 азаматы ұтып алған. Әзербайжаннан – 1 439, Қырғыз елінен – 2 130, Тәжікстаннан – 2 332, Түрікменстаннан – 870, Өзбекстаннан – 5 319, Ресейден 6 001 адам «америкалық арманына» қол жеткізген. Қазақстан үшін биылғы меже рекордтық көрсеткіш болып тұр. Себебі 2019 жылы 1 584 адам грин-картаға қол жеткізген болатын. Биыл 68 мыңға таяу Қазақстан азаматы грин-картаны алу үшін бағын сынап көрген. АҚШ жылына миллионнан астам азаматқа грин-картасын үлестіреді. Бұл дегеніңіз – Америка үкіметінің бұл елде жұмыс істеп, тіпті тұрақтап қалуға мүмкіндік беретін құжаты. АҚШ-та 5 жыл тұрған азамат ел азаматтығын алуға да өтініш білдіре алады. Бір айта кетерлігі, грин-картаға қол жеткізген азаматтың отбасы өкілдеріне де бұл жасыл құжат беріледі. Өткен жылы Қазақстаннан 45 мың азамат шетелге кетсе, 12 мың адам келген. Мамандардың келушілерден кеткендер көп деп алаңдайтыны содан. Зерттеулерге сенсек, жастардың шетелге кетуіне әрқилы саяси, экономикалық, әлеуметтік себеп бар. Оның ішінде барлық сала мен деңгейдегі жемқорлық, қауіпсіздік деңгейінің төмендігі (қылмыстың көптігі, биліктің әрекетсіздігі, құқық қорғау органдарының әділетсіздігі), өзі мен балаларының болашағына сеніммен қарай алмауы, бюрократия, шенеуніктердің заңсыздығы, сөз бостандығы мен адам құқықтарының сақталмауы өзекті боп тұр.